Қазақстандықтар Pfizer вакцинасын ақылы негізде салғыза алады
ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жүкті әйелдер мен жасөспірімдерден басқа санаттағы қазақстандықтарға Pfizer вакцинасын ақылы негізде егу туралы бастамасын үкімет басшысы Асқар Мамин қолдады, деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Қазақстанға 379 мың доза мөлшерінде Сomirnaty (Pfizer) вакцинасының бірінші партиясы жеткізілген. Екінші партияны жеткізу 20 қарашаға дейін жоспарланыпты. Вакцинация республиканың 7 өңірінде, атап айтсақ, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында басталды.
- Қазақстанда балаларға да вакцина паспорты беріледі
- Елімізде жасөспірім ата-ана рұқсатынсыз Pfizer вакцинасын салғыза ала ма?
“Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ВАК тапсырмасына сәйкес, азаматтарды вакциналау үшін COVID-19 Comirnaty Pfizer екпесін коммерциялық нарықта ақылы негізде салу мүмкіндігі туралы үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Қолдауыңызды өтінемін”, – деді Цой.
Оның бұл бастамасын Асқар Мамин мақұлдады.
“Нарықтың коммерциялық сегментіне вакциналарды жеткізу мүмкіндігі туралы ұсынысты қолдаймын, осылайша азаматтар өздеріне қажетті вакцинаны ақылы түрде жасай алады”, – деді премьер-министр Асқар Мамин.
Еске салсақ, бұған дейін үкімет басшысы елімізде Pfizer вакцинасын алатын азаматтар тізімі кеңейтілетіні жайлы айтқан болатын.