“Бастау Бизнестің” берекесі

Биыл осы бағыттағы жағымды жаңалықтар көшін жобаның электронды форматқа ауысуы бастап отыр. Бұдан былай болашақ кәсіпкерлер сала негізін Skills.enbek.kz платформасында онлайн меңгереді. Мұнда олар бизнес жүргізу үшін базалық білім мен дағдыларды ала алады. «Бастау Бизнес» жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы азаматтардың бизнес-бастамаларын қолдаудың мемлекеттік шаралар кешені шеңберінде іске асырылады. Бұл жайында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Әділхан Әбілов айтып берді.
– Оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталында тіркелу, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы Skills.enbek.kz платформаға өтіп, оқуға кірісе алады. Мұны да айта кетейік, жұмыссыздар, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа жетпей жұмыстан қысқартылатын қызметкерлер, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курсының қатысушылары бола алады. Сонымен қатар отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, сату үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар мен табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері білімін жетілдірсе құба-құп, – дейді орталық директоры.
Бизнестен таласы бар талапкерлер 14 күннің ішінде бірнеше сабақтардан тұратын 12 модульден өтуі керек. Әрбір модуль аяқталған соң аралық тестілеу өткізіледі. Келесі оқу модуліне өту үшін қатысушы тестілеуді тапсыру кезінде дұрыс жауаптардың кемінде 70 процентін жинауы тиіс. Аралық тестілеуден өту әрекеттерінің саны шектелмейді. Дұрыс жауаптардың өту ұпайын төмен жинаған қатысушыға қорытынды тестілеуден 2 рет қайта өту мүмкіндігі беріледі.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушы бірегей нөмірі бар электрондық сертификат алады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаттың қолданылу мерзімі 3 жылды құрайды. Мұнымен ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант жеңіп алуға болады.
– Бүгінге дейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалымен бірлесе қазалылықтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытып келеміз. Істерге жұмыс таппай жүргендердің көпшілігі оқу курсынан өтіп, бір кәсіптен меңгеріп алды. Арнайы келіп, ризашылық білдірген жандар да аз емес. Ең бастысы биікке жетуге деген ұмтылыс болса, жақсы көрсеткішке жету қиын емес деп ойлаймын.
«Бастау Бизнестен» бөлек осы бағытта көптеген жоба барын жұрт біле бермейді. Аудандық жұмыспен қамту орталығына келсе, мамандар жан-жақты кеңес беріп, жобалар жайында толыққанды түсіндіреді, – дейді Ә.Базарбайұлы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