Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейлі мекен Майдакөл

Мерейлі мекен Майдакөл

Отанға деген сүйіспеншілік туған жердің тарихын тереңінен танудан басталады. Аудандағы әр ауыл – бір шежіре. Соның ішінде Ақжона ауылдық округінің қазіргі тіршілігімен танысып, өзінен басталған өзгерістерге көз жүгіртіп қайттық.
Әрекетке берекет

Әрекетке берекет
2020 жылғы санақ бойынша округте 1043 адам, барлығы 186 отбасы тұрады. Орталығы – Майдакөл ауылы. Күннің аптабы мен қыстың суығына қарамай тұрғындар тынымсыз тірлік етеді. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген ұстаныммен өмір сүретін ауыл халқының негізгі несібесі – мал шаруашылығы мен егінде.
Шаруа қожалықтарын есептемегенде әр үйде төрт түліктің бірі табылады.
Округ бойынша 70 жеке кәсіпкер, оның ішінде 13 шаруа қожалық бар. 2020 жылы жаңадан кәсіпкерлік субъектісі ретінде 1 азық-түлік дүкені, 22 мал өсіру кәсібі, 1 тігін цехы тіркелді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының «Бизнес кеңесші» жобасымен 3 адам, «Бастау бизнес» бағдарламасы мен 5 адам оқуларын аяқтаған. «Стартап» бағдарламасы бойынша 17 адам 555 600 теңге мөлшерінде грант қаражатына ие болып, мүйізді ірі қара, уақ мал ­басын өсіріп, көбейтуде.
ХХI ғасырда өмір сүріп жатса да жеті қазынасын ұмытпай, тазы асырап, мылтық ұстаған, төрт түлікті қатар өсіріп, түйе мен қазды да баптап отырған Шудабай Махамбетов есімді азаматты қазіргі заманның «серісі» дерсің. «Қазір қолымда 3 түйе бар. Бұларды қазақ нар, аруана дейді. Бапты қажет ететін төрт түліктен пайда көздеп, бағып отырған жоқпын. Мұны сауып, шұбатын ішеміз. Мал деген береке ғой», – дейді ақсақал. Арнайы оқуын оқымағанмен ауыл баласына малдың жайы таңсық емес. Түліктің несібесін көріп, ағын ішіп отырған әке – балаға ұстаз. Ұлы Қайрат Тәмәтов 2020 жылы грант алған тұрғынның бірі. Қаржыға инкубатор сатып алған ол 30 шақты қазды өсіріп, одан 60 балапан бастырып шығарған.
Майдакөлде 2020 жылы 2 жеке кәсіпкер «Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 4 миллион 100 мың теңге несие алып, мүйізді ірі қара малын бордақылау кәсібіне кіріскен. “Қазалы несие” ЖШС арқылы 1 жеке кәсіпкер 2 миллион 400 мың теңге көлемінде несие қаражатын алып, мүйізді ірі қара малын өсіруде. Қазір округ бойынша 948 бас мүйізді ірі қара, 609 бас жылқы, 15 бас түйе, 1853 бас уақ мал және 200 құс есепке алынып отыр.

