АҒА АЛАҚАНЫ
Қызылорда облысы әкімінің жастар сыйлығының лауреаты, республикалық ақындар мүшәйраларының бірнеше мәрте бас жүлдесінің, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, ұлағатты ұстаз Абдулла Сапар туралы шағын естелік.
Қолға алмай-ақ картаны,
Ысырып тастап партаны...
Абдулла Сапардың есімі біздің шаңырақ үшін ертеректен белгілі. Әкем журналист, ақын болғаннан кейін Әбекең екеуі ағалы-інілі болып, тонның ішкі бауындай араласты. Дастарқан үстінде Әбекеңнің өлеңдері, өзіне тән ақиқатшылдығы айтылатын. Ақиқатшыл демекші, ағам Қайыркелдінің мектептегі балалық тентектігі бір жиналыстың үстінде әңгіме болып жатқанда Әбекеңнің орнынан ұшып тұрып, қорғап шыққанын әкеміз талай мәрте тілге тиек еткен. Міне, сол бір оқиғадан кейін балалық санамызда ол кісі біздің үйдің тілекшісі ретінде сақталған.
Әлі есімде, 7-8 сынып оқып жүргенде ағай бізге география сабағынан дәріс берді. Айта кетерлігі, оның әрбір сабағы қызықты, оқушыға ұғынықты өтетін. Қолына «портфель», «глобус», «географиялық карта» деген секілді көрнекілік құралдарды ұстап жүргенін көрмеппіз. Тіпті бір күні сыныптағы бүкіл парталарды жинастырып тастап, бөлме ішін бормен дөңгелек етіп сызып, әр оқушыны бір-бір планетаның орнына қойып, күн жүйесіндегі ғаламшарлардың қозғалысын көрсеткені бар. Тағы бір қасиеті – сабақ үстіндегі мысалдарды ғылымнан емес, өмірден ала білетін. Сондықтан болар ол оқушының нені қалайтынын, оның деңгейіне не айта білу керектігін ескеретін. Бойында жалған әдептілік, көлгірсу, өзін ұстазбын деп жоғары бағалау болмайтын. Өмірде қандай еркін болса, сабағында да сондай белгілі бір шекараға шырмалмайтын азамат еді. Әр нәрсені тауып айтатын. Үнемі сыныпқа «Сигдаун плиз, былш-былш-былш» деп кіргенде қалғып отқан оқушылардың барлығы қыран-топан күлкіге қарық болатын. Оның сабақ барысындағы методикасы ерекше болса, сөйлеген сөзі де соның көшірмесі іспеттес-тұғын. Мысалы, баға қойғанда «Отыр, аққу!» дейтін. Мұның екілік екенін кейін түсіне бастадық.
Есейе келе ол кісіден біршама уақытқа алыстап қалғанымыз рас. Бірақ мектеп қабырғасында, университетте дәл Әбекеңдей ұстаздың біздің жолымызда жолықпағаны шындық.
Сары ағай соққан соққылар
7 сынып оқитын кезім. Қоңырау уақытында сыныптасым Жасұлан екеуміз кабинет алдына шығып тұрғанбыз. Басына кепкасын қисайта басқан Әбекең сынып алдынан өте бере «Табынбаев, қорған!» деп екі-үш соққы жұмсай жөнелді. Әп-сәтте ауырлау тиген соққыдан қорғанған болдым. Дәл осы әрекетті қарсымда тұрған Жасұланға да (Ол кезде оның әкесі аудандық білім бөлімінің басшысы) жасады. Сол уақытта ағайдың «Біреуің бастығымның бастығының баласысың, біреуің облыстық газеттің журналисінің баласысың. Мен де кім көрінгенді ұрмаймын ғой» деп жымиғаны бар-ды. Содан кейін осы оқиға үнемі бір уақытта қайталанатын. Ол кезде қазіргідей емес, мұғалімдерден таяқ жеу қалыпты құбылыс саналатын.
Кейін осы жөнінде ойландым. Сөйте келе сол кезде ұстазымыз бізді жігіттікке, тосын соққыға қорғана білуге, мектептегі дүниелерді үйге айтып бармауға үйретеді екен ғой деп топшыладым. Үйге айтып барғанда да онымен аға-іні боп араласып жүрген әкеміз бізге бәрібір аяушылық таныта қоймайтын.
Оның мектептегі асқан білімдарлығы, шешендігі, ізденімпаздығы, тың жаңалыққа құштарлығы мені үнемі қайран қалдырады. Бір адамның басында соншама қабілеттің болуы өте сирек кездесетін құбылыс десек қателеспейміз. Мүмкін бабаларымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуді осындай жан-жақты азаматтарды негізге ала отырып айтса керек. Бір байқағаным, біз құралпы шәкірттер жағы Әбекеңді ерекше жақсы көретін. Басқа кісілер ойнап соққыласа жұлқынып, аларып шыға келетіндер Абдулла ағайдың жұдырығына қарсы ештеңе демейтіндігі де, оның сол шәкірттің ойын оқып, қай уақытта қимылдау керектігін білетінін аңғартса керек.
