Түркия мұражайына Абайдың балауыз мүсіні қойылды
Түркияда Абай Құнанбайұлының құрметіне тағы бір саябақ ашылып, «Ғалымдар» атты мұражайда арнайы бөлме таныстырылды.
Анадолыны аралған адам қазақтың көрнекті тұлғаларының есімі берілген саябақ, даңғыл мен көшені кездестіретіні сөзсіз. Соңғы жылдарда олардың саны едәуір артқан. Тағы бір осындай мекен Месопатамия өркениетінің орталығы Искилитте бой көтерді. Түріктің ең беделді 12 ғалымының мұражайында бұдан былай Абай Құнанбайұлының да бөлмесі ашық. Еліміздің елшілігі мен шахар мэриясының бастамасымен ашылған мұражай қаланың қақ ортасында орналасқан.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркияның Чорум провинциясының тұрғындары мен қонақтары енді «Ғалымдар» мұражайында Абайдың өмірі мен шығармалары туралы толық таныса алады. Түріктің ең беделді тарихи мекемесіне қазақтың кемеңгер ақынының балауыз мүсіні мен түрік тіліне аударылған туындылары қойылған. Гиппералистік мүсінді түріктің екі шебері 2 айдың ішінде жасап шыққан. Бұған дейін 60-қа жуық көрме дайындаған шеберлер ұлы ойшылдың мүсінін жасамас бұрын ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бірнеше ай бойы оқып, зерттеген екен.
Хакан Актан, мүсінші:
- Балауыз мүсінді жасар алдында ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы оқыдық. Себебі суретке қарап жасаудың өзі жеткіліксіз. Оның бет әлпеті мен көзқарасын нақты беруіміз керек. Сосын азиат типті мүсінді алғаш рет жасадық. Өзімізге де қызық болды. Көз жанарын бірнеше апта бойы іздестірдік. Себебі нарықтағы көздер ірі болды. Мұндай тұлғаларды жасау үлкен жауапкершілік. Сондықтан күні-түні 4 кісі туындыны бұл күнге жеткізуге тырыстық. Абайдың гиппереалистік мүсінін бұған дейін бірнеше рет еліміздің шеберлері жасаған. Ал шетелде тұңғыш рет Түркияда таныстырылып отыр. Сондай-ақ Искилитте Абай атындағы серуенге және жайлы демалысқа арналған жаңа қоғамдық орын пайда болды. Саябақта Абай туралы ақпарат жазылған ескерткіш тақтасы қойылып, екі жағына Қазақстан және Түркия байрағы орнатылды.
Абзал Сапарбекұлы, ҚР Түркиядағы елшісі:
- Жалпы бүгінгі ашылудың негізгі ерекшелігі, біз осыған дейін Түркияның көптеген провинцияларында, оның ішінде Ыстамбұл, елордасы Анкара, Егей аймағында Абай атындағы саябақ, даңғыл мен көшелер ашылды. Бұл жолғы саябақ пен мұражай Месопотамия өркениетінің орталығы Чорум, Искилип елді мекенінде ашып отырмыз.
Али Сүлүк, Искилип шахарының мэрі:
- Саябақты Ататүрік атындағы орман шаруашылық фазендасы территориясында аштық. Кезінде ұлы көсеміміздің өзі бұл жерді түрік халқына тарту еткен. Ататүрік – еліміздің негізін қалаған көшбасшымыз. Сондықтан қазақтың ақиық ақынына осы жерді лайық деп таптық. Бұл екі халықтың достығының нышаны болсын. Осында келген жұрт Абайды танып, тақташадағы шығармаларымен таныссын. Түркияда Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар мұнымен шектелмейді. Алдағы күндерде Анкараның Гөлбашы ауданында тағы бір саябақ ашылып, Ыстамбұлдың ірі алаңының біріне Абайдың есімі берілмек.