Өзіміздің өнімге сұраныс бар ма?
Адамзат технология дәуіріне қадам басқан сайын талғам мен талап өзгере бастады. Түрлі өнімдер жұрттың тұрмысын жеңілдетті. Ыбырайдың:Мал істейтін жұмыстыОт пен суға түсірді.
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай, – деген жолдарына қарап қазіргі кезді қалай болжап кеткеніне таң боламыз. Осылайша бұрын ойға келмейтіннің бәрі қолжетімді бола бастаған тұста кәсіп бастаушылар қатары көбейіп, ескіні жаңаға бейімдеу арқылы ұлттық өнімді өзгеше тәсілмен ұсыну кең етек жая түсті.
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай, – деген жолдарына қарап қазіргі кезді қалай болжап кеткеніне таң боламыз. Осылайша бұрын ойға келмейтіннің бәрі қолжетімді бола бастаған тұста кәсіп бастаушылар қатары көбейіп, ескіні жаңаға бейімдеу арқылы ұлттық өнімді өзгеше тәсілмен ұсыну кең етек жая түсті.
Өзге емес, өзіміздің өнімдерді брендке айналдыру – заман талабы. Осы жолда аянбай еңбек етіп, бәсекелестікті, тиісінше, сапалы өнім ұсынуды қолға алған қазалылықтар да жетерлік. Өзіміздің өнім қаншалықты сұранысқа ие? Халықтың талғамы мен өнімнің бағасы сай келе ме? Осы сұрақтар төңірегінде кәсіпкерлік саласының майдангерлерімен пікір алмасқан едік.
Жанар Жақсыбергенқызы, кәсіпкер:
– Кез келген кәсіп халықтың сұранысын, қажеттілігін қамтамасыз етіп, сапалы әрі пайдалы өнім ұсынуы керек. Сонда ғана қоғамда тұтынушы мен кәсіпкер арасында дұрыс қарым-қатынас қалыптасады. Тұтынушы сапалы, таза өнімді таңдаса, оның құны қатты маңызды емес.
Өзім перде тігумен айналысамын. Бізде ауылдық жердегілердің талғамы өте жоғары, тіккен дүниелерімізге сұраныс көп. Мен дайындайтын перделер тиімді бағада, сапасы мен сәні қазіргі заманға сай. Бұл салада ізденіп, жаңа, тың дизайндарды әкелуге тырысамыз. Тұтынушы да өз идеясын айтып, өзі қалағандай үлгіге тапсырыс бере алады.
Халықтың сұранысы бойынша кредит немесе «Kaspi Red» қосымшасы арқылы 3 айға процентсіз беру іске қосылған. Және сұранысқа сай барлық түс, түрлі өлшемді бізден таба алады. Дайын болған пердені құру, өлшеу, жеткізу қызметі тегін. Мұның бәрі тұтынушыға ыңғайлы, қауіпсіз жағдай тудыру үшін жасалып отыр.
Биыл кәсіпке кірісіп, ашқаныма 2 жылдан асты. Халықтың алғысы мен батасынан артық жетістік жоқ. Аллаға шүкір, тек алғысын алып жатырмын, бұл одан әрі шабыттандыра түседі. Әсіресе, асығыс той жасайтын қазалылықтар қуана-қуана өзі қалаған түрін таңдап, аз уақытта дайын пердені алып, рахметін айтып кетеді.
Айгерім Нұржігіт, кәсіпкер:
– Аллаға шүкір, бізде тапсырыс күннен күнге өсіп келеді. Тұрғындар бір-бірінен естіп, сұрап біліп жатады. Бастаған кезде кәсібім жүрмей қала ма деген қорқыныш болды. Бірақ Шыңғыс хан бабамыз «Қорықсаң – істеме, істесең – қорықпа» дейді ғой. Осы сөз ұстанымымызға айналуы керек. Ең бастысы бастау керек. Әрі қарай тұтынушыға не керек екенін, ненің дұрыс емес екенін зерттеп алуға болады.
Жартылай дайын өнімдерді дайындаудамыз. Бірақ аз уақыт ішінде тұрақты тұтынушылар таптық. Өзімізден шыққан өнімді қазалылықтар таза, табиғи деп жақсы көреді. Бір рет алып көреді. Ұнаған соң тұрақты тұтынушыға айналады.
Қазір нарық заманы, бәрі жұмысбасты. Асығыс болған кезде дайын не жартылай дайын өнімді сатып алып, жұмысы жеңілдейді. Ыңғайлы әрі қолжетімді. Әлеуметтік желіге жұмыс барысын түсіріп, таныстырып отырамын. Еттің, жұмыс орнының таза екенін халық көріп отыр. Алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлаудамын. Қазалы дүкендеріне өткізіп, тұрғындардың таңдауына сай ассортиментті көбейткім келеді. Сұраныс бар жерде сапа да жоғарыламақ.
Ақтоты Ағымқызы, кент тұрғыны:
– Соңғы кездері «Қазалыда жасалған» деген түрлі өнімді көріп жүрміз. Күннен күнге кәсіпкерлер де көбейіп, сатып алушыға таңдау жасауға мүмкіндік мол. Бұрын дүкен сөресінен өзімізде жасалған күріш, сүт өнімдерін ғана көрсек, қазір олардың қатары көп.
«Қазалы» кәмпиттері, «РЗА» сүт өнімдері, «Томпи» жүгерісі, «Қазалы» жартылай дайын өнімдерін үнемі сатып аламын. Мен сияқты келіндерге, көпбалалы аналарға жартылай дайын өнімдерді тұтыну өте тиімді. Әрі ұзақ уақыт алмайды, әрі дәмді.
Қазақ қонақсыз болған ба? Алыстан ат арытып қонақ келсе немесе басқа қалаларға барып қалсақ, «Қазалы» кәмпиті – таптырмас базарлық. Тіпті, кей адамдар Қазалыны тікелей осы тәттілер арқылы таниды екен. Брендке айналу деген осы шығар. Өзіміздің өнімдерді шығарып, кәсібін дөңгелетіп отырған қарапайым қазалылық әйелдер, жас аналар екенін естігенде қуанып, басқаларға ұсынып, мақтап жүреміз. Бұл – кәсіпкерлік үшін де, аудан тұрғындары үшін де алға басудың, заманауи тұрғыда дамудың көрінісі.
Дина БӨКЕБАЙ