Юрий Ильин: 285 елді мекенде су басу қаупі бар
Қазақстан бойынша 285 елді мекенде су басу қаупі бар. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әуелі ол 2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі жол картасы шеңберінде 41,9 млрд теңгеге 402 іс-шара іске асырылғанын еске салды. Ал 2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша су тасқыны қаупі бар елді мекендерді қорғауды көздейтін 148 іс-шара қолға алынған. Айтуы н ша, со н ың арқасында 158 елді мекеннің тасқыннан қорғалу артқан. «Жалпы, су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру 340 елді мекеннен су басу қаупін алып тастады және 385 елді мекенде қауіп барынша азайтылды. Бүгінгі күні су тасқыны қаупі бар 1 010 елді мекеннің 285-і үшін қауіп сақталуда», - деді Юрий Ильин. Оның мәліметі бойынша, елдің таулы аймақтарында мұздықтардың қарқынды еруі де тасқын қаупін жоғарылатып отыр. «Біз каналдарды тазалау, жарылу қаупі бар 17 мұздақ көлде сифондар орнату сияқты алдын алу іс-шараларын жүргіздік», - деді министр.