Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Қалаулылар” қызметіне кірісті

“Қалаулылар” қызметіне кірісті

Бұған дейін Мәжіліс депутаттарын сайлау елдің түкпір-түкіпірінде ерекше қарқынмен, тың жаңалықтармен өткен болатын. Ерекшелігі сол, қатарға жаңа партиялар қосылып, бұрын болмаған қарқынмен үгіт-насихат жұмыстары жүрді. Ел келешегін құруға қазалылықтар да белсенді түрде үн қосты.
Нақтырақ айтсақ, аудандағы 46960 сайлаушының 38097-сі ­учаскелерге келіп дауыс берді. Таңдау жасаған жерлестердің үлесі 81 процентке жеткен. Ал жеңімпаз атанған «Nur Otan» ­партиясына жергілікті дауыс берушілердің 82 проценттен астамы сенім білдірген. Сәйкесінше, «Nur Otan» партиясына 13, «Ауыл» ­партиясына 2 мандат берілді. Бұл туралы аудандық Сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Жөлекешов жұма күні аудандық мәслихаттың жаңа шақырылымының бірінші сессиясында мәлімдеді.
Жиынға қатысушылар алдымен Қазақстан Республикасының гимнін тыңдап, құрмет көрсетті. Осыдан кейін мәслихат хатшысы сайланғанша жиынды жүргізу құқығына ие сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Оңдасынұлы партиялар тарапынан ұсынылған депутаттарға мандат тапсыру салтанатын бастап кетті. Олардың арасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес депутаттық құрамдағы нәзік жандылардың үлесін арттыруға байланысты Жанат Көланова мен Алтынкүл Құрақбаева депутаттық төсбелгіге ие болды. Сонымен бірге аудандағы белсенді жастар атынан Жанат Ержігітова елдік мәселелерге араласатын болады. Ресми «халық қалаулысы» атағын алғандар қатарында Бақытжан Жарылқап, Ғазиз Әліш, Нұрғиса Жалғасбаев, Арғын Орынбаев, Талғат Әліпбаев, Нұрлан Имандосов, Ардақ Кәдір сияқты белгілі азаматтар бар. Ендігі жерде бюджеттік маңызды шешімдерді қабылдауда Төребек Игіліков, Исахмет Мусиров, Абдуали Рахметов, Ерболат Мұқаш пен Райымбек Төребаевтар тәжірибелерімен бөлісуден аянып қалмайтыны белгілі.
Айта кету керек, депутаттар арасында былтырғы құрамнан өткен бес азамат бар. Қалған он халық қалаулысы жаңадан сайланды.
Бұдан кейін аудандық мәслихаттың бірінші сессиясының уақытша төрағалығына депутаттар арасынан Ғазиз Әліш сайланды. Ол мандат алған әріптестеріне ізгі тілегін жолдап, күн тәртібіндегі мәслихат хатшысын сайлау мәселесін қозғады. Заңнамаға сәйкес аталған лауазымды сайлауда депутаттар ашық немесе жабық түрде дауыс беру құқығын таңдауы тиіс. Бұл тұста жиналғандар ашық дауыс беруді құп көрді. Хатшылыққа лайықты кім бар деген сауал туғанда депутат Талғат Әліпбаев көпшілікті Бақытжан Жарылқаптың кандидатурасын қолдауға шақырды. Мұны мәслихат мүшелері бірауыздан қолдады.
Сессияда аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы тіркелді. Фракция жетекшісі болып аудандық мәслихат депутаты Нұрғиса Жалғасбаев сайланды. Ал келесі сессияның төрағалығына Жанат Көләнова ұсынылып, қолдау ­тапты.
Мұнан кейін сөз алған аудан әкімі халық қалаулылары мен аудандық мәслихат хатшылығына сайланған Бақытжан Дүзелбайұлын құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл ­толады. Айтулы мерекемен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын.
Биылғы жылдың басы үлкен саяси науқанмен ­басталды. Мәжіліс депуттарын сайлау ісін ойдағыдай өткердік. Қазалылықтар ел келешегі үшін белсенділік көрсетіп, көтеріңкі көңіл күйде болды. Сол үшін аудан жұртшылығы мен сіздерге зор ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып халық әлеуеті мен ел экономикасын арттыруда аянбай еңбек ететіндеріңізге сенім білдіремін, – деген әкім өзінің жаңа орынбасарын ­таныстырды.
Бұған дейін аудандық мәслихат хатшысы болған Күнтілес Назымбеков енді аудан әкімінің ауыл шаруашылығы, экономика, қаржы және кәсіпкерлік саласына жетекшілік жасайтын орынбасар қызметін атқарады.
Аудан әкімі сессияда Қазалы ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың ІV, V, VI шақырылым депутаты болған Қасқырбай Әлімбайға Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты төрағасының «Алғыс хатын» салтанатты түрде табыстады. Ал аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбековке Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы», аудандық мәслихат хатшысы болған Бақытжан Жарылқап пен аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі Нұрғиса Жалғасбаевқа аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
19 қаңтар 2021 ж. 2 499 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 186

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 128

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031