Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруасы шалқыған Шәкен

Шаруасы шалқыған Шәкен

Төрт түлікті түлеткен
Ауданнан шалғай орналасқан Шәкен ауылдық округі қазір Қарақұм беткейін алып жатыр. Оның маңайына Шәкен, Шилі, Шөлқұм ауылдары мен Жетімшағыл, Жиеналы, Сүлей бұлақ, Абыла, Татанбай, Айбарша, Жақсылық, Тышқанбай, Жанұзаққазған, Тоғызқұдық, Сахибаз, Әсем, Сапақ, Шоқпар, Шекер өзге де ұсақ елді мекендер топтастырылған. Негізі өз алдына округ болып қазіргі Арықбалық ауылдық округінен бөлініп, құрылған еді. Осылайша алғашқы әкімдік басқаруды 2005 жылы Амантай Темілбайұлы қолға алды. Кейін әр жылдары Сәнімкүл Күлікбаева, Болатбек Әміреев, Тастайбек Сермаханов абыроймен басшылық етті. Алғашқы кезде халық саны 814 адамды құрап, жүзден асып жығылатын тұрғын үйде 119 отбасы болды. Шәкендіктерге №134 орта мектеп, мектеп жанындағы интернат, Шөлқұм елді мекенінде бастауыш мектеп, ауыл орталығында ауылдық жанұя емханасы жұмыс істейді. Шилі, Шөлқұм елді мекендерінде қос фельдшерлік-акушерлік пункт, клуб, кітапхана, жылжымалы почта бөлімшесі ауыл тұрғындарына қызмет етеді. Мұндағы халықтың барлығы дерлік төрт түлікті түлетумен айналысады.
Қазір екі жыл ауылды басқарып жүрген Тимур Ибраимұлы әлеуметтік мәселелерді қолға алуда. Осы уақытқа дейін ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін біршама ілгерілетуде сүбелі үлес қосып келеді. Ауылдың демографиялық көрсеткіші жоғары мұнда 32 көп балалы ана тізімде бар. Олар «Алтын» және «Күміс» алқалармен наградталған. Оның ішінде 18-і «Алтын» тақса, 14-і «Күміс» алқа иесі атанды.

Өркениеті өрістеген мекен
Округ құрылғалы бері жақсы жаңалықтар ауыл азаматтарын бір серпілтті. Атап айтқанда, Шилі елді мекенінде 9 жылдық №259 негізгі орта мектеп ашылды. Бұдан соң ауылда 2 нүктеде сымсыз телефон байланысы іске қосылды. Көп ұзамай медициналық бекет құрылысы салынып, 100 нүктелі әуе арқылы телефон байланыс құрылғысы орнатылды. Қуаныштарында шек жоқ тұрғындар түгел байланыспен қамтылып, алыс-жақынмен хабарласуға мүкіндік алды. Кейіннен спутниктік интернет желісіне қосылған ауыл әкімдігі, Шәкен дәрігерлік амбулаториясы, №134, 259 мектептер әлемдік ғаламтордың игілігін көрді. Ал былтырдан бастап ауыл тұрғындары интернет пен ұялы телефонның қызығына батып, ондағы қосымшаларды шексіз қолдануда.
Өркениетке бастаған басшылар халқына жақын болып олардың қараңғыда сүрінбей еркін жүруі үшін Шәкен мен Шилі ауылдарындағы көшелерді жарықтандырды. Ел игілігі үшін жаңадан екі бұлақ қазылып, ауызсу мәселесі де оңтайлы шешілді. Жасөскіндердің уақытын тиімді пайдалану бағытында ауыл ортасынан жасанды жасыл спорт алаңы бой көтерді. «Асар» әдісімен ауыл тұрғындарының және ізгілікке жаны жақын мәслихат депутаты Мінәжадин Өтеевтің қаржылай қолдауымен ауыл клубы тұрғызылды.
– Қазіргі күнімізге шағым жоқ, ­барына қанағат ететін халықпыз ғой. Сондықтан шүкірлік еткенге не жетсін. Баяғыдай емес, үйімізде күні-түні электр жарығы жанып тұр. Ұялы байланыспен жан-жаққа хабарласып, амандығын біліп отырмыз. Даламыз малға толуда. Жаңадан алаңдар беріліп, жастар бос уақыттарында салауатты өмір салтын қалыптастыруда. Осында ойнап бойларын жазып, шынығады. Қалған қажеттіліктер өз уақытында орындалатынына үміт зор, – дейді ауыл ақсақалы Әзілхан Үмбетов
2013 жылы Шәкен ауылдық дәрігерлік амбулаториясы жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Ауылдың келбетін ажарландырып, ерлікті жаңғырту мақсатында Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы мерекесіне орай «Жеңіс жұлдызы» тағзым алаңы салынды. Бұл құрылыспен қатар №134 мектеп ауласына балалар ойын алаңы жасалды. Сонымен қатар ауылдан мешіт салуға жер бөлініп, демеушілікпен асарлатып Әл-Мұхаммед ата мешіті салынды.
Қуаныш үстіне қуанышқа бөленген шәкендіктерге ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында «Арал» қорынан 1 трактор тіркемесімен пайдалануға берілді. Қазір ауылды көркейтіп-абаттандыру жұмыстарына септігін тигізуде.
Осыдан бес жыл бұрын ауылға кіреберіс қақпа орнатылды. Он алты жыл ішінде шәкендіктердің тұрмыстық жағдайы жақсарып, округте 43 жаңа тұрғын үй бой көтерді. Одан бөлек 30 үй бұзылып, қайта салынды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 1 жас маман ауыл орталығынан баспаналы болды. Бұл ауылдың экономикалық тұрғыда өсімінің көрінісі.
2017 жылы Шәкен ауылынан 100 оқушыға арналған мектеп және 30 балаға лайықталған мектеп жанындағы интернатымен №134 орта мектебі ғимараты типтік үлгіде жаңадан салынды.
Бүгінде елдімекендегі №134 орта мектепте 99 бала білім алуда. Оларға 35 мұғалім дәріс береді. Былтыр мектептен 2 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары оқу орнының грантын иеленді. Мектеп жанындағы интернат карантин талаптарына сәйкес уақытша тоқтатылған. Ауылда 20 баланы тәрбиелейтін «Балбөбек» шағын орталығы жұмыс істейді.
Сонымен қатар Шилі елді мекенінен 50 орынды мектеп және 20 орынды мектеп жанындағы балабақшасымен №259 негізгі мектеп ғимараты типтік үлгіде жаңадан салынды.
Осы білім ошағында 57 оқушы білім алса, мектеп жанындағы «Ақтілек» шағын орталығында 20 бала тәрбиеленуде.
2017 жылы атакәсіппен айналысып отырған халыққа көптен күткен мал тоғыту ваннасы мен мал қорымы пайдалануға берілді.

