Байыпты бастамалар мен нақты нәтижелер
Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты орнатуға бағытталған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамда қордаланған күрделі мәселелер көтерілетін бірегей алаңға айналып үлгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған кеңес бір жылдан астам уақытта азаматтық қоғамның қатысуымен бірқатар мәселенің шешімін тапты. Көптің назарын аударған кеңестің кезекті төртінші отырысы онлайн режімде өтті.
Келелі жиында мемлекеттік басқару реформасы, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешу, балалардың құқығын қорғау, ерекше мұқтаждығы бар адамдарды қолдау және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелер қаралды. Жұмыс топтарының мүшелері саяси, экономикалық, мәдени және рухани мәселелерді таразылап, бірқатар ұсынысын жеткізді.
Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Ұлттық кеңестің билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орната алатын тиімді институционалды құрылымға айналғанын және оның мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуына күш салып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Кеңесте пандемияға қарамастан елімізді дамытудың өзекті мәселелері тұрақты түрде талқыланатынын, бірнеше маңызды бастама жүзеге асырылғанын, сондай-ақ қазіргі таңда мемлекеттік саясаттың түрлі салаларын реформалауға қатысты жаңа ұсыныстар әзірленіп жатқанын айтты. Сондай-ақ Кеңес шетелдік сарапшылардың қызығушылығын тудырып отырғаны белгілі болды.
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам өкілдері мен сарапшылардың жабық клубы емес. Бұл – ұдайы жаңарып отыратын ашық диалог алаңы. Азаматтарымыз жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың игілігін келешекте емес, қазірден бастап көріп, сезінуі керек. Халықаралық рейтингтер маңызды болғанымен, халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалына оның айтарлықтай әсері жоқ екенін түсінген жөн, – деді Президент.
Қ.Тоқаев мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту идеясы – Жолдаудың негізгі өзегінде тұрған мәселе екенін баса айтып, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау өз алдына кең ауқымды міндет екеніне тоқталды.
– Біз бұл реформаны мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру ісінен бастауды ұйғардық. Осы мақсатта Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды. Агенттік өз жұмысын бастап та кетті. Бұл құрылым қара бастың қамы үшін жасалған жоқ. Жаңа агенттік – алға қойылған міндеттерді шешуге арналған негізгі құрал, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде ауыл әкімдерін сайлау мәселесіне қатысты елімізді одан әрі саяси жаңғыртудың, Парламентке және жергілікті өкілетті органдарға әйелдер мен жастарды тарту тетіктерін жетілдірудің маңызды екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы меншігінде мемлекеттің үлесі бар компанияларда басшылықтың 30 пайызы әйелдер болуын міндеттеу қажеттігі туралы Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсынысына назар аударды.
– Біз бұл бастаманы біртіндеп жүзеге асыру жолдарын қарастыруымыз керек деп ойлаймын. Мұндай қадам әйелдердің бизнес саласына деген қызығушылығын арттырады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент отандастарымыздың еңбек миграциясына қатысты мәселені де көтерді. Оның пікірінше, азаматтарымыз тіркелу кезінде, күнделікті тұрмыста және басқа да мәселелер бойынша әртүрлі қиындықтарға жиі ұшырайды.
– Мұның пайдалы қырлары да бар. Мысалы, бұл – біліктілікті арттыруға, жаңа іске машықтануға, өз кәсібін бастау үшін қажетті қор жинауға, жер көріп, ел тануға жақсы мүмкіндік. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының, соның ішінде, шет елдерде жұмыс істеп жүрген адамдардың әлеуетін пайдалануға бар күшін салады. Үкімет осы мәселенің бәрін мұқият зерттеп, ұсыныс енгізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты ахуалды жақсартудың, көшіп келушілерге барынша қолайлы жағдай жасаудың маңызды екенін айтты. Мысал ретінде Солтүстік Қазақстан облысын атап өтті.
– Мұнда көшіп келушілер үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда, коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Серпін» және «Дипломмен – ауылға!» жобаларын саралау қажеттігіне тоқталды. Бұл бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде солтүстік өңір жастар үшін мейлінше тартымды аймаққа айналады.
Қазақстан Президенті білім беру жүйесіндегі мәселелерге арнайы тоқталды. Ол жоғары оқу орындарының ұйымдық құрылымын өзгерту жұмыстары бойынша тапсырма бергенін айтты.
– Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейін жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтынын мәлімдеймін. Бұл мәселе айрықша назарда, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мектептердегі цифрлы инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ оқушыларды пандемия кезінде компьютермен жабдықтау мәселелеріне тоқталып, мектептерде сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралардың біртіндеп қабылданып жатқанын айтты. Осы ретте мектепте білім берудің мазмұнына да ерекше көңіл бөлді.
– Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс. Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының айтуынша, отандық кітапханалар өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау мәселелеріне де назар аударды. Президент 2022 жылдан бастап ұлттық мониторинг жүргізу механизмін – Балалардың амандығы индексін әзірлеп, енгізу қажеттігін айтты. Индексті енгізу өңірлер бойынша түрлі салада балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Президент ерекше мұқтаж жандарды қолдау мәселесіне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет осындай адамдар үшін инклюзивті білім беруге, кедергісіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтуге баса мән беріп отыр. Дегенмен, аталған шаралар ерекше мұқтаждығы бар адамдардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге әлі де жеткіліксіз.
Мемлекет басшысы адам саудасымен күрес мәселесін көтерді.
– Адам саудасына байланысты алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру және осы салаға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет. Адам саудасы мен мәжбүрлі еңбекке душар болған барлық адамға, соның ішінде, шетел азаматтарына көмек көрсету керек, – деді Президент.
Сондай-ақ экологиялық туризмді дамытудың маңызы туралы да айта келе, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді дамытудың жоспарын үнемі жұртшылықтың талқысына салу үрдісін енгізуді міндеттеді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, алдағы тәуелсіздіктің 30 жылдығы саяси және экономикалық реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту, экологияны қорғау аясында өтуі керек екенін айтты. Бұл ретте тәуелсіздіктің 30 жылдығы – тәуелсіздіктің мәні мен құндылығын сезінуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Отырыс барысында Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Ұлттық кеңес аясында атқарылған жұмыс туралы есеп берді.
«Мамыр айында өткен Ұлттық кеңестің үшінші отырысынан кейін Кеңес аясында бірнеше бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Ең алдымен хатшылық тарапынан Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің шеңберінде айтылған бастамаларын тиісті түрде жүзеге асыру бақылауға алынды. Атап айтқанда, екінші отырыста жарияланған саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар пакетінің жүзеге асырылуы ерекше назарға алынды», деді Е.Қарин.
Президент көмекшісінің айтуынша, Қазіргі кезде Ұлттық кеңестің аясында жарияланған саяси реформалар пакеті толық іске асып, мамыр-маусым айларында жеті заң қабылданды. Бұл заңдар көппартиялы жүйенің дамуына, саяси партиялар мәртебесінің артуына, жастар мен әйелдердің өкілетті билік органдарына белсенді тартылуына, адам құқығын қорғауға септігін тигізеді.
«Сонымен бірге қазіргі уақытта хатшылық экономикалық, әлеуметтік реформалар пакетінің жүзеге асырылуын бақылауда ұстап отыр. Мәселен, үстіміздегі жылдың 2 қазанында Сенатқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайтуды қарастыратын заң жобасы қарауға енгізілді. Сондай-ақ пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп қайтару мерзімін екі жылдан бір жылға қысқарту нормасын қамтитын заң жобасы жыл соңына дейін Мәжіліс қарауына өткізілуі жоспарланып тұр», деді Е.Қарин.
