Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқсан бірде туғандар

Тоқсан бірде туғандар

Қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, егемен ел атанғанына тура отыз жыл толды. Сонау тоқсан бірінші жылы туған бүлдіршін бүгінде әр саланың мақтаулы маманына айналды. Мереке қарсаңында түрлі салада еңбек етіп, елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген тәуелсіздік құрдастарынан сыр тартудың орайын келтірдік.
Жансая Қасымова 16 желтоқсан күні дүние есігін ашқан. Ол «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да жолсерік. Әйтеке би кентіндегі №70 мектептің 9 сыныбын тәмамдап, Алматы қаласындағы қазақ қатынас жолдары колледжіне оқуға түсті. 2013 жылы Қазақстан теміржолына жолсерік болып жұмысқа орналасты. Жансая ана тілімен қоса орыс тілінде еркін сөйлейді. Мінезі ашық-жарқын жолсерік қыздың жүрегі мейірімге толы. Кез келген тұста көмек керек жанның жанынан табылып, қолдау көрсетуге әзір тұрады.
– Отбасымызда теміржолшы көп. Мен де осы саланы қызығушылықпен таңдадым. Мамандығым өзіме ұнайды. Қазақстанның түрлі қалаларынан бөлек, Өзбек елінде боламыз. Халықпен жұмыс істеген соң қиын сәттерге де кезігіп жатамыз. Ондай сәттерде мамандығыма деген сүйіспеншілігім көп көмектеседі. Жаспен де, кәрімен де тіл табысып, ымыраға келе білу керек, – дейді Жансая Аманжолқызы.
Тәуелсіздік ұғымын еркіндік, ешкімге тәуелді болмай, арманыңды жүзеге асыру деп түсінетін Жансаяның алар асуы әлі алда.
Тәуелсіздіктің тағы бір құрдасы – Данияр Баекеев. Ол Қ.Сәтбаев атындағы №216 мекептің түлегі. Жоғары білімді Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде алды. «Жалпы медицина» мамандығына оқуға түсіп, 2014 жылы бакалаврды тәмамдады. Екі жылдан соң, «Хирург» мамандығын бітірді. 2016 жылдан бастап Қазалы аудандық медициналық жедел жәрдем стансасында жұмыс істейді. Қазір бөлім меңгерушісі. Қызметіне байыппен қарайтын Данияр Берікұлы дәрігер болу бала күнгі арманым дейді. Ол тәуелсіздік алған жылмен тұспа-тұс өмірге келгенін мақтан етеді.
– Еліміз жыл өткен сайын жаңарып келеді. Дамудың даңғыл жолына түскен тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқанымыздың өзі үлкен бақыт. Біздің мақсат тек – халыққа қалтқысыз қызмет ету. Әр адам өз ісін жетік меңгеріп, ыждаһаттылықпен орындай білсе, Қазақстанның көркеюіне қосқан үлесі зор болар еді, – деген ойын білдірді.
С.Сейфуллин атындағы №165 мектепті үздік аттестатпен бітірген Қарлығаш Қазмағамбетова Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түседі. Өнерге құштар Қарлығаш 5 сыныптан бастап аудандық музыка мектебінде «баян» аспабынан дәріс алды. Студент кезінде Алматы қаласында өткен республикалық жас музыканттар конкурсында, Қарағанды қаласында өткен Дельфий ұлттық ойындарының дипломанты атанды. Музыкалық колледжді үздік дипломмен аяқтап, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне ( Шабыт) доцент Алексей Ефременконың сыныбына қабылданды. Университет қабырғасында жүріп те Алматы қаласында 2012, 2014 жылдары өткен жоғарғы оқу орындарының студенттері арасындағы аспапта орындаушылар олимпиадасының лауреаты атанды. Қарлығаш Жиылысқызы жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, Астана Халықаралық университетінің Педагогикалық колледжіне оқытушы қызметіне жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда Қарлығаш тәрбиелеп келе жатқан шәкірттері де көптеген қалалық және республикалық конкурстардың жүлдегерлері.
Тоқсан бірінші жылы дүниеге келгендердің қатарында Асылхан Жолашов та бар. Ол «Парасат» колледжі және Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеттен заңгер мамандығын меңгерген. Еңбек жолын Қазалы қаласы әкімшілігінде салық маманы болып бастады. Әр жылдары біліктілігі мен қарым-қабілетінің нәтижесінде еңбек сатысымен көтерілді. Заңгер, кеңесші, директор, бизнес тренер қызметтерін абыроймен атқарған Асылхан Қуанышбайұлы қазіргі таңда жеке нотариус. Заңгер халыққа заң тұрғысында көмек көрсетіп, құқықтық кеңес береді.
– Тәуелсіздік маған көп нәрсе берді. Ең бастысы, ата-анам мені бейбітшілік заманда дүниеге әкелді. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда біз «не ішеміз, не киеміз, қайда барамыз?» деп бас қатырмаймыз. Білім алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуымыз қажет. Бұл – біздің міндетіміз, бұл – бізге артылған жүк. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосудамын. Алдағы уақытта да аянбай еңбек етемін, – деген кейіпкеріміздің сөзінен жігер мен байыптылық байқалады.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
11 желтоқсан 2021 ж. 557 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 21

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 23

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 21

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 18

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031