Өткел мәселесі өзекті
Әдеттегідей таң атысымен жұмысқа шықтым. Аялдамаға асығып, қоғамдық көлікті тостым. Күннің салқынынан екі тізем біріне-бірі соқтығысып, тоңа бастадым. Уақытында келе қоятын маршрут жоқ. Әрең дегенде 15 минутты артқа тастап, ол да келді. Кірер-кірместен бос орындардың біріне жайғасып, бүрісе кеттім. 5-ші кварталдан шыққан қоғамдық көлік, арғы бетке өту үшін өткелге келіп тоқтады. Пойыз өтіп жатыр. 15 минут өтті. Өткелдің ашылатын түрі жоқ. Кезекшілікте тұрған – әйел адам. Сол сәтте көліктің соңында отырған бір көкем:
– Бір күнде жиырма төрт сағат болса мына өткел соның жарты уақытын өлтіреді. Әсіресе осындағы екі әйелдің кезекшілігінде, әрдайым жабулы күйі тұрады. Олар алыстан пойыздың сұлбасын көрсе болды, жауып тастайды. Жауапкершілік болғаны дұрыс, бірақ көлік ішінде жолаушылар түрлі жағдаймен келе жатады. Біреу асықса, екіншісі науқас дегендей. Осы мәселе қалай шешіледі екен? – деген ойын білдірді.
Осылайша қоғамдық көлік ішінде тұрғындар өткел мәселесін талқыға салды. Бірі – жабық тұруы көпшіліктің шаруасынан қалдыратынын айтса, екіншісі, екі арадағы көлік қатынасын аудан жұртшылығы «тесік көпір» атап кеткен жолмен өтуді қозғады. Бір сәтте тұрғындар түйткілдің түйінін тарқатқандай болды да, үнсіз қалды. Өткел тосқауылы жоғары көтеріліп, көліктер қарама-қарсы бір-бірін жанамалай ілгеріледі.
Осы сәтте ауруханаға ас апара жатқан келіншектің қолындағы ыдыс-аяқ жерге түсіп, шашылды да қалды. Бұған бірден-бір себеп өткел жолының тозығы жеткені әрі шұрық-тесіктің болуы. Алайда барлығына кінәлі жүргізуші. Өткел жолы азғандығынан, айқайдың астында қалды. Қоғамдық көлікке бірі мініп, бірі түсуде. Ал мен діттеген жеріме жеттім. Жұмыс орныма жеткенше осы мәселені ойға алып, көтеруді көздедім.
Аудандағы темір тұлпар тізгіндеген барлық жүргізуші өткелдегі екі кезекші әйелді жақсы біледі. Олар №60 Қазалы жол дистанциясының теміржол өткелі кезекшілері Гүлнар Жұмаханова мен Бағдагүл Айманова. Өткел бойындағы өзекті мәселенің мән-жайын білу үшін осы азаматшалармен байланыстық.
Темірдей тәртіп орнаған теміржол саласында ер кісілермен иық тіресе еңбек ететін Гүлнар Жұмаханова 20 жыл уақытын осы салаға арнаған. Жұмыс барысында ешқандай еркіндікке жол бермейді. Яғни шаруасына адал. Ол адамға нәпақа жеңіл жолмен келмейтінін айтып, өткелдегі бір күнін баяндап берді.
– Күніне өткелден қанша пойыз өтетіні белгісіз. Яғни бізде кесте жоқ. Кей тізгіншілер қасарысып, өтуге талпынады. Мен оған жол бермеймін. Мейлі ол жұмысқа асықсын, мейлі ауырып келе жатсын. Өйткені біздегі тәртіп солай. Тапсырма беріледі, орындаймын. Өткен жолы бір жағдай болды.
Өткел жабық. Жолда тұрған мені елемеген жүргізуші қарсы жүрді. «Кері қайтыңыз» десем, түсінбеді. Әрі-бері жолын жаптым, көнбеді. Сол арада көлік иесінің тұлпары сыр беріп, өткелдің үстінде тоқтап қалды. Сұрасам ақау пайда болыпты. Ал пойыз жақындап қалды. Асығыс жоғары көтеріліп, келе жатқан оған тоқтату хабарын бердім. Осылайша 50 метр қашықтықта кідіріп үлгерді. Абырой болғанда жағдай шешімін тауып, сүрінбей өттім, – дейді Гүлнар Жұмаханова.
Жұмысы үшін жанын беруге даяр азаматша сөзінің жаны бар. Неге? Себебі өткен жылы Алматы облысында өткел бойына автобус шығып, толық жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты соғып өткені есте болар. Онда адам өлімі орын алып, көпшіліктің жанарына жас үйілдірді. Міне, сол оқиға көп жердегі өткел қызметкерлеріне таяқ болып тиді. Осыдан соң тәртіп жүгі де арта түссе керек.
Енді өткел бойының тозығы жеткеніне келсек, көршілес орналасқан Қамбаш ауылындағы теміржол өткелінің резеңке төсенішпен қапталғанын көлге асығатын жұртшылық жақсы біледі. Ал бұл төсеніш бізде неге жоқ? Өткел бойындағы көлік кептелісін тудыратын сол жолдың нашарлығы. Мұнан бөлек соның салдарынан тізгіншілер көліктерінде ақау пайда болатынын жасырмайды. Соның бірі – Арман Найып. Оның айтуынша, кей ауылдағы резеңке төсеніштер алдымен ауданға керек.
Жуырда аудан арасында өткелді жауып, көліктер жоғарыда сөз еткен «тесік көпірден» өтетіні жайлы алып-қашпа әңгіме шықты. Бір күндегі уақыттың өткел бойында өтетініне ашулы жұртшылық мұны құптаған-ды. Тіпті қыстың көзі қырауда далада тұратын қызметшілер де осыны қолдап отыр.
Тереңірек үңілсек, өткел жабық болса, ондағы қызметшінің жұмысы. Тізгіншілердің амандығы әрі оқыс оқиғаның орын алмауы. Одан бөлек резеңке төсеніштің жоқтығы, ондағы мәселенің шешімін одан әрі қиындатып, тұрғындар наразылығын арттыруда. Ал екі арадағы қатынас «тесік көпір» арқылы жалғасуы өз алдына үлкен түйткіл. Біздің міндет – мәселені көтеріп, билік басындағылардың назарына ұсыну. Нақтысы, ұсыныс бізден, шешім жауаптылардан.
Абзал ЖОЛТЕРЕК