Сондай-ақ көлік иелерінен жүргізуші куәлігін талап етпейтін, тек қана жеке куәлікті қолдану мүмкіндіктерін қарастыратын жол жүру нормалары бойынша заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылған. Бұдан бөлек Ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біраз бөлігі жүзеге асқан. Соның ішінде педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсуші үміткерлер үшін іріктеу талаптары күшейтілді. Осы бағытта білім алатын бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 60 пайызға, ал докторанттардың шәкіртақысы 46 пайызға ұлғайды. Жоғары оқу орындарында профессорлық-оқытушылық құрамның орташа еңбекақысы 2019 жылмен салыстырғанда 27 пайызға өскен.
Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәртебесі мен құзыреттілігінің кеңеюін қамтитын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылып, «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы дайындалды.
Одан бөлек Ерлан Қарин мемлекеттік органдар мен Ұлттық кеңес мүшелері арасында өзара әрекет ету күшейтілгенін мәлімдеді. Осы орайда жаңа онлайн форматта Ұлттық кеңес мүшелері Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовпен, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен кездесу өткізген. Жалпы алғанда, мұндай сегіз талқылау мен кездесу ұйымдастырылды.
«Бұған қоса Мемлекет басшысы мен Ұлттық кеңес мүшелерінің жеке кездесулерін өткізу тәжірибесі жалғастырылды. Биыл осындай 8 кездесу өтті. Жалпы, өткен жылдан бері мұндай 24 кездесу ұйымдастырылды. Жеке кездесулерде Ұлттық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар ерекше назарға алынған. Аталған жұмыстардың барлығы Ұлттық кеңестің тиімді қызмет етуіне ықпал етеді және әрі қарай да бұл бағыттарда жұмыс жүргізу жалғастырылады», деді Е.Қарин.
Жиында жұмыс топтары атынан сөйлеген Кеңес мүшелері түрлі саладағы өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Алғашқы болып Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Саяси реформалар жөніндегі тобының мүшесі Максим Споткай сөйледі. Ол сөзін жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту үшін бес жылға арналған тұжырымдама жасау туралы ұсыныстан бастады.
«Саяси реформалар жөніндегі топ жан-жақты талқылай келе, бірқатар ұсыныс әзірледі. Сол ұсыныстарға жеке тоқталайын. Біріншіден, біздің ойымызша жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту үшін бес жылға арналған тұжырымдама қажет. Сонымен бірге арнайы заң әзірлеп, қабылдаған дұрыс. Жергілікті деңгейдегі жиындарды өткізудің жаңа тәртібін енгізетін уақыт жетті деп санаймыз. Мысалы, қазір ол үшін аудан әкімінің келісімі қажет. Біз ауыл азаматтарының кемінде 10 пайызы жиын өткізу туралы мәселе көтерсе, оған сол ауыл әкімінің келісімі жеткілікті деп есептейміз», деді М.Споткай. Ол тұрғындар осындай жиындар арқылы әкімдердің жұмысына қоғамдық бақылау орнататынына сенімді.
Жұмыс тобының мүшесі Президенттің халыққа Жолдауындағы ауыл әкімдерін сайлау мәселесіне де тоқталды. «Ауыл әкімдерін сайлауда жалпыға тең және төте сайлау өткізу керек. Дауыс беру жасырын түрде болуы тиіс. Келесі жылы кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлау керек. Егер сайлау оң нәтиже берсе, оны кезең-кезеңмен басқа деңгейде де жүзеге асыру мүмкін деп санаймыз. Бұл жерде кез келген азаматтың сайлану құқығын шектемеу керек деп есептейміз», деді М.Споткай.
Ол өз сөзінде ауыл әкімі лауазымына үміткерлерге қойылатын талап та жеңіл болуы керек екенін атап өтті. Ол үшін үміткердің 25 жасқа толуы, тиісті елді мекен аумағында соңғы үш жылда тұрақты тұруы, жоғары немесе орта арнаулы білімі болуы шарт.
Сондай-ақ кеңесте өзге елдердің ұлттық жобаларын қайталамау мәселесі де сөз болды. «Өзге елдердің ұлттық жобаларын қайталаудан бас тартуымыз керек. Еліміздің ерекшеліктері ескерілмей жасалған шетелдік тәжірибелер әрдайым сәтсіз болады. Сондықтан жобалар «жабық есік» жағдайында дайындалмауы тиіс. Қазақта «келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Сондықтан мұндай жұмыстарға тәуелсіз сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, әсіресе жастардың атсалысқаны жөн», деді Максим Споткай.
Ұлттық жобалардың экономика және инфрақұрылым бойынша, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, жастарды қолдау, рухани жаңғыру, ұлттық бірлік, ағарту салаларын да қамтуы тиіс екені айтылды. Кеңес мүшесі Мемлекет басшысының «Қазақ тілі – этносаралық қарым-қатынас тілі» деген идеясын дамыту үшін арнайы жоба әзірлеудің маңызды екенін де тілге тиек етті.
Саяси реформалар жөніндегі топ адам құқықтарын қорғау, интернет арқылы өтініш беру механизмі және ақпаратқа қол жеткізуге қатысты да бірнеше ұсынысты Кеңес құрамына таныстырды. М.Споткай бұл ұсыныстардың Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға және демократиялық өзгерістерді жалғастыруға мүмкіндік беретініне сенімді.
Одан бөлек Кеңес отырысында халықтың әлеуметтік мәселесі де көтерілді. Жиын барысында сөз алған кеңес мүшесі – Ләззат Қожахмет халықтың несие алуы, ауыл балаларына арналған білім гранттары мен жастардың жұмысқа орналасу мәселесін қозғады. «Пандемия жағдайында Қазақстанда ғана емес, әлемде көптеген елді жұмыссыздық мәселесі алаңдатып отыр. Осы орайда халықтың әлеуметтік тұрмысы ушығып, несие мен жоқшылықтың қамытын киген отбасылар көбеюде. Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық күшейіп жатыр, балаларға қатысты зорлық фактілерінің өзі халықтың ашу-ызасын тудыруда», деді Л.Қожахмет.
Сонымен қатар Кеңес мүшесі коронавирустың бірінші кезеңінде дағдарыс орталықтарына жүгінген әйел мен бала көбейгенін алға тартты. «Өкінішке қарай, дағдарыс орталықтары олардан коронавирусқа қатысты тест анықтамасын сұрап, қабылдамады. Індеттің жаңа толқыны салқын мезгілге дөп келетіндіктен, осы мәселелердің келешекте қарастырылғанын әрі ескерілгенін қалаймыз», деді ол.
Одан әрі Л.Қожахмет республиканың барлық аймағында көпбалалы аналарды қолдайтын «Бақытты отбасы» және «Жанұя» орталықтарының ашылуы туралы айта келе, олардың жұмысын жолға қою қажеттілігіне тоқталды. «Бұл орталықтар тек консультация беру деңгейінде қалып отыр. Қазір консультацияны әкімдер де, басқарма басшылары да, министрлер де тікелей эфирге шығып, өздері беруде. Яғни, бұл орталықтардың жұмысын келешекте қайтадан қарастыруды сұраймыз», деді Л.Қожахмет.
Оның сөзіне қарағанда, көпбалалы отбасыларға кәсіпкерлік негіздерін үйрететін «Атамекен» палатасында «Бастау Бизнес» курстары бар. Биыл бұл курстарға сұраныс көп болды. Бірақ тамыз айында аталған курстарға қабылдау тоқтап қалған. Осы орайда курстарға байланысты орын санын көбейту туралы ұсыныс жасалды. «Оқыған адамдар кәсіпкер болуға, масылдықтан арылуға, атаулы әлеуметтік көмек пен жәрдемақылардан бас тартуға деген құлшыныс әрі ынта пайда болады. Курстар өткізген кезде «Атамекен» палатасының түсіндіру тілі өте ауыр. Сондықтан осы жағына және тестілерге назар аударса дейміз», деген ойын жеткізді.
