Оттегіден тапшылық туындамайды
Әлемді әбігерге салған «Сovid-19» індетінің бірінші толқыны еңсеріліп, екінші кезеңге дайындық жүріп жатқаны баршаға аян. Орын алған олқылықтардың алдын алып, қателіктерді қайталамас үшін тыңғылықты дайындық пен тындырымды тірлік керек-ақ. Қазірдің өзінде ауданда екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталып, індет тырнағына адам тағдыры ілінбеуі үшін алдын алу шаралары жүргізілуде. Соның бірі – өткен жұмада ауданаралық аурухана жанынан ашылған заманауи талаптарға сай жабдықталған оттегі станциясы.
Облыс деңгейінде екі жерде ғана бар, аудандар арасында алғашқы болып ашылған станцияға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбитбек Пазылов арнайы келіп, медицина саласы қызметкерлерінің қуанышымен бөлісті.
– Бұл аудан үшін ерекше есте қалатын тарихи жағдай. Ел басына күн туған кешегідей қысылтаяң кезеңде медицина саласының қызметкерлері бұл оттегі станциясына мұқтаждықты тікелей сезінгендіктен қадірін біледі. Бір жұтым ауаның баға жетпес байлық екенін осы жерде науқас емдеген мамандардан артық ешкім сезінбеген болар. Қуанышымызға орай, аудандардың арасында алғашқы рет ауруханадан оттегі станциясы ашылып отыр. Енді аудан дәрігерлері оттегі тапшылығын сезінбейді. Бұл станция Қазалыдан бөлек, көршілес Арал мен Қармақшы ауданы және Байқоңыр қаласын оттегімен қамтуға мүмкіндік береді. Нысанның ашылуына «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» Акционерлік қоғамы демеушілік жасады, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбитбек Пазылов дәрігерлерге қолдау көрсеткен аудан басшысына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Мұнан соң аудан әкімі Мұрат Ергешбаев оттегі станциясының жұмысымен танысып, заманауи құрылғылардың мүмкіндіктерін көрді.
Бұл жерде арнайы оқытылған екі маман жұмыс істейді. Одан бөлек олар алдағы уақытта ауданаралық аурухананың екі қызметкерін оттегі станциясының жұмысына үйрететін болады.
Бір тәулікте кезектесіп, екі кезеңде жұмыс істейтін станция сағатына шамамен 6, күніне 120 баллон өндіретін қауқары бар. Сағатына 40 текше метр оттегі шығаратын станция оның құрамындағы бес түрлі газды фильтрден өткізіп, 99,5 процент талапқа сай медициналық оттегіні тазалайды.
Станцияның ашылуына қатысып, жұмыс істеу барысымен танысқан аудан басшысы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбитбек Пазылбековке дәрігерлер қауымының атынан медицина саласының ардагері Орақ Кеубасов алғысын білдірді.
А.ҚАЛДЫБАЙ