Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағаға тоқтам бола ма?

Бағаға тоқтам бола ма?

Несін жасырамыз, бүгінде екі адамның басы қосылса, ең бірінші қымбатшылық мәселесі қозғалады. Бұған базар сөрелеріндегі бағалар түрткі болды. Күнделікті тұтынатын наннан бастап, қанттың құны жаға ұстатады. Қысқасы, қымбатшылық екі бүйірден қысып тұр. Бұған тұрғындар наразы. Тапқаны тамағынан ауыспайтын жұрт «осылай барлығы көтеріле бере ме?» деп алаңдайды.
Көзбен көру үшін орталық базарды шолып шықтық. Расымен әр жердегі баға әртүрлі. Кәсіпкерлерден неге екенін сұрасаңыз «сырттан осылай келіп тұр» деумен ғана шектеледі. Оған қоса «өзіміз үстіне азын-аулық тиын қосып отырмыз. Бізге де оңай емес. Бала-шаға асырау керек» деп қоя береді. Бір жағынан кәсіпкерлерді де түсінуге болады. Бірақ екінші жағынан тауар сырттан келсе де, бағаны қаншалықты қосу-қоспау өз қолдарында тұрғанын ұмытпау керек. Сондықтан әрбір дүкендегі баға әртүрлі.

Қуаңшылық кесірі
Жуырда Finprom.kz порталы зерттеу жүргізіп, елімізде үй шаруашылығындағы шығыстар бір жылдың ішінде 17 процентке артып, ал кіріс тек 16 процентке ғана көтерілгенін анықтады. Яғни, жұрттың кірісінен гөрі шығысы ұлғайған. Қорытынды бойынша, отбасылар табысының 50 процентін азық-түлікке, оның ішінде 46 процентін тамақ сатып алуға жұмсайтыны белгілі болыпты. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсе беруі мүмкін екені көпшілікті алаңдатып отыр.
Шынында, азық-түліктің қымбатшылығы жауаптылар ауыздықтай алмай жатқан ең басты мәселеге айналды. Наурызда Ұлттық статистика бюросы соңғы бір жылдықтағы баға өсімінің динамикасын жариялады. Салыстырғанда жалпы азық-түліктің құны 15,4 процент қымбаттағаны көрінеді. Қант – 51,5, көкөністер – 44, картоп – 37,8, құс еті – 25,5, күнбағыс майы – 23,8, макарон – 17,7, қой еті – 16,7, жылқы еті – 15,1, ұнның құны 15 процент өскен. Бір сөзбен айтқанда, жұмыртқадан басқаның бәрі қымбаттаған. Тұрмыстық техника мен автокөліктерді, құрылыс материалдарын, дәрі-дәрмекті айтпаса да білеміз. Ақылы қызмет, дәрігерге қаралу, қоғамдық тамақтану, қонақүй, әрісі пәтер жалдау – түгел қымбатшылықтың құрығына түсті. Тіпті, көктемде кей өңірлерде азық-түлік бағасы лезде 36 процент қымбаттады. Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бағаның жаппай қымбаттауына «әлемдегі инфляция әсер етіп отырғанынан» басқа түк демеді. Ведомство басшысы соңғы кездері баға мәселесіне келгенде тура айтпаса да, өзінің шарасыз екенін сөзі арқылы жиі аңғартып жүр.
Экономикада халық табысының 50 проценттен астамы азық-түлікке кететін болса, елде кедейліктің жайлағаны саналады. Тағы бір дәйек – саладағы мамандардың көбі шығын 50 процент емес, 60 проценттік межеде жүргенін алға тартады. Мәселен, соның бірі – экономист Мақсат Халық. Наурыздан бастап-ақ инфляцияның рекордтық дәрежеде өскенін айтқан ол Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын мөлшерін 59 процент межесінде көрсетеді.
– Азық-түлік бағасының айтарлықтай қымбаттауына Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдай әсер етті. Теңге құнсызданды, бағаның қымбаттауына өткен жылы бірнеше облыста болған қуаңшылық та септесті. Кейбір өңірлерде мал қырылып, дәнді-дақылдар дұрыс шыққан жоқ. Жоспардан 20 процентке кем астық жиналды. Артынша жемшөп қымбаттады. Жұмыртқа, құс еті де қымбаттады. Ресей көптеген тауарын сыртқа шығармайтын болғанын білеміз. Кесірінен қант пен бидайдың да айтарлықтай қымбаттағанын көрдік, – дейді маман.