Бірінші ақын
Оның мұғалімдігі мен асабалығы, әзілкештігі, кез келген істі өзгеше ұйымдастыра білетін қабілетінен бөлек, ақындығы да Сыр бойы әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ізінде біз қатарлы Ұлықбек Тәңірбергенов, Ғабит Кәдірбаев, Ақжол Түменбай, Ерсін Шамшадин, Ақтілеу Қалдыбай секілді талантты жастар өсті.
Ол кісімен өлең жөнінде көп сөйлестім десем асыра айтқаным болар. Бірақ 2012 жылы Орал қаласындағы академияға түсіп, бірінші курстың қысында ауылға келген бетімде кездестім. Жылдағы «балмұздақ» студенттердің ізімен «Мектебім, қайдасың?!» деп барғаным, Күләш апайға жолығып шыққаным есімде. Көптен байланысым үзіліп қалған Әбекеңе қобалжып, жүрегім дүрсілдей кірдім. Кабинетінде екен. Аз-кем сәлем-сауқаттан соң өлеңдерін сұрадым. Ол Көтеш ақынның мұрасындай әр жерде қалғанын, бір кісілердің «кітап етіп шығарып беремін» деген уәдемен алып кеткенін айтты. Содан ол кісімен 2014 жылға дейін жолықпадық. Сол жылы Қазалы ауданында Жанқожа батырдың 240 жылдығына орай республикалық ақындар мүшәйрасы өтті. Әдепкіде Абдулла ағай жүргізуші ретінде бекітілген. Кейіннен өзі де қатысатын болды. Содан бір күн бұрын ағайдың үйіне Ұлан мен Ғабит үшеуіміз соқтық. Әбекеңнің ертеңгі додаға дайындап жатқан өлеңін тыңдап, көзімізді жұмып, аузымызды ашқанымыз бар.
Сондағы өлеңінде:
– О, әулием!
Дәмесі бар пейіштен,
Батырлықта бағы үстем.
Тегім үшін жан қиып,
Кегім үшін қан ішкен.
Өзек өртер өсиет,
Ел аузынан көшіп ед(і).
Дуылғасыз ұрпақпын,
Дарымаған қасиет.
Тоғаны жоқ мұраппын,
Жауабы жоқ сұрақпын.
Дамыл таппас Доғалақ,
Мылқау Төремұратпын.
Зымыран тілген заңғармын,
Запыран толы аңғармын.
Бұлтқа тірер найзамды,
Бұтыма тығып алғанмын, – деп келетін мықты шумақтар болатын. Десе де сол баба мүшәйрасында менің асығым алшысынан түсіп, бас бәйгені еншіледім. Ағайым бірінші орын иеленді. Ең соңынан марапаттау рәсімінде маған қазылар алқасы жүлде тапсырып жатқан кезде Әбекеңнің: «Бақтыбай! Бақтыбай!» деп айқай салып, алапамызды арттырғаны әлі күнге ерекше көрініс ретінде көз алдымда қалды. Бұл да болса асыл ағаның ініге деген қамқорлығы, жолын жас тайға бергені деп түсіндім. Одан кейінгі кейбір мүшәйраларда ағамның ақылын алып, 4-5 мәрте облыста бас жүлде еншілегенім бар. Соңғысы өзі өмірден кетерден 1-2 күн бұрын облыстық Үрмәш Түктібаев мүшәйрасына қатысар тұста көп ақылын берген. Ертесіне сол жыр бәйгесінің бас жүлдесін алғанда «Нұршуақ» автобекетінде кездесіп, белгілі ақын Толыбай Абылаев, Абдулла ағам үшеуміз менің мерейлі мезетіме арнайы дастарқан жайып, тілек айтқан. Сол күні 2-3 сағаттай ұзақ сөйлестік. Бірақ өз басым сол емен-жарқын әңгіменің Әбекеңмен өткізген соңғы күндерімнің бірі екеніне әлі күнге сене алар емеспін...
P.S: Ол кісі көптеген жиындарда бұрын Рүстем көкеміз тірі тұрғанда:
– Қазіргі аудандағы бірінші ақын менмін. Абдулла Сапар екінші ақын. Мен өлсем Абдулла бірінші ақын болады, – дейтін. Ал Қазір Рүстем көкеміз өмірден өтіп, бірінші ақын мен болдым, ағайын. Екінші ақын – Есет Табынбаев. Мен өлсем Есет бірінші ақын болады, – деп қанатымызды қопаңдатып қоятын... Кейін білдік, сол «біріншілікті» өлең өлкесінде өзгеше енші салып жүрген Ғабит Кәдірбаев пен Ұлан Қалиев сынды ақындарға да сыйлай береді екен.
Сөйткен ақжүрек ағамызды өмірден небәрі 38 жасында өтеді деп кім ойлаған?
Ендігі уақытта Алла Тағала көрмеген қызығын, шықпаған шыңын артындағы ұлдарына бергей!
Есет ТАБЫНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі