Қаһарманды құрметтеуден қалыс қалмайық
Қазақ елінің бұлбұлы, жезтаңдай әнші, жерлесіміз, халқымыздың сүйікті қаһарман қызы Роза Бағланова келер жылы 100 жасқа толады.
2007 жылы Қазалы аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы кезде аудан әкімі А.Көшербайда болған мәжілісте Роза Тәжібайқызының 85 жасқа толған мерейтойында туған жері Қазалыға келу құрметіне іс шара бекітілді. Ел ағалары С.Имандосов, Қ.Әлімбаев Р.Тәжібайқызын күтіп алу, Әбдіраман төбеде киіз үй тігу, ақ киізге отырғызып құрмет-қошемет жасауды Берік Бисембаевқа тапсырайық деген ұсыныстарын білдірді.
Әрине үлкен жауапкершілікті жұмысты зор қуанышпен қабылдап халық қаһарманына қызмет жасауға дайындалдым. Р.Бағланова ауданға келіп, түс мезгілінде Көктөбеге дайындалған киіз үйде қонақасы берілді.
Облыс орталығынан облыстық мәслихат депутаты Ж.Шәріпов, еңбек ардагері Е.Бозғұлов бастаған мәртебелі қонақтар мен ел ағалары қатысты.
Қонақасыдан кейін аудан әкімі А.Көшербай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекпанов тағы басқа да азаматтар: «Апа, Сіз 85 жасқа келгенде туған жер жусанынан иіскеп, топырағына аунап қазақша салтанат жасаңыз» деген ұсыныстарын айтты.
Жұбайым Қантаймен үйдегі дайындалған ақ киізді жайғанбыз. Сонда: «Шырақтарым, сый-құрметтеріңізге рахмет, мына киіз жайған отбасыға Алланың нұры жаусын» деп ақ батасын берді.
Бұл шарада Шахра Имандосова, Есет Серімов, Байғабыл Пірманов өздеріне жүктелген қызметтерін жоғары деңгейде атқарды.
2014 жылы Роза Тәжібайқызының баласы Тәжен Бағланов отбасымен ауданға келді. Сол уақыттағы аудан әкімі Бақыт Дүйсенұлы Мұратбаев ауылдық округінің әкіміне Роза Тәжібайқызының ата-бабасының қорымы ауылдық округке қарасты “Шақкөз” деген жерде болғандықтан, соған ұрпақтарымен бірге құран бағыштап, қызмет жасауды тапсырды. Сол шараға аудан әкімінің орынбасары Шахмардан Қойшыбаев пен аудан ардагері Тәңірберген Баубеков ағамыз қатысып, әруақтар рухына Құран бағыштады.
Міне, осының бәрі ұлы адамға жасалған құрмет деп білемін.
Берік БИСЕМБАЕВ,
Қазалы ауданының құрметті азаматы,
еңбек ардагері