Жүргінші жолы жақсармақ
Халық санымен бірге көлік саны күн санап артып келе жатқан аудан үшін жаяу жүргіншілер жолын салу көптен бері жергілікті жұртты алаңдатқан басты мәселенің бірі. Жүргінші жолы жоқтығынан, келесі бетіне өтуге үлгермей, жан тапсырған жандарды ескерсек, мәселенің маңыздылығына бойлай түсеміз.
Тротуар құрылысын салу ісі өткен жылы бастауын алып, осы жылы жүзеге асып отыр. Енді жүргіншілер көшеде жалтармай, көліктерді де қаңтармайды. Жаяулар жолын салудың жауапкершілігі «Сарым-Құрылыс» ЖШС мердігер компаниясына жүктелген. Құрылысы кенттегі Жанқожа батыр көшесі бойымен, соның ішінде С.Сейфуллин және В.М.Счастнов көшесі аралығында жүргізілуде. Бір қуантарлығы, бұған дейін ешқашан жаяу жүргіншілер жағдайы ескерілмеген кенттегі көшелердің көбі қолға алынбақ. Сүйіншілеткен хабар туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықовтан сұрағанымызда, жұмыстың жүргізілуіне аудандық бюджеттен 11 миллион 300 мың теңге бөлінгендігін атап өтті. Сапасы туралы сұрағанымызда, заңдылық бойынша тротуардың көлемі жолдың еніне байланысты бекітілетінін жеткізді.
Мердігер компанияның директоры Райымбек Бөлекбаев: «Тротуар құрылысы жоспар бойынша шілде айында аяқталу керек. Барлығы талаптарға сай, уақытылы жасалып жатыр», – деп баяндады.
Дина БӨКЕБАЙ