Екпе егіп, еленді
Алдымен Қазалы қаласындағы «Шипагер» емханасына арнайы барып, дәрігерлермен тілдесті. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда «Шипагер» емханасында тұрғындарға екпе егу үшін вакциналар жеткілікті. Екпе егу жұмыстарын жүргізуге барлық жағдайлар жасалған. Тұрғындардың күту залы, егу бөлмесі мен екпе алғандардың жай-күйін бақылайтын арнайы орын қарастырылған.
Мұнан соң аудан басшысы аудан орталығындағы «Болат жолы» емханасына да ат басын бұрып, вакцина алған тұрғындармен кездесті.
Кездесуде Мұхтар Әуесұлы жұқпалы індетпен күресуде вакцинаның маңызы жоғары екенін айтты. Ал тұрғындар болса, өздерін және айналасындағы отбасы мен туған-туыстарын вирустан қорғау үшін вакцина алып жатқандықтарын жеткізді.
Қызылорда облысы бойынша 200 000 вакцина алушы Қазалы ауданындағы «Болат жолы» емханасында тіркелген. Екпе алушы 73 жастағы Әйтеке би кентінің тұрғыны Ұрқия Тайпаққа Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақыткүл Әлішева бағалы сыйлықтарын тапсырды.
Вакцинаны ардагер ұстаз өзі тіркеуде тұрған Қазалы ауданаралық ауруханасына қарасты «Болат жолы» емханасында алды. Дәрігерлер оның қан қысымын өлшеп, қажетті процедуралардың барлығын жасады. Содан кейін барып өзінің келісімімен екпені екті.
– Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн. Үйіңнен сыртқа шығуға қорқып отырғанша, вакцина қабылдап, еркін жүргенге не жетсін. Сондықтан барлық аудан тұрғындарын вакцина салдыруға шақырамын, – дейді Ұрқия әжей.
Аудан басшысы ардагер ұстаз Ұрқия Тайпаққа жасының үлкендігіне қарамастан вакцина алғаны үшін алғысын айтып, көпке үлгі болып отырғанын тілге тиек етті.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа теміржол емханасындағы вакцинациялау жұмыстары туралы Қазалы теміржол ауруханасының бас дәргері Айгүл Құлмағамбетова айтып берді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат