Қант неге қат?
Ресейге салынған санкциялардың «салқыны» Қазақстанның дүкен сөрелерінен сезіле бастады. Солтүстіктегі көршіміздің бірқатар тауармен бірге қанттың да экспортына тыйым салуы сол екен, дүкендерде қант іздегендердің қарасы көбейді. Дүрмекке ергендерге тоқтам салу мақсатында салалық ведомство өкілдерінің жасаған мәлімдемесі де отқа май құя түскендей болды. «Қанттың 3 айлық қоры бар» дегенді естіген халық 3 айдан соң қант түгесіледі деп түсінді де, мәселе одан әрі ушықты. Артынша барлығы бір қалыпқа келгендей көрінген. Алайда қанттың бүгінгі бағасы мәселеге бейжай қаратпай тұр.
Тереңіне бойласақ, әп сәтте жалған ақпар тарады, ел дүрлігіп қоя берді. Біреулер «Қантсыз күніміз қалай болады екен?» деп уайымға салынса, екіншісі қап-қаптап қоймаға тықты. Тұтынушы сатушы айтқан бағаға мән бермей, келісе кетті. Ақырында көп ұзамай дүрмекке еріп, қантсыз қалмауға қам жасауға негіз жоқ екеніне көз жетті.
Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ қант тапшылығы туралы алыпқашпа әңгіме сұраныстың артып, базарларда алыпсатарлық фактілерінің туындауына негіз болғанын айтады. Сонымен бірге республикада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың қоры жеткілікті екенін мәлімдеді. Әрі бұл қор жүйелі толықтырылып отырады екен. Дегенмен бұл мәлімдеме де қап арқалап, қант іздеп, дүкендерді кезіп кеткендерге тоқтам бола алмады.
– Жедел дерек бойынша республикадағы әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының қоры 1,5 миллион тоннаны құрайды. Оның ішінде 47,6 мың тонна қант та бар. Бүгінде елде қант тапшылығы жоқ екенін хабарлаймыз. Сауда желілері мен тұрақтандыру қорларында бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының қоры кемі үш айға жеткілікті. Қант өндірісі жалғасып жатыр, тоқтамайды. Қор толтырылып отырады. Яғни «үш айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады» деген ақпарат та шындыққа жанаспайды, – деді Әлішер Өмірзақ.
Жасыратыны жоқ, қантқа сұраныстың күрт артуынан кейбір кәсіпкерлер қомақты табыс табуды мақсат етіп жатты. Кей өңірлерде 1 келі қанттың бағасы 700-800 теңгеге жеткені хабарланды. Бұл осыдан 3 ай бұрын болған жайт еді. Сол тұста «Astana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы да қант тапшылығының, бағасы қымбаттауының алдын алу бағытында нәтижелі келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Кәсіпкерлермен келіссөздердің нәтижесінде қанттың бір келісі мамыр айына дейін 319 теңгеден сатылатынын айтты. Дегенмен бүгінгі күні расымен қанттың құны ауданда 800 теңгеге жетті. Бұл не масқара? Тәттінің бұлай шарықтауына не себеп?
Жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қант өндірісіндегі ең басты мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, жыл сайын тұтыну үшін шамамен 532 мың тонна қант керек екен.
«Қант өндіру үшін керек шикізаттың 7 проценті ғана өзімізде бар. Оған себеп, қант қызылшасын суаратын ең бірінші су тапшы, оны жинайтын қол еңбегіне қара жұмысшы жетіспейді. Қант зауыттары ескірген. Су проблемасы шешілсе, егіс алқаптарын 14,5 мың гектардан 38 мың гектарға дейін кеңейтеді. Ол үшін 5-6 жыл ішінде субсидия мен жеңілдетілген кредиттер беру арқылы мемлекеттік қолдау қажет», – дейді Ербол Қарашөкеев.
Қателеспесем өткен жылы жазғы мезгілде қанттың құны аудан дүкендерінде 280 теңгеден сатылған. Ақырындап жыл соңына дейін 350 теңгеге жақындады. Қазір базардағы төменгі бағамен сататын кәсіпкерлердің өзі келісін 710 теңгеге бағалап отыр. Бұған шағымданған тұрғындар: «Ендігі қант пайдаланбайтын күнге де жеттік. Мұндай баға көңілге қонымсыз. Бара-бара 1000 теңгеге көтерілседе таңқалмаймыз» деп отыр. Реніш орынды. Аудандағы бағаны бағылаушы топ мәселені осы бастан бір жолға қойып, бақылауға алмаса, кім білсін, бәлкім кәсіпкерлер барлығын өздері қолдан жасап отырған болар?!
«Қант қат тауарға айналады» дегеннен ресми статистика отандық өндірушілер елдегі қантқа сұраныстың тек 40 процентін ғана өтейтінін көрсетті. Демек дастарқанымыздағы тәттінің қалған бөлігі шеттен келеді.
Атап айтқанда, тауардың бұл түрі бізге Ресей, Бразилия, Беларусь, Мексика сияқты елдерден импортталады. Осы елдердің ішінде ресейлік өндірушілердің үлесі жоғары. Өткен жылдың өзінде көрші мемлекеттен Қазақстанға 275,8 мың тонна тәтті жеткізілген.
Қант бағасын тежеудің бір ғана жолы – сырттан келетін қант импортын азайтып, отандық қант өндірісінің жолын ашу. Бұл қант қызылшасы өндірісін дамыту деген сөз. Тәттінің көп бөлігі өзімізде өндірілсе, ішкі нарықтың кем дегенде 60 процентін өтесе, қант қалтаға салмақ салмас еді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК