Еңсесі биік Елбасы
Қазақстан Республикасы азаттыққа қол жеткізгелі отыз жыл уақыт өтті. Жұрт жас мемлекет ретінде танығанымен, осы уақытқа дейін тәуелсіздік тұғырын сақтап тұру, елде бейбітшілік пен мамыражай өмір қалыптастыру оңай емесі белгілі. Осы тұста ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымен посткеңестік елдер алдындағы, кейін төрткіл әлемге тараған беделі егемен ел ретінде көпшілікті мойындатуға ерекше әсер еткенін жоққа шығаруға болмайды. Сауатты саясаткердің бастамасымен бертін келе ел астанасы жаһандық қиындықтарды шешуге қауқарлы орталыққа айналды. Ұлт көшбасшысының мемлекет үшін еткен тәуекелдері мұнымен түгесілмейді. Ал 1 желтоқсан күні қазақ елі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өтеді.
Осыған байланысты кеше Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Халқының маңдайына жанған жұлдыз» атты мерекелік концерт өтті. Әсем әуен, ерекше ырғақпен бастау алған шарада Елбасының осы уақытқа дейін елге еткен еңбегі, батылдығы мен жетістіктері дәріптелді. Бұдан кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа сөз берілді.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әлсіз экономикалық жүйе, жетілмеген саяси реформалар жағдайында Елбасы ел дамуының тура жолын таңдай білді. Егемендік алғаннан бергі отыз жылда Қазақстанды барша әлем таныды. Әлемдегі жоғары дамыған өркениетті мемлекеттермен тәуелсіз Қазақстан терезесі тең ел болып қалыптасты.
Елбасы ең қиын-қыстау кезеңдердің өзінде де ұлт болашағын, халықтың келешегін айқындайтын қадамдарға барды. Соның бірі 1994 жылы Қазақстан қуаты жағынан әлемде төртінші орынға ие ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту арқылы дүние жүзінде адамзаттық тұрғыдағы үлкен үлгілі іс жасады. Осы көреген саясаттың арқасында қазақ халқының, расында да, бейбітшілік сүйгіштігін таныды. Сонымен бірге ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар әзірленіп, ел дамуының басым бағыттары айқындалды. Соның нәтижесінде қазір біз халқының әл-ауқаты жақсарған мемлекеттердің қатарына қосылдық.
Әлемнің экономикасы ең үздік 56 елін біріктіретін Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен 57 мұсылман елінің басын қосатын Ислам Ынтымақтастық ұйымына абыройлы төрағалық етуіміз – зор табыс. Бүгінде Елбасының жүргізген саясатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі жалғастыруда, – деді аудан басшысы. Бұдан кейін соңғы уақытта ел игілігі үшін қолға алынған ауқымды жұмыс жайына тоқталды.
– Еліміз қол жеткізген толымды табыстарға қазалылықтар да өз үлесін қосып келеді. Биылғы жылы Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп пен Қ.Пірімов ауылында спорт кешенінің құрылысы басталды. Қазалы қаласын көгілдір отынға қосу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, биыл баспанаға мұқтаж көп балалы аналарға 36 тұрғын үйдің кілтін табыстаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жол жөндеу жұмыстарына байланысты да көптеген жоба жүзеге асып жатыр.
Биылдың өзінде аудан орталығы мен ауылдар арасын байланыстыратын жолдарды жөндеуге бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұған қоса аудан орталығы мен елді мекенішілік жолдар да жөнделуде.
Тағы бір жағымды жаңалық, көптен бері өңірде шешімін күтіп келген маңызды мәселенің бірі «Қарлаң» көпірінің құрылысы келесі жылы басталады. Енді аз ғана уақыттан кейін дарияның арғы бетінде тұратын Кәукей, Ажар, Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасарық, Лақалы, Тасөткел елді мекендерінің тұрғындары аудан орталығымен еш қиындықсыз байланыса алады, – деді М.Әуесұлы.
Тәуелсіз елдің болашағы баянды болуында ұрпақ өрбітудің орны ерекше. Өйткені бүгінге дейін қазақ елі бірталай асуды алған болса, Елбасына ерген дүйім жұрттың да еңбегі ерен. Мереке қарсаңында елдің демографиялық саясатын жүзеге асыруға атсалысып келе жатқан ардақты аналар марапат мінберіне шықты. Аудан әкімі бірқатар анаға Алтын, Күміс алқа табыстап, мерейлі мейраммен құттықтады. Сондай-ақ, елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық мәселелеріне белсене араласып жүрген елжанды азаматтар да облыс, аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Елбасының ерен еңбегін насихаттауға арналған шара мерекелік көңілді концертпен жалғасты. Онда аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары «Нұр-аға», «Дүние-ай», «Үшқоңыр» секілді көпшілік жүрегіне тебіреніс сыйлайтын туындыларды орындады.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