Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайран да, қайран, қайран бақ, кім кетті сені ойрандап?!

Қайран да, қайран, қайран бақ, кім кетті сені ойрандап?!

Бір замандарда дарияның бойы ен тоғай болып, жағасындағы сары қамысының арасында екі көзі шоқтай жанып, шұбар жолбарыс өріп жүрген десе кім сенеді?!
Сол Сырдың басқан ізінде ошақтай орын қалатын, ақырған даусы алты қырға жететін шерілердің соңғы тұяғы 1950 жылға дейін осы жерде жортыпты. Оған әр жерден бір бас көтерген саршұнақтай там-тұмдап шығып қалатын деректер куә.
Ол жолбарыстардың да біз туған топырақта өмір сүруі тегіннен тегін емес. Мына далада бір құдірет болмаса, аң патшасы бекерден бекер сығырайған сары шағылда жүрер ме еді?
Қос ат жегіп, пәуеске мініп, аяқтарын паңдана басатын Ояздардың тұсында да Қазалы қаласының даңқы дүркіреп, ордалы орталыққа айналғанда да қаһарынан қан тамып тұрған жоқ па?!
Біздің тарихымыздың бір қатпары осынау өркеуде, ақ жағалы патшаның қазақ арасындағы шабармандары һәм қандыбалақ, апайтөс, аңдысқан заманда айылын жимаған қызыл коммунистермен тікелей байланысты.
Аракідік таңбалы тарихын түйсікке түртіп қоятын Қазалы қаласына жолға шықсаңыз канал жиегіндегі мына мүсәпірдің күйін кешкен баққа көзіңіз түседі. Әр жерде шошайған тал-дарағы қайыршының сүйріктей саусақтарын еске салатындай. Бейшара күйіне қарап, ата-анасы тастап кеткен баладай жетімнің кебін кешіп тұрғанын аңғарасың. Бұрын ел ішінде «Төлеу талы» аталатын бұл орынның қазіргі таңда маңдайшасында «Қазалы қала бағы» деген жазуы бар.
Бақтың бағы тайып, әр ағашының әрі кеткеніне қарап-ақ Қазалы қаласының атқамінерлерінің мұнда көз қиығын салмағанын, баққа пысқырып та қарамайтынын білуге болады. Қоршауынан түк қалмай, әр бұтасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенін көріп, жауапты мекеменің табиғат-анаға деген ешқандай жанашырлығы жоғын аңдау қиын емес.
«Таяқ тастам жерде су бар, канал есіліп Есілдей ағып жатыр. Шықпай тұрған ағаш болса екен, жерге шаншылғаны дараққа айналып, тамырын тереңге жіберіп тұр. Енді жергілікті басшылар бір кездегі дүркіреп тұрған баққа күтім жасай алмаса, бар нәрсені ұқсатып, жасыл-желегін жайқалтпаса кім кінәлі?!» деген ой санаңа еріксіз ұялайды.
Ел-жұрттан естуімізше, бұған жауапты жергілікті басшылар келешек бұл орынды сүріп тастап, инфрақұрылым тартып, орнын тұрғындарға жер телімі ретінде үйлестірмекші екен.
Әрине, рас болса сұмдық жайт екен. Онсыз да екі күннің бірінде шаң борап, топырағының эрозиясы құрып тұрған біздің далаға тал егіп, оны күтіп-баптау осал шаруа емес. Ал барды ұқсатып, оған күтім жасап, бой көтергенін әрмен қарай ұстап қалу бөлек әңгіме.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйек күні жариялаған «Жаңа жағдайдағы қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн.
Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді», – деген болатын.
Осынау Жолдауға қарап, «Сонда қалай, ел президенті табиғаттың ахуалын жақсарту мақсатында мәселе көтереді, ал Қазалы қаласының әкімдігі бар ағашты қолдан жойып, бір замандарда Төлеу Сақтағанов ақсақал күтіп-баптаған талдарды қолдан құртпақшы болғаны ма?..» деген ойда қалатынымыз жасырын емес.
«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ» демекші, сусыз қурап, қоршаусыз ит-құс пен мал табанында көркі қашып, ұсқыны кеткен жерге “Үлкен қаланың” ұлықтары міндетті түрде аяқ басуы керек секілді.
P.S: Әңгіменің басында жолбарыстың жортуын бекер айтқан жоқпыз. Сол теңбіл шұбардың табаны тиген жерді былайғы жұрт “жолбарыстың жымы” деп атайды. Канал жиегіндегі жерге жолбарыстың жымы түспесе де, Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеудің ізі түссе игі еді...
Есет ТАБЫНБАЕВ
26 маусым 2021 ж. 1 044 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031