Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаламгердің қос қуанышы

Қаламгердің қос қуанышы

«Ақұдайлар» елі аталатын Арал мен Қазалы аудандарының тіршілігі ата заманнан біте қайнасып келеді. Осы аралықта қос ауданның дамуына, қызу тіршілігіне қатар араласқан арда азаматтар аз емес. Туған жерді түлетуден аянбай, өскен жердің гүлденуіне өз үлесін қосып келе жатқан тұлғалар қандай құрметке де лайық дерсің. Біз әңгімеге арқау еткелі отырған Әбдісаттар Оспанов та еңбекке ерте араласып, аймақтың рухани-мәдени дамуына айрықша үлес қосқан. Бүгінде сексеннен асқан ақсақалдың ел арасында абыройы асқақ.
Еңбегімен елге сыйлы, жазуымен оқырман жүрегіне жол тартқан Әбдісаттар Сәдуақасұлы жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Құрмет» ордені, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен қатар марапатталды.
Есімі көзі қарақты жұртқа кеңінен танымал қаламгердің өнегелі өмірі мен шығармашылығы жайында қалам тербемекпіз.
Жұртқа Саттар Садықұлы есімімен жақсы таныс Әбдісаттар Оспанов 1941 жылдың 10 қазанында дүниеге келген. Бұл белгілі себептермен құжатқа таңбаланған дата. Ақсақалдың өзі 1940 жылы 15 мамырда Аралдың Ұялысында туғанын жиі айтып жүреді. Дегенмен балалық шағы басқа балалардың ойын қуған күндеріндей болған жоқ. Үш жасында дертке шалдығып, сегіз жыл бойы төсек тартып жатты. Бірақ бұл зерек балақайдың оқуда озат болуына кедергі келтіре алмады.
1955 жылы Ұялы жетіжылдық мектебін үздік бітіріп шықты. Бұл кезде бала Саттар бар-жоғы 14 жаста еді. Соған қарамастан алтын ұя мектеппен қоштасқанына тура үш күн өткеннен кейін «Балықшылар» артеліндегі кіші есепші қызметіне кірісе кетті. Бұл кездері Әбдісаттар қос балдаққа сүйеніп, тіршілік ететін. Талай күрделі отаны бастан өткеріп жүрсе, қызметке адалдықтан арылмады. Көп ұзамай Қазалы ауданы, Қызылқұм совхозына аға экономист болып ауысып, кейін бас есепшінің ­орынбасары, «Қызылорда Сушар Құрылысы» тресі «Тасбөгет» автобазасында бас есепші, №42 ЖМК жоспарлау бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Айтқандай, осы мекемеде 1978 жылы облыс бойынша темірбетон салатын тұңғыш бөлімшені ұйымдастырып, Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов басқаратын совхозда бір жетіаралықты, 75 метрлік көпір мен су өткізетін тұңғыш темірбетон астауын, «акведук» салдырғанын жұрт әлі күнге ұмытқан жоқ.
Жазушы Әбдісаттар ақсақалдың шығармашылыққа, әдебиетке деген қызығушылығы мектеп кезінде, алтыншы сынып оқып жүргенде басталған. Бұл жайында өзі: «Алғашқы арманым – ақын болу еді. Ана тілден дәріс беретін ұстазым Алудан Әбілжамаұлының айтуымен, бірнеше өлеңімді «Лениншіл жасқа» жіберіп көрдім. Ағам аты-жөнімді қолмен жазып, «Талабың бар екен. Сен махаббат, табиғат туралы жаз» деген жауап алып, тауым шағылды. Сосын «ештеңе жазбайымын» деп шештім. Әйтсе де анда-санда ұнаған өлеңдерімді ешбір жанға көрсетпей, оңашада дәптеріме жазып қоя беретінмін», – деп еске алады. Әдебиетке деген махаббат оны осы жолға алып келді. Алдымен Ә.Оспанов Алматыдағы ҚазМУ-дың тарих факультетінің кешкі бөлімінде оқи жүріп, жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық қызмет көрсету мамандарын дайындайтын техникумда ұстаздық етіп жүрді. Оқуды бітірген соң ҚазКСР тарихи-мәдени ескерткіштер қорғау қоғамы орталық кеңесінің аға нұсқаушысы, оның Қызылорда облыстық Кеңесінің басшысы, «Қайнар» баспасының аға редакторы, «Қазақ энциклопедиясының» бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Бұдан кейін республикалық Кітап мұражайы мен «Маржан», «Қоғам және қылмыс» серіктестігінің директоры болды.
