Үздіктер үзеңгі қағыстырды
Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – елдің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі.
2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай Қазалы ауданының кітапханасында орналасқан соң «Coworking» орталығында мектеп оқушылары арасында аудандық байқау өтті.
Байқау балғындарды оқуға баулу мақсатында белгілі британдық жазушы Ж.К.Роулиннің шығармашылығынан «Үздік Поттер» атты жарыста кітапқұмарлар бақ сынады. Онда 12 мектептен 25 оқушы қатысты.
Сайыста әділқазылық етуге №226 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәнінің қос мұғалімі Мирамкүл Жөлекешова мен Ахметова Алия, №70 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақерке Абдраманова, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Қарлығаш Рахманбергенова және Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының, облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Лаура Алибекова сынды білікті мамандар болды.
Үш кезеңнен тұратын кітапқұмарлар жарысының алғашқы кезеңі жазушының шығармаларынан үзінді айту, ал екінші кезеңінде шығарма желісі бойынша сурет салып әкелу болды. Үшінші кезеңге келер болсақ, оқушылар қазылар тарапынан қойылатын «Гарри Поттер» шығармасының кез келген бөлімінен викториналық сұрақтарға жауап беру еді.
Қазылар алқасы қатысушы оқушыларды қос топқа бөлді. Бірі 5-7 сынып аралығы болса, екінші 8-9 сынып аралығында ұйымдастырылды. Бәсекеде балалар өздерін қай қырынан болса да жоғары дәрежеде көрсете білді. Әрі кітапқа деген сүйіспеншілігін танытты. Дәл осы қарқында байқау да мәресіне жетіп, Лаура Алибекова жас оқырмандардың кітапсүйгіштігіне тәнті болғанын және қатысушылардың ерекшеліктерін атап өтті.
Әділқазылар шешімі бойынша жалпы қатысушылар арасынан суырылып шығып, өзінің ерекше суреті мен нағыз «Үздік Поттер» Ақжан Мұса бас жүлдені жеңіп алды. Онан соң 5-7 сыныптар арасында Таңшолпан Ғалымжанқызы бірінші орынды иемденсе, Аяжан Жеңісбекқызы мен Айдын Сайлау екінші және үшінші орындарды қанжығалады. Ал 8-9 сынып оқушылары тобында айқын басымдықпен Айнұрай Асылбек бірінші және Диана Елдесбай мен Жанэль Қуаныш екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Қалған қатысушыларға түрлі номинация мен алғыс хаттар табысталды.
Серік АҚМЫРЗА