Көрші елдегі ахуал кедергі келтіре ме?
Ресей мен Украина әлемдік астық өндіру көлемінің шамамен 30 процентін қамтамасыз етіп келген. Екі елдің шектелуінен зиян шегеріміз анық. Жұрттың мұндай келеңсіз жағдайда төзімді болуы тікелей табысқа байланысты. Бірақ табыстың өзі жарымай тұрғанда төзім жайлы айту – жөнсіз.
– Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын – 59 процент. Негізі, бұл көрсеткіш 50-ден асса, халық кедейлік шегінде болғаны. Батыс елдерінде азық-түлікке жұмсалатын қаражат бюджет шығындарының ары кеткенде 10-12 процентін құрайды. Алдыңғы қатарлы елдерде бұл көрсеткіш – 8 процент. Осыдан кейін Қазақстанда табыстың қандай төмен екенін көруге болады, – дейді М.Халық.
Басты мәселенің бірі – орташа айлықтың өспей тұрғаны. Ал деректер шынайы емес. Осы кезге дейін айтқанымыздай, ресми статистика бойынша, бір адам айына 1 миллион теңге тапса, екінші адам 100 мың теңге тапса, соны қосады да, екіге бөліп, орта табыс 550 мың теңге деп шығара салады. Ал мамандар елдегі орташа айлық теңгемен есептегенде өсіп келе жатқан сияқты көрінгенімен, долларға шаққанда оның еш артпағанын айтады. Керісінше, азаматтардың төлем қабілеті төмендей берген. 2013 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13 мың 600 доллар болса, биыл 10 мың долларға жетпейді. Демек, азық-түлікке кететін шығынның өскені – кедейлердің көбейгені. Онда халықтың әл-ауқатында теріс кету болып жатқаны анық.
Жасыратын не қалды?
Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр республика бойынша табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың саны 1 миллион шамасында деп көрсетілген. Нақтырақ айтқанда, 998 мың жан кедейлер санатында. Бірақ сарапшылар кедейлердің 1,5 миллионнан әлдеқашан асып кеткенін айтып жүргеніне 2 жыл болды. Яғни, ресми дерекке сенім аз. Жауаптылардың арасында жағдайдың шын көрінісін жасырғысы келетіндер бар. Сөзіміз жалған емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде осының басын ашып жеткізгені есте.
– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент.
Негізі, халықтың әлеуметтік жағдайының төмен болуы екі индикатормен өлшенеді. Біріншісі, ең төменгі күнкөріс шегі. Екіншісі, кедейлік шегі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 процентін құрайды. Әлеуметтік көмек алғың келсе, сіңірі шыққан тақыр кедей болуың керек. Ал Еуроодақ аумағында кедейлік ең төменгі күнкөріс шегінің емес, орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленген. Соған қарамастан Қазақстанда ондаған жыл бойы кедейлік шегі көтерілмей келеді. Қазір біздегі төменгі күнкөріс мөлшерлемесі Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты дамуы тежелген елдердің қатарында тұр.
Үкімет мүшелері қымбатшылық жайлы сөз болғанда сыртқы факторларды кінәлайды. Мұны жартылай шындық ретінде ғана қабылдауға болады. Рас, сыртқы фактордың әсері бар, импортқа тәуелдіміз, алайда жауаптылар осы уақытқа дейін ішкі өнеркәсіптің жандануына септесе алмағаны үшін жауапкершілік алуы тиіс еді. Мұнымен халықтың азық-түлікке кететін шығын мөлшері алдағы уақытта да азая қоймайды деген болжамға тоқталу қиын емес.

А.БАҚЫТҰЛЫ

09 шілде 2022 ж. 626 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031