Түрлі кейіптегі кесел
Екі жылдың айналасында бес миллионнан астам жазықсыз жанның өмірін қиған індетті тажалға теңеуге әбден болады. Бүгінге дейін қытайлық вирус жиырма миллион адамды төсекке байлағынын да БАҚ жарыса жазуда. Әттеген-айы, қалыпты өмірге қайта ораламыз деп жүргенде тажал жаңа кейіпке еніп, адам санын қысқартудан аянып тұрған жоқ. Бәле бір айналдырса, шыр айналдырады деген тәмсілді қайта-қайта еске түсіріп, өзіне қарсы жасалған күреске берілмеген індет ғалымдар мен ақхалаттылардың да жігерін мұқалтпай келеді. Жақында ғана «Омикрон» деген атпен пайда болып, жұрт жүрегіне қайта қорқыныш ұялатқан вирустың тағы қанша науқасты бақиға аттандыратынын ешкім дөп басып айта алмайды. Алайда түрленген тажалдың адамға қалай әсер ететінін, қалай сақтануға болатынын біле жүргендер ұтылмайтынын уақыт дәлелдеп берді.
Жаңа вакцина жасала ма?
Жаңа вакцина жасала ма?
Әлемнің кем дегенде 23 елінде коронавирустың жаңа омикрондық штаммы анықталды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейюс мәлімдеді.
– Індет пайда болған елдер одан әрі өсе бермек. Алда түрлі зерттеулер жүргізу міндеті тұр. Атап айтқанда, вирустың жұғу жолдары, аурудың ауырлығы, вакциналардың тиімділігі сияқты сипаттарын анықтау қажет. Қазірдің өзінде вирустың жұқпалы және қауіпті дельта нұсқасын жеңген жоқпыз. Сондықтан жаңа штамның жеңілдігіне бола босаңсуға болмайды, – деді әлемнің бас дәрігері.
Бірер күн бұрын ДДҰ дамып келе жатқан омикрон штаммына байланысты жаңа вакцина жасаудың қажеті жоқ екенін айтты. Мамандар оның орнына қолданыстағы препараттарды жетілдіруге күш салатындарын жеткізді.
Ауру алқымнан алғанда...
Дәрігерлер ДДҰ омикрон деп атаған коронавирустың жаңа штаммы жеңіл өтіетнін, алайда шаршау және жүрек соғысының жиі болатынын айтады. Британ үкіметіне кеңес беретін Вакцинация және иммундау жөніндегі тәуелсіз бірлескен комитеттің мүшесі, профессор Адам Финннің айтуынша, Оңтүстік Африкадан алынған дәлелдер штамм жағдайлары «ерекше ауыр» емес екенін көрсетеді.
Бір қызығы, омикрон індеттің алғашқы түрі секілді иіс пен дәм сезуді жоғалтпайды. Ол туралы ақпа да аз. Өйткені ғалымдар зерттеу жұмысын әлі аяқтамаған. Тек Оңтүстік Африка медициналық қауымдастығының төрағасы Анджелика Кетзи BBC-ге жаңа нұсқаның «ерекше белгілерін» байқай бастағанын айтты.
– Біздің елде алғаш рет жаңа штамм 33 жастағы науқастан анықталды. Ол маған соңғы күндері қатты шаршағанын айтты. Денесі ауырлап, аздап басы ауырған, – деді ол. Сондай-ақ Кетзи ер адамның тамағы ашып ауырғанын, бірақ жөтелмегенін жеткізген.
ДДҰ омикрон деп белгілеген COVID-19 штаммы қараша айында Африканың оңтүстігінде анықталды. Сарапшылар бұл адамзатқа кезекті рет қауіп төндіруі мүмкін деп санайды. Ғалымдардың сөзіне сенсек, пандемия кезінде анықтаған басқа штамдарға қарағанда омикрон әлдеқайда жылдам таралады және мутацияға бейім.
Шекара асу шектеле ме?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері ұйымға мүше елдер үшін жаңа омикрондық штамм бойынша ақпараттық сессия өткізіп үлгерді. Отырысты ашқан ұйымның бас директоры доктор Тедрос Гебрейюс вирустағы мутация қалыпты құбылыс екенін, пандемия ұзаққа созылса, соғұрлым жаңа штаммдар көбейетінін атап өтті.
Ол Ботсвана мен Оңтүстік Африкаға омикронды анықтағаны және бұл ақпаратты халықаралық қауымдастыққа жедел жеткізгені үшін тағы да алғыс айтты. «Бұл елдер қазір лайықсыз жазаланып отыр», – деді ол. Ұйым жетекшісі мұнымен кейбір мемлекеттердің індет анықталған елдерге саяхаттауға қойған шектеуін сынағысы келген секілді.
– Мен елдердің өз азаматтарын әлі зерттелмеген нұсқадан қорғауға деген ұмтылысын жақсы түсінемін. Бірақ кейбір үкіметтердің ғылыми емес және тиімді екендігі дәлелденбеген, теңсіздікті күшейтетін қатаң шараларды енгізіп жатқанына алаңдаймын, – деді доктор Тедрос.
Қазақтар қорғанысы
COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия 3 желтоқсаннан бастап жаңа шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады.
– 3 желтоқсаннан бастап Ботсвана, Оңтүстік Африка, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Малави, Мадагаскар, Эсватини, Танзания және Гонконг азаматтары мен саяхатшылары Қазақстанға келуіне шектеу қойылады. Індет жұқтыру жағдайлары анықталған елдерден (Израиль, Чехия, Нидерланды, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада) келген адамдар үшін вакцинацияға қарамастан міндетті ПТР тестін тапсыратын болады. Сондай-ақ ПТР сынамасының нәтижесіне қарамастан, омикрон штаммынан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар жеті күн бойы оқшаулануы керек, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шоранов
Бұдан бөлек, Бельгияда Мысырдан келген адамда омикрондық штамм анықталғанын ескере отырып, Мысырмен әуе қатынасын уақытша тоқтату керегін айтты.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