Карантин талаптары күшейтілді
Бейсенбіден бастап өңір халқының жүріс-тұрысы жаңа талаппен шектелді. Өйткені облыстың бас санитары жаңа қаулы жариялады. Өткен жылы коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт өскенде қабылданған мұндай шешімнің қайта күшіне енуі жұртқа таңсық емес. Көпшілік дүкендегі керек-жарағын күн батқанша алып, бетперде мен антисептик өмір салтына енгені қиындық тудырмайтыны анық. Сонымен қазалылықтар қаулыдағы қандай шектеулерді ерекше есте сақтау керектігіне тоқталайық.
Жеке бас гигенасына көбірек мән берген жөн. Сондықтан қорқор шеккенді ұнататындар уақытша бұдан бас тартыуна тура келеді. Балалардың ойын алаңдарына, түрлі форматтағы жиындарға, бұдан бөлек отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларға, жалпы үйде, адамдар көп жиналатын өзге де орындарда тіпті ауызашар беруге де болмайтынын назарда ұстау керек. Букмекерлік кеңсе, боулинг және компьютерлік клуб, бильярд, түнгі және ойын клубы мен караокеде ән айту қызметін ұсынатын кәсіпкерлер ісін уақытша тоқтатауына тура келеді. Әйтпесе көлемді айыппұл арқалауы мүмкін. Басқа аудандар мен қалаға қатынайтын автобус жүргізушілеріне де қиын болайын деп тұр. Өйткені жолаушылардың көлікке көптеп мінуі қауіпті екені айтылуда. Бір жерге шоғырланбау туралы сөз қозғалғанда мәдениет объектілері де ойға оралары анық. Бұл тұста театр, кинотеатр мен концерт залдарының есігіне құлып салынғанын айта кеткен дұрыс.
Жаңа карантин талаптары білім беру ісіне толықтай тыйым салған жоқ. Бұдан былай жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сынып оқушылары және мектепалды кластарындағы бала санын 25-тен асырмай, аралас форматта оқытуға болады. Сонымен бірге бітіретін кластар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде пәндердің 70 процентін штаттық режимде, қалған бөлігін қашықтан аралас форматта оқытуға рұқсат. Бірақ аудиториядағы бала саны 15-тен аспауы шарт. Осы шектеуден аспайтын мектепке дейінгі мекемелердің кезекші топтары жұмыс істей берсе мархабат.
Негізгі шектеулер кәсіпкерлерге бағытталғанын айтқан едік. Өйткені түрлі сауда орыны мен асхана, мейрамханаларда тұрғындар шоғыры көп байқалады. Осының алдын алу үшін азық-түлік тауарларын сату бойынша супермаркет, гипермаркеттер жұмысына сағат 07:00-ден 23:00-ге дейін, дүкен, шағын маркеттер жұмысына штаттық режимде жұмыс істеуіне өзгерістер енгізілді. Сол сияқты азық-түлік емес тауарларды өткізу объектілерінің жұмысы кешкі алтыда аяқталуы тиіс. Ашық аспан астындағы азық-түлік базарлары үшін штаттық режимде, азық-түлік емес базарлар үшін сенбі күндері сағат аталған уақытқа дейін рұқсат бар. Бірақ жексенбі күндері дүкендер мен дүңгіршектер жұмыс істемейді. Мұндай демалыс жабық базар, ойын орталықтары, сауда үйлері мен желілеріне де қатысты.
Ал қоғамдық тамақтану ғимараты ішінің жартысы бос тұру керек. Бұл түсініксіздеу болса мейман санын 30 адамнан асырмай, кешкі сегізде есікті құлыптасаңыз, ережені бұзбайсыз. Жылдам даярланатын тағам ұсынушылар жеткізу мен әкету жұмысын жүргізе берсе болады. Тек түнгі он екіде кәсіпті тоқтатуға тура келеді.
Салауатты өмір салтын ұстап, дене жаттығуымен шұғылдануды әдетке айналдырғандар фитнес-орталық, фитнес-клуб, спорттық-сауықтыру объектілері, жабық бассейн мен СПА-салондардың тек кешкі сағат онға дейін қызмет көрсететінін біле жүргені құп. Бұл тізімге массаж орталықтары мен кабинеттері де қосылған. Алайда басқа нысандар сияқты сенбі, жексенбі күндері есіктері жабылады.
Мемлекеттік бас санитар бикештердің де қауіпсіздігін ойлағаны сөзсіз. Өйткені сұлулық салондары, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызметтер, маникюр, педикюр жасап беретін салондардың жұмысын 21:00-ге дейін шектеген. Сонымен бірге «Ashyq» пилоттық жобасына қатысатын объектілер үшін «сары аймақ» өлшем шарттар қойыла отырып кейбір тірлікке рұқсат етіліпті. Мәселен, діни объектілер бұқаралық іс-шаралар өткізбей, сондағы қоғамдық тамақтану орындарын жауып жұмыс істегісі келсе ешкім кедергі келтірмейді.
Бұған дейін мекеме қызметкерлердің 50 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшкені белгілі. Енді мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, басқа да кеңсе қызметі мамандарының кемінде 80 проценті өзіне артылған міндетті үйде отырып орындауға мәжбүр. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтары тек алдын ала телеграмм-ботпен брондау арқылы жүргізіледі. Банктер, «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінің жұмысы 18:00-де аяқталмақ.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