«Magnum» тәулік бойы қызмет етеді
Сенбі күні Қызылорда қаласында жаңадан салынып жатқан «Aray City Mall» ойын-сауық орталығында «Magnum Cash & Carry» бөлшек-сауда желісінің филиалы ашылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сауда орталығында болып, қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
– Мемлекет басшысы біздің алдымызға орта және шағын бизнесті жан-жақты қолдауды басты міндеттердің бірі ретінде қойып отыр. Сол себепті, биылдан бастап үш жыл, яғни 2018-2021 жылдар аймағымызда «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланды. Осы ретте халыққа барынша қолайлы жағдай жасалған заманауи ірі кәсіпкерлік нысанның ашылуы – уақыт талабына сай іске асуы тиіс жоба,– деді облыс әкімі.
«Magnum» «Aray City Mall» жобасының бірінші кезеңі. Ал «Aray City Mall» ойын-сауық орталығы алдағы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында толық іске қосылады. Орталық 30 мың шаршы метрді құрайды.
Қазірдің өзінде сауда орнында 322 адам жұмыс істейді. 18 мың түрлі тауар бар. «Magnum» сауда желісінің ең үлкені Алматы қаласында, көлемі 11 мың шаршы метр болса, одан кейінгісі (8 мың шаршы метр) Қызылордадағы филиалы. Тұтынушыларға 27 касса қызмет көрсетеді. Оның төртеуі экспресс және 1-і мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Айта кетерлігі, мұнда жеке наубайханадан 50 түрлі өнім шығарылады. Сегіз жыл қатарынан сауда көшбасшысына айналған «Magnum»-ның Астана, Алматы, Петропавл, Қарағанды, Шымкент, Талдықорған қалаларында филиалы бар.
Қала тұрғыны Айман Мұсаева сауда орнына отбасымен келіпті. Ол мұнда тауарға үлкен таңдау барын айтады. Бағалары да көңілге қонымды. Басты ерекшелігі - 24 сағат бойы жұмыс жасайды. Сонымен қатар түрлі жеңілдіктер қарастырылған.
«Жібек жолы» даңғылы бойындағы орналасқан «Aray City Mall» сауда ойын-сауық орталығында «Magnum» сауда желісімен қатар түрлі брендтер мен балаларға арналған «Фанкитаун», түрлі атракциондар, симуляторлар және ойын аппараттарымен жабдықталған балалар алаңы, «Киноплекс» желісінің 7 залдық кинотеатры, фудкорт, мейрамханалар қызмет ұсынатын болады.