Өркениет жолында
Ата заң бойынша ең басты құндылық адам және оның денсаулығы екені мәлім. Ал өркендеу жолына түскен ауылда адамның сапалы өмірі мен балалардың қауіпсіздігі маңызға ие. 2020 жылы аудандық бюджеттен абаттандыру жұмыстарына 32 миллион 580 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер мекеме “Сыр Маржаны және К” ЖШС арқылы Майдакөл ауылының орталығына «Жастар алаңы» салынып, пайдалануға берілген.
Ауылдағы №98 орта мектепте 185 оқушы білім алуда. 2017 жылы пайдалануға берілген мектеп 200 орындық көлемде салынған. Білім ошағында баланың бос уақытын пайдалы өткізуге жоспарланған арнайы үйірмелер бар. Пәндік бағыт пен ән өнерін қамтитын 13 ақылы, волейбол, теннис, тоғызқұмалақ, шахмат сынды спорттық бағыттағы 7 тегін үйірме белсенді жұмыс жасайды. Ауыл тарихын көрсететін 2010 жылы ашылған музей мен «Ер Тарғын» мектепке дейінгі даярлыққа арналған орталығы, жазғы демалыста жұмыс істейтін «Балдырған» тынығу лагері тағы бар. 80 орындық асхана мен 120 орындық АКТ залы да балалар игілігі үшін салынған.
Бір таңқаларлығы, ауыл тұрғындары сапалы ауызсуға осы жылдан бастап толық қол жеткізбек. «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры арқылы 25 қоғамдық колонкадан тұрақты түрде ауызсу пайдаланса, тұрғын үйлердің шекараларына дейін сервистік ауызсу құбырын жеткізу үшін 81 миллион теңге қаржы бөлінген. Жоспар бойынша 2021 жылы аяқталуы тиіс жобаның жұмыс барысына куә болдық.
2019 жылы ауыл тұрғындары Ерімбет Ағарыс, Балғазы Томаев сынды азаматтардың демеушілігімен «асар» жасау арқылы ауыл орталығынан “Жиенбай Ишан” мешітінің құрылысы басталып, 2020 жылы толығымен аяқталған. Мешіт ғимараты жанында жаздық шәйласы бар. Осылайша ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілген мешітке осы жылы тағы да «асарлатып» асхана салынбақ. Бұл туралы ауыл әкімі Нүркен Сералиев: «Ауылды ауыл ететін адамдардың аппақ көңілі ғой. Мешіттің құрылысы өткен жылы аяқталып, ел бір қуанғанда, енді жалғасы ретінде асханасы салынып жатыр. Пейілі кең, жомарт жандарға шын ризашылығымды білдіремін», – дейді.
«Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен Майдакөл елді мекеніне жаңа электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба «Арткомтрэйд» ЖШС мердігер мекемесімен жүзеге асып жатыр. Ол бойынша ауылдық округке 194 темірбетон бағаналар, 7,8 шақырым электр желісі, 3 трансформатор қондырғысы ауыстырылып, 96 дана LED жарықшамдар қойылуы тиіс. Қазірге дейін ауылда Байжанов, Қалниязов, Алмас көшелеріне жарықшамдар орнату аяқталды. Ал әкімнің айтуынша, жалпы жөндеу жұмыстары тамыз айына дейін бітеді.

Жұмыссыздықты жою – басты жоспар
Округке барғанда ауылда тіршілік жоқ деген түсініктің жалған екенін түсіндік. Өткен жылдан бастап 30 адам жұмысқа қабылданып, оның ішінде 15 адам тұрақты, 15 адам уақытша маусымдық қызметке алынып отыр. 16 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 4 адам жастар тәжірибесімен жұмысқа алынып, жыл аяғына дейін жұмыстарын жалғастыруда.
Одан бөлек түрлі мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар қаншама. Ауыл тұрғыны Гүлжазира Малкайдар 2020 жылы наурыз айында 505 мың теңгелік қайтарымсыз грантты иемденіп, тігін машинасын сатып алған. Арнайы бұл саланы оқымаса да тігінге қызығатын келіншек енесімен бірге тапсырыс қабылдай бастаған. «Карантин режимі күшейтілген кезде бетпердеге тапсырыс көбейді. Одан бөлек түрлі дизайндағы киімдерді, құрақ көрпелерді тігіп жүрмін. Енем қолдау көрсетіп, екеуміз бірге жасаудамыз», – дейді еңбекқор келіншек. Одан бөлек ауылшаруашылық бөлімінен 3 миллион 400 мың теңгелік несие рәсімдеп, 9 бас жылқы сатып алған ол шаруасын шалқытып, отбасын шаттыққа бөлеп отыр. Түс мезгілінде барсақ та ауыл ішінде үйіне тығылып, күннің ыстығын сылтауратып жатқан адамды көрмедік. Бәрі де үй маңында, ауыл ішінде тынымсыз еңбек етіп жүр. Жұмыссыздық мәселесін шешуге белсене кіріссек, сапалы өмір сүру дағдыға айналарына сенім мол.

Дина БӨКЕБАЙ
05 маусым 2021 ж. 1 251 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 87

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031