Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаттықтың алғашқы адымдары

Азаттықтың алғашқы адымдары

Егеменді ел атану – тәуелсіздігі жоқ кез келген халықтың басты арманы. Биыл бодандық бұғауынан босап, тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл.
Коммунистік идеологияны зорлықпен қанына сіңірген ұлт үшін барлығын өз қолына алу оңай тәуекел емес еді. Бірақ сол сәтте бұдан басқа амал болмады. Ғасырлар бойы ата-баба қаны төгіліп, еркіндікке қол жеткізген тұста жиырмасыншы ғасырдың Абылайларына әлсіздік таныту жараспайтыны анық еді. Өйткені миллиондаған қазақтың алдында кемелденген әлемнен өз орынын табу, әйтпесе ұлттық құндылығын жоғалтып, ауызы апандай алыпқа сіңісіп кетуден басқа жол жоқ-тын. Дұрыс таңдау жасау үшін жұрт алдымен Қазақ елін кемел келешекке бастайтын көшбасшы сайлау керектігін түсінді.
Қазақ КСР-інде Президент лауазымы 1991 жылы пайда болды. Сонымен бірге одақтас республиканың басшысын Жоғарғы Кеңес сайлайтын шешім шықты. Бұл батыл қадамдардың алғышарты болғанын да айта кетейік. Соған сай Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген Нұрсұлтан Назарбаев Кеңестік республиканың президенті атанды. Осы жылдың қазан айында Сайлау туралы заң қабылданып, бір жарым айдан кейін 1 желтоқсанда халықтың ұлт жетекшісіне дауыс беру мүмкіндігі пайда болды. Күдік пен күмән бойды билеген алғашқы науқанда ойдағыдай өтіп, нәтижесінде Н.Әбішұлы 8 миллион 600 мыңнан астам дауыс берушінің қолдауына бөленіп, жеңіске жетті. Бұл сайлауға келген жұрттың 99 процентін құрады.

«Кеңес» келмеске кетті
17 наурызда Кеңес Одағында Бүкілодақтық референдум өтті. Онда азаматтар «КСРО-ны сақтап қалу қажет пе?» деген сұраққа жауап іздеді. Бір қызығы, қатысушылардың 76 проценті «Кеңесті» кемелдендіруді қаласа, 22 проценті өзгеріс үшін дауыс берді. Қалғаны екіұдайлы ойда қалған. Бірақ олардың көксеген үкіметі онсыз да құрдым алдында тұрды. Осы жиындағы астыртын әңгімелерден кейін, 19 тамызда Қырымда демалып жүрген Одақ басшысы Михаил Горбачев сырттай биліктен шеттетілді. Мемлекеттік төңкеріс жасалып, төтенше жағдай жарияланды. Жасырын топтардың жоспары бойынша уақытша үкімет – Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті құрылды.
Мәскеуде төңкеріс жасауға ұмтылған топтың бүлігінен кейін Коммунистік партия өзін-өзі тарататуға мәжбүр болды. Сәйкесінше, тамыздағы төңкерістер Кеңес Одағын аңсағандардың арманына түпкілікті балта шапты. 8 желтоқсанда Ресей, Украина және Беларуссия басшылары КСРО-ның өмір сүруін тоқтату туралы Беловеж келісімі жасалды. Біршама уақыттан кейін Қазақстан да тиісті конституциялық заңға қол қойғаннан кейін тәуелсіздігін жариялады. Бауырлас Түркия мемлекеті жаңа республиканың тәуелсіздігін бірінші болып таныды.
Ал 21 желтоқсанда Қазақстанның сол тұстағы астанасы Алматы қаласында бұрынғы одақтас 11 республиканың басшылары декларацияға қол қойды. Ол құжат Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының іргетасын қалады.

Бомбасыз болашақ
Тәуелсіздік жарияланғанға дейін Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан санаулы елдер қатарына кірді. 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев тура 40 жыл болған Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Ойланып көріңіз, сол кезге дейін Абай туған топырақта 473 ядролық жарылыс жасалып, сондағы қаракөздерге қасірет алып келген. Оның әрбірінің қуаты 50 мегатоннаны құрап, радиациялық сәулесі 304 мың шаршы метр аумаққа жететін. Бұл 1 миллион 7 мыңнан астам қазақтың өкпесін улап, мутацияға ұшыратты. Ғасыр апатына айналған «Невада – Семей» атом бомба станциясын жабу туралы бастаманы антиядролық қозғалыс жетекшісі Олжас Сүлейменов көтерді.

Тұңғыш ғарышкер
Тәуелсіздік алған жылы КСРО мен Қазақ КСР үкіметтері арасындағы келісімнен кейін Тоқтар Әубәкіров Мәскеудегі Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығында жаттыға бастады. Біліктіліктен өткеннен соң қазан айының екісінде қазақ алғаш рет ғарышкер-зерттеуші ретінде орбитаға шықты. Экипаж құрамында командир Александр Волков және австриялық Франц Вибек болды. Тоқтар Әубәкіров «Мир» орбиталық кешенінде бір апта болып, 10 қазанда Союз ТМ-12 ғарыш кемесімен жерге оралды. Бұл бұғанасы қатайып үлгермеген қазақ жұртының ортақ қуанышы еді.

Алғашқы ақпарат құралдары
Бұқаралық ақпарат құралдары ортақ мақсат пен мүддеге жұмылдыратын күш екені белгілі. Ел арасында төртінші билік өкілдері атануының себебі де осында жатса керек. 1991 жылдың көктемінде екі жаңа телеканал – «КТК» және «Таң»бағдарламалары жаңа республиканың жағымды жаңалықтарын тарата бастады. Қос телеканал да бір мезетте қазақ қоғамында үлкен танымалдылыққа ие болды. Жазда Қазақстандағы ең табысты газеттердің бірі «Караван» апталығының алғашқы саны жарық көрді. Басылымның бірінші таралымы 50 000 дананы құрап, жеті жыл ішінде оқырмандары бес есеге өседі.

Жаңа жүйе жасақталды
1991 жылы Президент әкімшілігі мемлекеттік органдарды белсенді түрде реформалай бастады. Ғарышты зерттеу агенттігі, жер мәселелері және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Мұнымен қоса туризм, БАҚ, спорт министрліктері құрылды. «Қазақ КСР Ұлттық мемлекеттік банкінің жарғысы туралы» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы қабылданды.
Жарлыққа сәйкес Ұлттық банк мемлекет меншігіне айналды. КСРО Сауда-өнеркәсіптік банкінің Қазақстандағы филиалы «Тұран банк» меншігіне беріліп, 17 жылдан кейін «БТА» банкі болып өзгертілді. Елде жаңадан салық қызметі мен кеден комитеті жұмыс істей бастады. 10 желтоқсанда Президент республиканың «Алтынқорын» құру туралы жарлық шығарды.

Көне атаудан арылған Атырау
Азаттық жылдарының басында Гурьев облысын Атырау, Кокчетав – Көкшетау болып өзгертілді. 10 желтоқсанда Қазақ КСР көне атаудан арылып, Қазақстан Республикасы деп атала бастады.

Түркі мерекесі қайта түледі
Түркі елдері үшін ұлық мерекеге айналған Наурыз мейрамын 1926 жылы Кеңестік билік «өткеннің қалдықтарымен» күрес деген сылтаумен тойлауға тыйым салғанын тарихтан білеміз. Мерекенің дінмен ешқандай байланысы болмаса да, ұлтты дәстүрінен айыру діни қызметкерлер мен тақуаларды қудалаумен қатар жүрді. Соның салдарынан қазақ даласында 60 жыл бойы «Наурыз» әні шырқалмады.
1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жаңа жылы – «Наурыз мерекесі» туралы жарлыққа қол қойып, оны ресмилендірді. 22 наурыз күнтізбеде қызылмен белгіленді. Тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет әз-Наурыз 1992 жылы тойланды.

Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
30 қаңтар 2021 ж. 2 593 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930