Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше сәнін кетірген

Көше сәнін кетірген

Биыл қазақтың бұлбұлы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың дүниеге келгеніне 100 жыл. Соған сәйкес ауқымды шаралар қолға алынып, байқаулар өтіп, жер-жерден ескерткіш бой көтеруде. Әрине, мұның барлығы қуанарлық жағдай. Алайда біздің айтпағымыз, ауданның орталығындағы жерлесіміздің атына берілген көшенің көңіл қуантпай тұрғаны.
Бұл көшенің жолын көлік тізгіндеген жұрт жақсы біледі. Көпшілік «теміржол ауруханасына апаратын өткелге» дейінгі жолдың сапасы жылдан жылға сын көтермей бара жатқанын айтады. Оған қоса олар бұл бағытта қоғамдық көлік тосатын аялдаманың аз екеніне қынжылады.
Өткен жылы «Панасы жоқ аялдама, көңілдерге қаяу ғана» деп кент ішіндегі аялдамалар жайын қозғанбыз. Әйтеке би кенті әкімі Қайрақбай Орынбасаровпен осы мәселе төңірегінде пікір алмасқанымызда: «Кенттегі аялдамалардың көпшілігі осыдан 7 жыл бұрын тұрғызылған. Оның үстіне биыл қайтадан жөндеуден өтті. Сәтін салса алдағы жылы бюджеттен қаржы бөлініп, көлеңкелі әрі ықпаналы болып қайта салынатын болады» деген еді. Дегенмен айтылған сөзден қашан нәтиже шығатынын білмей отырмыз.
Ашығын айтайық, кент ішіндегі бірсыпыра аялдамалар 2014 жылы тұрғызылған. Былтыр қайта жөндеуден өтті. Олай болғанын қайтейін, қазақ ғұламаларының суреті жапсырылып тұр демесеңіз, аялдама сиқы жоқ. Көрген жанның жылағысы келеді. Құдды бір көше бойына жай ғана қойылған жарнама тақтайшасы секілді. Айналасындағы қажетсіз жапсырылған қағаздардан көз сүрінеді. Тіпті, ол маңайда көлікке қол көтеріп тұрған жанды көрмейсіз. Неге десеңіз, күннің аптап ыстығында көлеңкелеуге келмейді. Иә, қақаған қыста ықпана болып жарытпайды. Өкініштісі сол, мұндай аянышты аялдамалар Халық қаһарманы Р.Бағланованың атына берілген көшенің бойынан да кездеседі.
– Жағдайымыз жаман деп айта алмаймын. Барлығы жылдан жылға шешім тауып келеді. Көшелерге асфальт төселіп, бұрынғыдай көлік өтсе шаңы аспанға көтерілетін уақыттан арылдық. Бірақ соның бойында тұрған бір аялдама жоқ. Қоғамдық көлік күтуге шықсаң болғаны көлеңке іздеп әбігерге түсесің. Күннің салқынында жағдай мүлдем бөлек. Осы түйткілдің түйіні тарқатылса жақсы болар еді, – деген назын жеткізді көше тұрғыны Гүлдана Алмағамбетова.
Жуырда орталық Әйтеке би мен Р.Бағланова көшесінің қиылысында мына жайттың куәсі болдым. Түрі суреттегідей. Көше есімі жазылған таблодағы мақтанышымыздың тегі екіге бөлінгенін көрген кез келген аудан жұртының жүрегі сыздап сала береді. Себебі, мұны мен ғана емес, аудан халқының көпшілігі көрген болуы керек. Тіпті жауаптылардың да бұны байқамай өтуі мүмкін емес. Бұл жағдайдың орын алғанына біршама уақыт болды. Одан кейін бірнеше мәрте аңғарып, қайта қалпына келтіру жұмысы жүрмегеніне қынжылдық. Ақырында, қолға қалам алып, қағаз бетіне түсіруді құп деп таптық.
«Қазақтың бұлбұлы Роза Бағланова Қазалы топрағында туып өскен» деп көкірегімізді көкке кергенде қандаймыз, ә?! Бірақ жерлесімізді сыйлауды ең әуелі өзімізден бастауды ұмытып кетеміз. Сондықтан жауаптылар мәселенің шешімін табады деп сенейік.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

11 маусым 2022 ж. 573 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031