Бағдарлама ел игілігіне
Ел тәуелсіздігі қалыптасқаннан бері дамудың жаңа кезеңдерінен өтуде халық өз күшімен жеке кәсіптерін аша бастады. Бүгінгі күні мұндай үлес қосып отырған азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлік саласы қарыштап дамуда.
Атап айтсақ, Шәкен ауылында 10 шаруа қожалығы жаңадан құрылды. Бүгінге дейін округ бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектінің саны 92-ге жетті. Шәкендіктерге ауылшаруашылық пен селолық тұтыну кооперативтері мен серіктестік және 48 шаруа қожалығы қызмет етеді. Сондай-ақ 4 азық-түлік дүкені және көлік тасымалы, 32 ауыл шаруашылығы бағытындағы жеке кәсіпкер бар. «Шәкен ауылдық округінен «Сыбаға» бағдарламасына 6 шаруа қожалық, «Алтын асық» бағдарламасына 3 шаруа қожалық, «Құлан» бағдарламасына 2 шаруа қожалығы мемлекет тарапынан несиелендіруге қатысты. Олар 49,2 миллион теңге қаражат алып, кәсібін дамытуда.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шаруа қожалығы, 3 жеке кәсіпкер ісін бастады. «Агробизнес» бағдарламасымен 8 шаруа қожалығы, 2 жеке кәсіпкер шаруасын дөңгелетуде. «Микробизнес Қызылорда» жобасы бойынша 183,2 миллион теңге несие алған 7 жеке кәсіпкер, 9 шаруа қожалығы жеке кәсібін жүргізіп отыр», – дейді округ әкімі Тимур Кималов.
«Жұмыспен қамту 2017-2021» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша Шәкен ауылында 2 кәсіпкердің қарамағынан 6 адам жұмыс тапты.
Шөлқұм елді мекенін құм басу салдарынан бағдарламадан тыс тұрғындар өз еркімен көшіп кетуі есебінен халық саны азайды.
«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік қыр-сырын 11 адам оқып, бизнес жоспарын қорғады. «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 4 адам кәсібилігін арттырды. Олардың 9-ы мемлекеттік грант алып, кәсібін ашты. Ал 4-еуі мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алды.
Жұмыспен қамту аясында шағын кәсіпкерлікті қолдауға арналған құны 555,6 мың теңге стартап мемлекеттік грантқа ұсынылған 19 жоба қолдау тапты. Олар 10556,0 мың теңге грант алып, өз кәсібін дамытуды қолға алды.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастар тәжірибесіне 7 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа 51 адам, маусымдық жұмысқа 21 адам қатысты.
Аталған мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлер жалпы құны 242,5 миллион теңге грант пен несиеге ет бағытындағы мал басын асылдандыру бойынша 318 жылқы және 187 мүйізді ірі қара, 11 түйе, 1743 қой, 62 құс сатып алынды.
Осы жаңадан ашылған кәсіпкерлік субъектілерінде және мемлекеттік мекемелерде, өзге де жеке субъектілерде 343 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осындай мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану нәтижесінде округ бойынша төрт түліктің саны өскен. Бүгінде мүйізді ірі қара саны 2102, уақ мал 9329, жылқы 4105, түйе 1762 басқа жетіп отыр.
Тәуелсіздік алған 30 жылда Шәкен ауылы экономикалық, рухани тұрғыда жақсы дамып келеді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
12 мамыр 2021 ж. 883 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031