Қызылордада мал шаруашылығын субсидиялауға 2,5 млрд. теңге бөлінді
Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысында мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін, сапасын арттырып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту көзделуде. Несие алып не болмаса өз қаржысына асыл тұқымды мал сатып алған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі таңда 1 мың 179 шаруашылықтың өтінішіне сәйкес 1,6 млрд. төленді. Бұл туралы Өңірілік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
Мәселен, шетелден сатып алынған 1 бас ірі қараға 225 мың, отандық ірі қараның әр басына 150 мың теңгеден төленеді. Ал қой өсіруді қолға алған кәсіпкерлерге 1 қой үшін 15 теңгеден субсидия төлеу қарастырылған.
«Бұдан бірнеше жыл бұрын 200-300 ғана мал шаруашылықтары субсидия алуға ниет білдірсе, өткен жылы 1223 шаруашылыққа субсидия төленген. Бұл мемлекет тарапынан қолдау және шаруалар үшін қолжетімді мүмкіндік. 2019 жылдан бастап субсидиялаудың ақпараттық жүйесі арқылы электронды форматта тапсырыстар қабылданады. Негізгі мақсат сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу. Бұндай жағдайда қызмет көрсетуші мен қызмет алушының арасында қарым қатынас болмайды», – деді Т. Дүйсебаев.
Сонымен қатар, былтыр біраз шаруашылық басшылықтары жем-шөпке байланысты наразылығын білдірген болатын. Осыған орай, ауыл шаруашылығы Министрлігі шілде айында қаулы шығарды. Өткен жылдан қалып қойған 318 шаруашылыққа 376 млн. төленетін болды. Бүгінде құжаттары реттелуде.
Айта кету керек, облыста табиғи шөпті ору науқаны толықтай басталып кетті. Ол үшін барлық аудандарда штабтар құрылып, шабындықтардың көлемі айқындалды. Облыс бойынша қысқа түсетін малдарға қажетті 770 мың тонна шөптің 393 тоннасы дайындалып, барлық қажеттіліктің 51 % қамтып отыр.