Дерт дендеп кетпесін десек...
Бүгінгі бала асық ойнамайды. Ата-әженің ертегісін тыңдап, түрлі суретті ойын да құрастырмайды. Оған қоса қыстың үш айында ақ ұлпа қардан аққала соғып, шанамен сырғанайтын бүлдіршінді көру екіталай. Қалалық жер былай тұрсын, ауылдың қара домалағының өзі кеш батқанша далада жүріп, доп тебуден қаламайды. Басты себеп – бүгінгі технология. Яғни, ғалам торабы мен ұялы телефон. Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ ақиқат – осы.
XXI ғасыр өзімен бірге түрлі жаңашылдық ала келді. Қазір еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін таңнан кешке дейін уақыт аралығында заманауи гаджеттерге телміреді. Бірі – жаңалық оқиды, екіншісі – әлеуметтік желінің шырмауында. Бүгінде әр секунд сайын телефонға үңілу, таңды желіні ақтарумен қарсы алу әдетке айналды. Бір жағынан, бұның зияны жоқтай көрінеді. Керісінше, пайдасы басым сияқты. Иә, жаңа технология қатер төндіретін дүние емес. Бірақ оны қандай уақытта қолдану керек? Мәселе – сонда…
Ғаламтор – бүкіләлемдік ақпараттық коммуникативті байланыс құралы. Ол алыс пен жақынды тез арада байланыстырып, керек жаңалықтың көзі бола алады. Ғаламтор арқылы білім көкжиегін кеңейтіп, түрлі пайдалы ақпаратқа бір деммен қол жеткізуге болады. Қарап отырсаңыз, зияны жоқ таптырмайтын дүние. Десе де, оны уақытымен, орнымен пайдаланғанда ғана зияны жоқ. Бірақ қазір оны уақытымен, керегінде ғана қолданатын адам некен-саяқ. Әдет пе, әлде ермек пе, әйтеуір, әр секунд сайын ұялы телефонға шұқшиғандарды жиі көретін болдық. Осы шырмаудың қақпанына түскеннің көбі іс-әрекетін ерсі көрмейді. Тіпті, бұл – нәпәқа табудың көзі дейтіндер баршылық. Дегенмен ғаламторға тәуелділікке ғалымдар мен мамандар наразылық танытуда. Мәселен, британдық парламент өкілдерінің бір тобы ғаламторға, оның ішінде әлеуметтік желіге тәуелділікті аурудың қатарына жатқызу керегін атап өткен. Арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, әлеуметтік желінің әсері депрессия, алаңдаушылық, сенімсіздік және ұйқының нашарлауын туындатқаны анықталған.
Айта кетерлігі, бұл тәуелділік ХХІ ғасырдың басынан-ақ көптеген елде кең көлемде зерттеле бастады. Ал медицина мамандарының арасында бұл тәуелділіктің психологиялық ауру қатарында болу-болмауы бойынша ортақ мәміле жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, «ғаламторға тәуелділік» жүйкелік ауытқу деп есептелмейді. Мәселен, АҚШ пен Орталық Азия елдерінде ғаламторға тәуелділік ресми психикалық бұзылулардың тізімінде және қайта қарауды қажет ететін аурулардың халықаралық жүйесінде жоқ. Дегенмен аталған тәуелділік көптеген елде ауру болып есептеледі. Олардың қатарында – Австралия, Италия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань және Үндістан елдері бар.
Ал Veracios статистикалық компаниясының дерегіне сүйенетін болсақ, 2025 жылға дейін ғаламторға тәуелділіктен бірнеше миллиард адам зардап шегетін көрінеді. Бұл тұжырымға желідегі қолданушылар санының жыл сайын күрт артуы және ғаламторды пайдалану уақытының шектен тыс өсуі әсер еткен.
Әр нәрсенің ақ пен қарасы болады. Ғаламтордың жақсы жағы айтпаса да белгілі, ал оның зияны көбін алаңдата бермейді. Мысалы, оны шектен тыс мағынасыз қолдану күйзеліске, көз жанарының әлсіреуіне, тәуелділікке алып келеді. Бұл пікірімізді америкалық психолог Айвен Голдбергтің зерттеулері одан ары айшықтай түседі. Айвен – «ғаламторға тәуелділік» терминін алғаш ғылым айналымына енгізген ғалым. Оның пайымдауынша, ғаламторды пайдалану адамды күйзеліске түсіреді, сондай-ақ ол адамның физикалық күйіне, жүйке жүйесіне, өміріне, әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді екен. Оны болдырмау үшін белгілі бір уақыт кестесін, тынығу және көзді демалту шараларын жүргізу керек. Тәуелділіктен арылудың ең оңтайлы тәсілі – басқа нәрсеге алаңдау. Салауатты өмір салтын ұстанып, табиғат аясында көп серуендеу. Бос уақытта шығармашылықпен айналысып, тәуелділіктен арылуға болады екен. Иә, қазір ғаламторсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Десе де, оны пайдаланған соң көзге арналған жаттығуды қолға алған жөн. Бос уақытта смартфонға телмірмей, өзіңізге жақын дүниемен айналысыңыз. Ол мидың да тынығуына септігін тигізеді.
Бір өкініштісі, бүгінгі кішкентай баланың өзі – осы бір ғаламтордың шырмауында. Олар – «YouTube»-тағы «Мальчик-пальчик», «Свинка Пеппа» және тағы басқаларын тамашалайды. Оларда тәрбиелік мән немесе көз қызықтыратын анимация жоқ. Дейтұрғанмен бәрі көреді. Бұған ата-ана: «Бермесең жылайды, ашуланады» деп қысқаша жауап қайырады.
«Менің екі балам бар. Біреуі – бесте, екіншісі екіден асты. Жұмыс уақытында, шынымен де, телефонды қолдарына өз еркіммен беремін. Себебі, қызметтің есеп-қисабы бар, одан қалса үйдің тіршілігі бар. Осының бәріне үлгеруім керек. Бастапқыда балаларым телефонды көп қолданатын, оған мән бере бермейтінмін. Кейін көздері қызарып, бастары ауыра бастады. Тіпті бойларынан агрессияны, себепсіз ашушаңдықты байқадым. Содан уақыт шектеуін қойдым. Қазір қызым телефонды мүлдем пайдаланбайды. Далада ойнағанды ұнатады. Ал ұлым телефоннан әлі бастартпады. Десе де, бүгінгі лимитің бітті дегенде өшіреді», – дейді жас ана Айгүл Сегізбаева.
Жас ананың дер кезінде қамданып, баланың денсаулығына мән бергені дұрыс-ақ. Себебі, бүгінгі жеткеншік – ертеңгі ел үміті. Оның шектен тыс ашушаң болуы немесе жастайынан тәуелді болуының арты жақсылыққа әкеле қоймасы анық. Осыны ескеріп, ғаламдық желіні тек уақытымен пайдалануды қолға алсақ құба-құп.
А.БАҚЫТҰЛЫ