Кезектен тыс конференция
Сәрсенбі күні Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалының кезектен тыс XXXI конфренциясы өтті.
Жиынды аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасы Мұрат Ергешбаев ашып, жүргізіп отырды. Конференцияға бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар, аудандық партия филиалының саяси кеңес мүшелері, барлығы 54 делегат қатысты. Конференцияның барлық шешімдері ашық дауыс беру арқылы жүргізу ұсынылып, мақұлданды.
Күн тәртібіне қойылған төрт мәселе регламент бойынша рет-ретімен қаралған болатын. Алғашқы бес минут Қазалы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын бекітуге арналса, пікірсайыс қорытындысы бойынша кандидаттарға дауыс беру 50 минутқа созылды. Одан соң партиялық тізімді бекітуге 10, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс XXVII конференциясына делегаттар сайлауға 5 минут уақыт берілді.
Партия қызметінің алдағы басты бағыттарын, мақсаты мен міндеттерін айқындайтын құжат жобасы ресми сайтқа шығып, праймериз кезінде бір жарым ай көлемінде талқыға түскен еді.
Қазалы ауданы бойынша аймақтық сайлауалды бағдарламасынан экономикалық тұрақтылықты сақтауға, халықтың өмір сүруіне жайлы жағдай жасауға, инвестициялық жобалар көбейтуге күш салу басты мақсат ретінде алынған.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен жыл сайын 250 ге жуық азаматқа 150 стартап гранттарын алуға жағдай жасау көзделген. Нәтижесінде алдағы уақытта 6000 жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуде қалыс қалмаған. Сырдария өзені бойындағы Қарлан учаскесінің көпір құрылысы мен 135 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу жұмыстары жүзеге асыру алдағы міндет.
Сонымен қатар Жанқожа батыр, Майдакөл елді мекендерінде су құбырын жүргізу құрылысы, және Байқожа топтық су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары іске асырылатын болады.
2021 жылға қарай Қазалы қаласын толықтай көгілдір отынмен қамтып, аудан бойынша 2025 жылға дейін сапалы ауызсумен қамтуды 100 процентке жеткізу де назарда.
Партия филиалы іске асыратын бекітілген бағдарламаның қысқаша мазмұны осындай. Әрі қарай конференция пікірсайысқа жалғасты.
– Құрметті конференция делегаттары, праймериз әлемнің озық елдерінің тәжірбиесінде партияның көшбасшыларын айқындайтын тиімді әдіс. Сіздер де бізде өткен праймериздің барлық кезеңдерінде белсене қатысып, өздеріңізді жақсы көрсеттіңіздер. Бүгінгі пікірсайысқа қатысатын барша үміткерлерге аудандық конференция атынан сәттілік тілеймін, – деді Мұрат Ергешбаев.
Пікірсайыстың бірінші легінде алты кандидат өзара пікір алмасты. Жеребе нәтижесі бойынша, анықталған реттілікпен сөйлеген кандидаттарға 3 минут уақыт өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстыруға, одан соң өзара сұрақ-жауапқа негізделді.
Оның ішінде пікірсайысқа қатысушылар аудандағы тұрғын үй кезегі, жер мәселесі, экологиялық проблемалар, білім беру жүйесі, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту сынды тақырыптарды көтеріп, барлық тарапты қалыс қалдырмаған сайлауалды бағдарламаларын ортаға салды.
Пікірсайыс қорытындысы бойынша делегаттар кандидаттарға дауыс берді. Оның нәтижесін «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасының бірінші орныбасары Қасқырбек Мәмбетжанов жариялады. Дауыс беру нәтижесіне сәйкес жоғарғы нәтижеге Ибайдулла Тілеп, Мінәжадин Өтеев, Әділбек Сарабеков, Роза Асанова ие болды.
Пікірсайыстың нәтижесі бойынша облыстық маслихаттың депутаттығына үміткерлер ұсынылатын болады.
Қасқырбек Мәмбетжанов бұдан кейін Қазалы аудандық мәслихаттың депутаттығына кандидаттардың бекітілетін партиялық тізімін жариялады. Ол бірауыздан мақұлданып, «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық мәслихат депутаттығына тізім бекітілді.
Төртінші мәселе «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс XXVII конференциясына ұсынылған делегаттар тізімін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Индира Назарова оқып шықты. Мұнан кейін делегаттар құрамына дауыс беріліп, делегация сайланды.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