Жыр жаттаған жүйріктер
«Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылып келеді.
Бейсенбі күні «Тұлпар мініп, ту алған!» сайысының Қазалы аудандық кезеңі жоғары деңгейде өткізілді. Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде ұйымдастырылған шарада аудан мектептері бойынша 57 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан жарысты.
Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе ұйымдастырды. Оның ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаев қатысушыларға шынайы тілектестігін жеткізді.
– Дүбірлі байқауда жүрегі «Ұлтым» деп соққан әрбір жасқа сәттілік тілеймін. Кеудесінде жастықтың жалыны лаулаған өңір жастары туған елдің тұғырлы туын төмен түсірмейтініне сенімім мол. Аудандық кезеңге қатысуға келген оқушыларға жыр жолдарын мүдірмей айтып, келесі кезеңге өтуіне тілектеспін, – деді ол.
Сондай-ақ «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжахан Сағындыққызы талапкерлерге сәттілік тіледі.
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесіп «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын. Байқау өңірімізде де жоғары деңгейде өткізілуде. Облыста 25 қазаннан басталған сайысқа 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы, Қазалы аудандық кезеңінде 57 оқушы қатысуда. Барлығыңызға сәттілік тілейміз, – деді ол.
Рухани шараға «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Кенжетай Шамшадинов, Майдакөл ауылдық клубының кәсіпорын меңгерушісі Ермекбай Ағырай, аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев, Қорқыт ата атындағы аудандық әуез мектебінің терме класының мұғалімі Сандуғаш Бисембаева, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан қазылық етті.
Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу және қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру болатын. Бұл білім додасында 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жыры жатқа айтылды. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Тартысқа толы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауында қазылар алқасының шешімімен №170 орта мектептің 10 сынып оқушысы Гаухар Әзен бірінші орынды иемденді. Тұғырды бағындырған жеңімпазды Жадыра Кушекпаева дайындаған. Екінші орынды осы мектептің 6-сынып оқушысы Гүлназ Жеңісбек қанжығасына байлады. Оның ұстазы Балагүл Орынбаева. Ал қола жүлденің иегері №93 мектептің 8 сынып оқушысы Құндызай Болатбай еншіледі. Мұғалімі Ұлпан Тәуекелова.
Жүлдегерлерді «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаев құттықтап, арнайы қор бөлген қаржылай сыйларын табыстады.
Айта кеткен жөн, сайыста оқушылардың жырды жатқа айту барысында мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы ескерілді. Барлық қатысушылар дипломмен марапатталып, үздік үштіктен көрінген қатысушылар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА