Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік тәуекелдері

Тәуелсіздік тәуекелдері

Биыл ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығы. Осындай айтулы дата қарсаңында ел бүгініне бастау болған өткенін зерделедік. Азаттықтың алғашқы адымындағы түрлі тәуекелдер, нарықтық қоғамға бейімделудегі қиындықтарды бастан кешірген түрлі сала мамандарын біз де сөзге тарттық.

Сахи Төлегенов, тәжірибелі дәрігер:
– Қазақ баласы аңсаған азаттық еншісіне ХХ ғасырдың соңында тиді. Осы кезеңде өмір сүріп, жұмыс істеген біздер алғашқы өзгеріске бейімделу тұсындағы жайттарды бүгінде тарих қылып айтып отырамыз.
Бұл уақыт ешкімге де оңай соққан жоқ. Одақтан еншісін алған жаңа мемлекет бірден аяққа тұрып кететін мүмкіндікке ие болмады. Тығырықтан шығып, бүгінгідей қалыптасқан ел болуына халықтың бірлігі, шыдамы, ертеңіне деген сенімі ұйытқы болды.
Бірнеше ай бойы ақысыз жұмыс істесек те, өзіміз таңдаған саладан қол үзбей, дәрі-дәрмек, құрал-сайман, қазіргідей мүмкіндіктер жоғына қарамастан, өзім және өзіммен бірге жұмыс істеген ақ халатты абзал жандар онсыз да қиындықта жүрген жұртшылықтан білгенін, тәжірибесін аямай, жылы сөзімен жанына дегдар бола алды. Мұның өзі онсыз да санасы сарсаңға түскен тұрғындар үшін үлкен көмек еді.
Біз осындай шақта да өзімізді ерекше тәртіпте ұстадық. Мамандығымызға деген махаббат, ел ертеңіне деген сенімді жоғалтпау қиындықтан құтқарып, қалыпты жағдайға оралуға көмегін тигізді.
Қырық жылдан астам уақыт бір салаға тер төккен мен әрбір адам өз ісін жанындай жақсы көрсе, адал жолдан айнымай, үмітін жақсы жағдайға жұмылдырса, абыройға бөленіп, қандай кедергіден де шыға алатынын түйіндедім. Қазақстанды да тығырықтан алып шыққан осындай жауапкершіл, елжанды азаматтар деп ойлаймын.

Дәстен Айбосынов, подполковник, ішкі істер саласының ардагері:
– Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі кім-кімге де оңайға соққан жоқ. Сондай сындарлы сәтті ішкі істер саласы да өткерді. Өткен ғасырдың 90-жылдары Тәуелсіз қазақ полициясының негізін құраушы тәртіп сақшылары ел игілігі жолында аянбай тер төкті. Елдегі әлеуметтік жағдайдың әсері қашан да қылмыс пен тәртіп бұзушылықта өз көрінісін береді. Ол тұста қылмыс өршіді, адамдар санасында «оңай олжа табу», «қайтсек қиындықтан құтыламыз?» деген ой болды. Адам өлтіру, тонау, ауыр жарақат салу белең ала бастады. Сондай істерді бақылап, тыныштық пен қауіпсіздік жолында іс атқаратын әріптестеріміздің әрбірінің өнегелі жолы үлгі тұтуға лайықты.
Бір ғана мысал айтайын, ол кезде техникамен жабдықтау деген мәселе шешімін таппаған. 120 адам жұмыс істейтін бөлімде, бар болғаны, 3 машина, 3-4 мотоцикл ғана. Оларды жөндеу, жүргізуге қаржы бөлінбейді. Әрбіріміз өз күшімізбен жүргізетінбіз. Қазір қарап отырсам, 4-5 учаскелік полицияға бір мотоциклден тиеді. 5 қызметкерде бір рация. Ол аудан орталығындағы Ж.Жабаев мектебі, теміржолдың арғы бетіне барғанда, байланыстан ажырап қалады. Қаруымыз дубинка. Соның өзінде өз ісіне деген жауапкершіліктің арқасында орын алған 100 қылмыстың кемі 90-ы ашылатын.
Қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Қазақ полициясы лайықты бағаланған, жан-жақты қаруланған, қауіпсіздігі сақталған, әрбір учаскелік полиция жеке көлікпен қамтылған. Орын алған оқиғаны анықтауға барлық мүмкіндік жұмылдырылған. Айлық жалақылары да лайықты. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бейнесі.

Мария Жібекәлі, ардагер ұстаз:
– Егемендік алған алғашқы кезеңде мектепте математика пәнінен сабақ беретін мұғалім қызметін атқардым. Сол кездегі көріністер әлі күнге дейін көз алдымда сайрап тұр.
Ауданда, ауылдық жерлерде де бірнеше айлап айлық жалақы, зейнетақы ала алмаған адамдар, тіпті кейбір жақсы мамандардың өзі қызметінен, атқарып жүрген жұмысынан қол үзіп, базарға барып, Түркістан қаласы мен екі аралықты жол қылды. Ауыр ала сөмке арқалағандардың қатарында нәзікжандылар көптеп кездесетін. Ол кезде алдымен Алланың, содан кейін жолдасымның арқасында ішіп-жемнен отбасымыз таршылық көрген жоқ. Алайда киерге киімі, ішерге асы болмай, қатты қиналған үйлерді талай кезіктірдік. Оқушы баласына мектеп формасын, оқу құралдарын алып беруге көп отбасының жағдайы болмады. Ол жағдайлар әлі халықтың жадынан өшкен жоқ.
Осындайда бір оқиға ойыма оралады.
Аудан орталығында №87 негізгі мектептің жұмыс істеп тұрған шағы. Ұжымдағы Демес Шамшаев есімді азамат білікті басшы болуымен бірге, өте сауатты мұғалім, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, парасатты адам болатын. Сол басшымыз өзінің жеке «Газ-53» маркалы машинасына мектептің дене шынықтыру, еңбек пәндері өтіп жатқан жоғары сынып оқушыларын мінгізіп алып, бас болып, жақын маңдардан отын шаптырып, сонымен оқу орны ғимаратын жылытатын. Қазір қарап отырсам, ондай көзсіз ерлікке кім барады? Қай ата-ана баласын отын шабуға жібереді? Мұның барлығы жауапкершілік жүгінің көрінісі.
Әлеуметтік жағдай оңалмай тұрған шақтың өзінде біздің ұжым «Тәртіп – табыс тұтқасы» ұстанымынан бір сәт те айнымай, ел болашағы – жас буынды жақсы күндер мен жетістіктері мол жылдар келе жатқанына бағыттаумен болды. Бүгінгі беталыс, білім саласындағы жаңашылдыққа жаным жадырап отырады. Отыз жыл ішінде еліміз осындай қиындықтардан қиналмай өтіп, өзгелер санасатын, танитын мемлекетке айналды. Бұл бағытта ұстаздардың да үлесі орасан зор.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
11 желтоқсан 2021 ж. 570 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 11

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 39

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031