Ол 40 жыл жинаған қолжазбаларды араб әліпбиінен кириллицаға аударып, 1992 жылдан бастап төрт жыл ішінде Нұртуған Кенжеғұлұлының «Қанеки, тілім, сөйлеші», Ерімбет шайырдың «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты өлеңдер мен дастандар жинағын үйін кепілге қойып, қарызға алған қаржысына басып шығарған. Мұның игілігін жоғары оқу орындарындағы студенттер пайдаланып, білім көкжиегін кеңейтіп жүр. Бұл да болса ғалымның хаты өлмейтінінің көрінісі болса керек.
Әбдісаттар Сәдуақасұлы тарихшы-этнограф, ақын, жазушы, аудармашы, жырау, тіпті әнші-күйші, сазгер ретінде қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі орасан.
1992 жылы шыққан «Жанқожа батыр» деректі тарихи-көркем романы мен биылғы сиясы кеппеген «Ақиық», «Зар заман» романдарының арасында қаншама жинақ пен аударма, өлеңдер кітабы барын халық біледі.
Бұдан бөлек 64 ән, 10 күй мен көптеген терме-толғауды жарыққа шығарған зерттеушінің ізденістен жалықпайтынына таңғаласың. Сексеннің сеңгіріне шықса да «болдым-толдым» жазушы демейтін композиторлық қабілеті жайында сөз қозғайды.
– Оспан әкем жас кезінде жырау болған. Сырнаймен ән салды. Өзінің туындылары барын білмедік, бірақ Құрманғазыдан бастап Қазанғап, Үсен, Аққыз, Мырзабай, Жалдыбай жыраулардың күйлерін керемет орындайтын. Балық артелінің клуб меңгерушісі болған нағашы ағам Нұрадин Қалымбетұлы да керемет әнші болған деседі. Оның жалғыз ұлы марқұм Ертөре де Кененнің әндерін үш деңгейде нақышына келтіріп орындайтын. Бұл өнер маған қан арқылы, туғандарымнан дарыса керек.
Десек те Жанқожа бабаның жетпіс жылдық ерен ерлігі, қырық жыл зерттеген Қорқыт баба қолжазбалары, өмірі қысқа болған Нұртуған ақын туралы үш томдық еңбегім, адам қолымен жасалған Арал қасіреті – бәрі-бәрі мендегі шығармашылық қабілеттің оянуына, туындылардың дүниеге келуіне шындап әсер еткенін айту керек. Мұның бәрі кіші қарындасым Алуанан жолдасы, қырықтан асқан шағында қыршын кеткен дарынды әнші, композитор, ақын Әлімхан Оспановқа 60 жасымда тебіріне жазған «Бұлбұлым, сені сағындық» атты тұңғыш әнімнен бастау алғаны Аллаға да, адамдарға да аян, – дейді Ә.Оспанов.
Айта кету керек, 1982 жылы «Қайнар» баспасында аға журналист бола жүріп, журналистерден «Саржайлау» атты фольклорлық-этнографиялық ансамбль құрды. Өзі концертмейстр болды. Бұл ансамбль Мәскеуде Орта Азия республикалары атынан концерт беру мәртебесіне ие болып, кейін Киев, Новосибирск, Алматы облыстарында өнер көрсетеді. 1990 жылы топ «халықтық» мәртебесін иеленді.
Сондай-ақ 1986 жылы Жаңақорғанда М.Көкенов, 1995 жылы Қазалыда Н.Кенжеғұлұлы атындағы айтыскер, жыршы-жырау дайындайтын мектеп-орталық ашты. Сол тұстан бастап бүгінгі жақұт терген жалынды жыршылар мен ақындардың іргетасы қаланды десек артық айтпаймыз.
Бала күндегі сырқаты өмір сүруге деген құштарлығын оятып, жеті өнерді бойына дарыта білген, мұны елдің дамуына пайдаланған біртуар тұлғаның арамызда жүргенінің өзі өнеге. Өскелең ұрпаққа тұнық тарих, теңдессіз үлгі. Ұлттық өнерді дәріптеу арқылы есімі одақ елдеріне тараған елдің сүйікті перзенті қандай құрметке де лайық екені даусыз.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

22 желтоқсан 2021 ж. 341 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 32

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 29

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031