Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңаруға бастаған жаңа қадам

Жаңаруға бастаған жаңа қадам

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған кезекті Жолдауына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» деген ат беріп, көпшілікке жариялады. Онда еліміз үшін өзекті мәселелерге тоқталып, келешектің кемелденуіне, болашақтың жарқын болуына бағытталған батыл қадамдарды қадап айтты. Қазалылықтар да Мемлекет басшысының бағдары мен айқын мақсатын тыңдап, ой-пікірлерін ортаға салды.
Жаппарберген ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қазалы ауданының құрметті азаматы:
Істің ілкімділігін білмейтіндер орынды босатады
Үндеуде пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады деп көрсетілді. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 проценті пропорционалдық, 30 проценті мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сондай-ақ аралас сайлау облыстар мен республикалық маңыздағы қалалар мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Аудандар мен қалалардағы сайлауларды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын деді. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады.
Елдегі еркіндік пен ашықтықтың көрінетін тұсы – сайлау үдерісінің сипатынан байқалады. Әр мемлекет үшін сайлау қағидаттары аса маңызды. Өйткені, онда елдің ертеңі мен болашағы жатыр. Осы орайда Президент елімізде электронды сайлау технологияларын енгізудің келешегі туралы айтты. «Cайлау үдерісін жаңғырту. Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі. Яғни, әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор», – деген Мемлекет басшысы соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге коронавирус індеті де әсер етіп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ мемлекет басшысы сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаратынын да ашық айтты. Расында да құрғақ сөзден халық шаршайтын кездер болады. Осындайда істің ілкімін білмейтіндер ысырылып, елді ілгері жылжытуға ынталы жандардың жұмыс істегені маңызды.
Әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Десе де сайлау науқаны кезінде үгіт-насихат жұмыстары желі арқылы жүргізіледі. Осы олқылықты болдырмау үшін Президент тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынды. Сондай-ақ байқаушылардың қызметін заңмен реттеуді, олардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санайтындығын айтты. Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары да маңызды рөл атқаратындығы белгілі. Президент «аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн» деп көрсетті. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтар кез келген учаскеде дауыс бере алатындай болуы керек. Алдағы уақытта да Президент тапсырған тапсырмалар тиянақты орындалып, әділдік пен ашықтықтың алғы орынға шығарына күш салатын боламыз.

Талайлы БӨРІҚҰЛАҚОВ,
Қазалы ауданының құрметті азаматы:
Халық пен депутат арасындағы байланыс таразыланды
Жолдауда көптің көкейіндегі сан сауалдың жауабы нақты айтылды. Ел арасындағы «Президент Елбасының айтуынсыз, өз бетінше шешім қабылдай алмайды» деген алып-қашпа, қаңқу әңгімелерге нүкте қойылды деп ойлаймын. Өйткені, Президент өзінің өткір шешімдері мен пайымды пікірін ашық айтты. Оның әр сөзінен елдегі ахуалды бақылап, ұсыныс-пікірлерді еститіні, құлақ асатыны және жұртының келешегі үшін күресетіндігі айқын көрініс тұрды. Партия басшылығына аудан, облыс әкімдерінің сайланбайтындығын айтып, демократияға, ашықтыққа жол берді. Келешекте көппартиялық қоғам жанданып, бәскелестік артатынына сенім мол.
Енді аудандық, қалалық мәслихат депутаттығына халық арасынан кез келген адам өзін-өзі ұсынуға 100 процент құқылы. Бұл үлкен жетістік, жаңарудың жарқын үлгісі. Бұдан былай халық пен депутат арасындағы байланыс таразыланады. Сайлауға дейінгі бағдарламасы қаншалықты орындалды, елмен етене араласа алды ма, тұрғындардың тілегі аяқсыз қалмады ма бәрі ескеріледі. Халық қалаулысы ретінде қолдау білдіріп, мәселесін шеше алмаса, елдің мұңына құлақ түрмесе, орынды босатуға тура келеді. Өйткені депутат, халықтың ықыласымен сайланған адам. Демек халықтың қажеттілігін, сұранысын қанағаттандыруға қауқарлы болуға міндетті.
Сонымен қатар Семей аймағында Абай, Жезқазған қаласы аумағында Ұлытау, Талдықорған маңында Жетісу облыстарының құрылатындығы ұлтымыздың кемелденіп, рухани құндылықтарымыздың өз деңгейінде ұлықталатындығының бастамасы деп білемін. Естір құлаққа есті сөздер айтылды. Ендігі мәселе әрбір тапсырманың тыңғылықты орындалуында.

Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері:
Қолдау барда кәсіп иесі қарап қалмайды
Халықтың тұрмыс-тіршілігіне теріс әсер ететін факторлардың бірі – азық-түлік бағасының өсуі. Бүгінде күнделікті тұтынатын өнім бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Осы орайда әр өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының күрт көтерілуін болдырмайтын шараларды қолға алу қажет деп ойлаймын.
Базар бағасы бақылаусыз кетуі көпшілікті күйіндірмей қоймайды. Жалақының аздығы, күнделікті тұтынатын азық-түліктің қымбаттауы халықтың тұрмысын түземесі анық. Осы ретте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Шаруалардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн. Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жем-шөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық. Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек», – деген сөзі кәсіпкерлерге күш берді деп білемін. Қолдау барда, кәсіп иесі қарап қалмасы анық.
Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алу үшін түрлі бағыттағы нақты іс-әрекеттердің пысықталатындығы халықтың көңілінен шықты деп есептеймін.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА


18 наурыз 2022 ж. 237 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031