Панасы жоқ аялдама, көңілдерге қаяу ғана

Кент ішіндегі бірсыпыра аялдамалар 2014 жылы салынған. Биыл олар қайта жөндеуден өтті. Олай болғанын қайтейін, қазақ ғұламаларының суреті жапсырылып тұр демесеңіз, аялдама сыйқы жоқ. Көрген жанның жылағысы келеді. Құдды бір көше бойына жай ғана қойылған жарнама тақтайшасы секілді. Айналасындағы қажетсіз жапсырылған қағаздардан көз сүрінеді. Тіпті, ол маңайда көлікке қол көтеріп тұрған жанды көрмейсіз. Неге десеңіз, күннің аптап ыстығында көлеңкелеуге келмейді. Иә, қақаған қыста ықпана болып жарытпайды. Қынжылтатыны сол, бұған елең етер ел ағасы да табылмауда.
Мұндай аянышты аялдамалар ауданның Р.Бағланова, Жанқожа батыр секілді бірнеше көшесінде орналасқан. Ол аз десеңіз, қайбір жылдары қаңылтырдан қапталған аялдамалардың бірнешеуі С.Мұқанов көшесінің бойында аспанға қарап, төңкеріліп, әр жерден тесіліп, ендігі қажетсіз күй кешуде.
Осы күрмеулі түйткілге қатысты Әйтеке би кенті әкімі Қайрақбай Орынбасаровтан сұрап едік, көше бойына асфальт төсеген мердігер мекеме қайта орнына келтіретінін айтып отыр.
Ал біз айтқан ықпанасыз аялдамаларды кент әкімі жоқтан бар жасап уақытша жөндеп беріп жатыр екен.

Байыбына барсақ, оған биыл қаражат құйып жөндеуден өткізіп, келер жылы қайта жаңасын салу кімге қажет? Бір жылдық бөлінген қаражаттан-ақ барлығын жаңартуға болады емес пе?!
Айта кетерлігі, құрметті ауданның атқа мінер азаматтары! Ауданда 5-ші квартал аталатын аймақ бар. Ол жақта да тұрғындар тіршілік етеді. Орталық көшелерге қажет, аялдамалар өткелдің арғы бетіндегі ағайынға да керек.
– Жағдайымыз жаман деп айта алмаймын. Барлығы жылдан жылға шешім тауып келеді. Көшелерге асфальт төселіп, бұрынғыдай көлік өтсе шаңы аспанға көтерілетін уақыттан арылып келеміз. Бірақ соның бойында тұрған бір аялдама жоқ. Қоғамдық көлік күтуге шықсаң болғаны көлеңке іздеп әбігерге түсесің. Күннің салқынында жағдай мүлдем бөлек, – дейді 5-ші квартал тұрғыны Гүлсім Малкаждарова.
Шыны керек, аудан тұрғындары аялдама тұрғызылуына көңіл бөлініп, мәселенің оң шешімін тапқанын қалайды. Әйтпесе, жаздың аптап ыстығында, қыстың қатты аязында, күздің суық желінде жол бойындағы үлкен-кіші жолаушыға қиын-ақ.
Абзал ЖОЛТЕРЕК