Шойын жолда шыңдалған тағдыр
Сұлу қыздың қос бұрымындай өрілген болат жолдың бойында қилы өмір бар. Бірі ирелеңдеп жатқан темір жолдың жолын жөндесе, екіншісі, түтіні будақтаған пойыздың кем-кетігін дұрыстайды. Ал ендігісі Алтай мен Атырау арасындағы алапат даланың төсінде жолаушылар тасымалымен айналысып, көптің көңілінен шығуға тырысып, жолсерік ретінде қызмет көрсетеді.
Сондай жандардың қатарында ғұмырының 20 жылдан астам уақытын аталмыш салаға арнаған Меңдібулла Ұзақбаев та бар.
Әке мен анадан жастай қалған Меңдібулланың тағдыр жолы оңай басталмады. Бозбалалықтан өте бере анадан, ат жалын тартып жігіттікке жеткенде әкеден айырылды. Тұтас әулеттің арқасүйерлері кеткеннен кейінгі шаруа ағасы Аманжол мен осының иығына артылды. Ізіндегі балиғат жасына толмаған бауырларын қанаттандыру жиырмадан енді асқан жігітке үлкен жауапкершілік жүктеді.
Жастық шағы елдің тәуелсіздік алып, тұсауын кескен баладай қалт-құлт етіп, шаруасы шатқаятап тұрған 90-шы жылдарға тұспа-тұс келді.
Орта мектепті түгескеннен кейін алдындағы бауырларының рұқсатымен жолдасы Аида екеуі Алматыға аттанды. Мақсаты – кәсіп жасап, әке шаңырағындағы бауырларға қолғабыс жасау.
Елге елеңдеп, болашақтан үлкен үміт күтіп жүрген жас отбасын Алматы жатырқаған жоқ. Жолдасы жұмысқа орналасты. Өзі кәсіпке ден қойды. Әрине ауылдан енді келген жастарға үлкен қалада өмір сүру оңайға соқпады. Әйтсе де еті тірі, жүрегі жалынды жігіт жоғары оқу орнына түсу керектігін ұғынып, Алматы теміржол көлігі инженерлері институтына түсті.
1997 жылдан бастап еңбек жолын қарапайым жолсерік ретінде бастады. Білімі мен білігі сай маманды ортасы да, басшылығы да іскерлігі мен жұмысқа деген жауапкершілігін жоғары бағалап 2000 жылы Алматы-Орал бағытындағы пойыз бастығы етіп тағайындады. Мұнан соң еліміздің түрлі бағыттарына қатынайтын пойыздарға бригадирлік етті. Атап айтқанда, Семей, Астана, Жезқазған, Новосибирскіге пойыздардың аман-есен, жолаушылардың жайлы жетуін қадағалады.
Ал Алматы-Маңғышлақ пойызына 10 жылдан астам басшылық еткен тұста қарамағындағы көптеген жастар мықты маман ретінде шыңдалып, азамат болып қалыптасты.
Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді. Еңбекқор жанның төккен тері, жасаған жұмысы да ескерусіз қалған жоқ. Теміржол саласындағы қажырлы қызметі үшін Қазақстан теміржолының медалімен марапатталды. Одан басқа түрлі жылдары Алғыс хат, Құрмет грамоталарын иеленді.
«Қыран құс шашып жейді, қара құс басып жейді» демекші, туған жерден жырақ жүрсе де түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырды.
Кез келген перзенттің Отан алдындағы борышымен қатар ата-ана алдындағы да қасиетті парызы бар. Меңдібулла Қасымұлы да осынау балалық борышын бір сәтке де естен шығармады. Өмірден жастай кеткен әкесі Қасым мен анасы Күләннің, ағасы Аманжолдың рухына арнап ас жасап, грек-рим күресінен республикалық турнир ұйымдастырды.
Жарысқа арысы Алматы, Жамбыл, Шымкент, берісі Орал, Ақтөбе, Шалқар секілді бірқатар қалалардан сайдың тасындай палуандар қатысып, бақ сынасты. Көптің ыстық ықыласына бөленді. Ақсақалдардың батасын алды.
Әлгі Төлеген Айбергеновтың: “Жығылған палуанға да бәйге берем, адалдығы сезіліп тұрар болса...” дегеніндей жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығына жүлде үйлестірілді. Бұл жарыстың өзі де қазалылық қаншама жастың кеудесіне “Спортшы болсам, алтыннан алқа тақсам” деген арман отын жаққанын айту ләзім.
Адамдығы мен азаматтығын, қызметтегі біліктілігі мен өмірдегі сыйластығын жоғалтпаған жанның теміржол саласына деген құрметі зор, ықыласы ерекше.
– Тамыздың алғашқы жексенбісі теміржолшылар мерекесі біздің әулиетіміз үшін асыға күтетін күн. Теміржол өте күрделі де, жауапкершілігі мол сала. Мұнда түрлі адам тағдыры өрбиді. Жолаушының бір орыннан екінші бағытқа жетуіне машинисттен бастап қаншама жан қызмет көрсетеді. Күннің ыстығына да, суығына да қарамай еңбек етеді.
Жолаушылармен жүрген тұста халықтың көңілінен шығуда оңай шаруа емес. Әрқилы адамда сантүрлі пікір, алуан көзқарас бар. Тек бастысы шыдам мен өзгеге деген түсіністік, жауапкершілік қажет.
Аталмыш мерекемен барша әріптестерімді құттықтаймын. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін. Әрдайым абырой биігінен көрінуге жазсын, – дейді теміжол саласына ғұмырының ширек уақытын арнаған азамат.
Әр еңбектің бейнеті мен қатар зейнеті болатыны анық. Бұл күнде Меңдібулла Ұзақбаев аяулы жары Аида Жиенбаева екеуі іргелі әулиеттің арқасүйерлері, немерелерінің сүйікті ата-әжесі. Теміржол саласы түлеткен, өнегелі отбасы десек қателеспейміз!
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА