Саз сатылар күн қашан?

Заңмен сөйлесек, Жер кодексінің 16-бабына сәйкес, жер қойнауын пайдалану жөніндегі рұқсаттарды беру негізінен облыстық атқарушы билік органдарының құзіретінде екен. Тиісінше, аудан тұрғындары мен компанияларының сазға сұранысын қанағаттандыру үшін «Қазалы саз» серіктестігінің басшысы Шеген Оразалы «Шитөбе» учаскесінің сол жағалауынан карьер қазуға құжат тапсырғаны белгілі.
Бүгінде Қызылорда облысының индустрия және инновация даму басқармасы осы іспен айналысуда.
Мұнымен бірге «Қазалы Топырақ» серіктестігінің иесі Нұрлан Өтегенов кенттің батыс беткейінде орналасқан «Алтынкөпір» жанынан саз кеніне рұқсат алуға жұмыс істеуде. Қазіргі таңда құм жеткізу ісінде де қиындықтар орын алып отырғаны жасырын емес. Соған байланысты Орманкүл Медеубаева кенттің солтүстігінен жер учаскесін алу туралы өтініш түсірген. Әзірге «Қазалы құм» ЖШС Самара-Шымкент автожолының оң жақ беткейінен құм қазып, аудандағы құрылыс нысандарына жеткізіп беріп отыр. Ал аудандық жер қатынастар бөлімі мәселені қызу талқылап, карьер алғысы келген кәсіпкерлердің құжаттарын дайындауға курьерлік еткенін айтты
– Құм мен саз тапшылығы байқалған тұста жер қойнауын заңсыз пайдаланған жағдай тіркелгені жасырын емес. Мұндай жағдай былтыр да орын алған. Сәйкесінше, анықталған азаматтардың дерегі экология департаменті мен жерді пайлануды қорғау басқармасына шара қолдану үшін жолданды. Олардың кінәсі дәлелденсе, мемлекетке келтірген шығындарға байланысты айыппұл арқалайтын болады.
Қазалылықтар үшін топырақ қашан қолжетімді болады деген сұраққа тоқталсақ, «Қазалы саз» серіктестігінің басшысы Шеген Оразалы рұқсат алуға жақын қалды. Егер басқа кедергілер орын алмаса, келер айдан бастап саз карьері іске қосылып, тұрғындар мен құрылыс нысандарының сұранысы қанағаттандырылады, – деді бөлім басшысы Еркін Сейтов.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