Сөз барысында ауыл тұрғындарының несие мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ләззат Қожахмет «ҚазАгро» холдингіне қарасты акционерлік қоғамдар ауылдағы мүліктерді өте төмен бағалайтынын еске салды. «Мысалы, олар бір үйдің шаршы метрін алты мың теңгеге бағалайды, сонда 6 миллион теңге несие алу үшін бірнеше баспана болу керек. Ауылдағы тұрғындарға 6 пайыздық несиені беру шарттарын жеңілдетіп, бағалайтын мүлік құнын жоғарылатуды сұраймыз», деді ол.
Ұлттық сенім кеңесінің отырысында көптің көкейінде жүрген тұрғын үй мәселесі де сөз болды. «Тұрғын үй саясаты саласында 7 мемлекеттік оператор жұмыс істейді. Бірақ осы уақытқа дейін баспана кезегінде тұрған адамдардың тізімін ашық жариялайтын республикалық сайт жасалған жоқ. Яғни кім кезекке тұрып үй алды? Өз кезегімен алып жатыр ма? Жемқорлық фактілері орын алды ма? Осының барлығы ашық түрде сайтта көрінуі керек. Былтыр үй алғандар қазір де кезекте тұр, яғни кезек жаңармай жатыр», деп түйіндеді.
Бұдан бөлек ол қазір Қазақстанда 30 мыңға жуық көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұрғанын жеткізді. «Оларға арендалық баспана береді. Бірақ жалға берілетін пәтер мұраға қалдырылмайды, атына жазылмайтындықтан халық ипотека алып, өзінің атында қалатын меншік үй болғанын қалайды. Бұған байланысты Қазақстанда «7-20-25», «5-10-20» деген бағдарламалар іске асырылуда. Бұлар өте тиімді бағдарламалар. Алайда осы бағдарламамен үй алудың өзіндік қиындықтары бар. Мәселен, осы екі бағдарлама бойынша тек жаңа үйлерге ғана ипотека беріледі. Жаңа үйлердің бағасы қымбат, 15 млн теңгеге бір бөлмелі ғана пәтер алуға болады. Төрт-бес баласы бар отбасына бір бөлмелі пәтерді 20 жылға ипотекаға алу тиімсіз», деді Кеңес мүшесі. Осы орайда «5-10-20» бағдарламасымен ипотеканы қайталама нарықтағы, яғни арзан әрі жөндеуден өткен үйлерге беру ұсынысы айтылды.
Сонымен қатар Л.Қожахмет жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі жоғары оқу орнына түсе алмайтынын еске салды. Олардың басым бөлігі ауылдан шыққан балалар. Кеңес мүшесінің ойынша, ауылдағы білім мен қаладағы білім тең емес. «Бірақ университетке түсетін кезде ауыл мен қала оқушысына бірдей талап қойылады. Осыған байланысты ауыл түлектеріне 30 пайыз квота қарастырылған. Біз өз тарапымыздан ауылдық түлектерге арналған квотаны 50 пайызға дейін арттыруды сұраймыз», деді Л.Қожахмет.
Одан әрі жастар практикасы бағдарламасына тоқталды. Жастардың еңбек өтілі болмауына байланысты жұмысқа тұра алмайтыны айтылды. Осы орайда түлектердің жастар практикасы кез келген ұлттық компанияға, мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұрып, 6 ай бойы жұмыспен қамту орталығынан жалақы алатыны сөз болды. Л.Қожахмет жалақы деп белгіленген 60 мыңның жас маманға аз екенін ескертті. «Оқуды бітіріп келген жас жігіт 60 мың теңгеге өмір сүре алмайтындықтан, бұл бағдарламамен жұмысқа бармайды. Сол себепті жастар практикасы арқылы төленетін жалақы көлемін көбейтуді сұраймыз», деді Кеңес мүшесі.
Отырыс барысында ажырасқан азаматтардың 70 пайызы алименттерін төлемейтіні мәлім болды. Кеңес мүшелері оларға қатысты жазаны қатаңдатуды сұрады.
Ұлттық сенім кеңесінің тағы бір мүшесі Асхат Садырбай мемлекеттік тіл мәселесін көтерді. «Кейбір мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар интернет сайттарының қазақша нұсқаларына басымдық бермейтінін, тіпті әлеуметтік желілердегі парақшаларында да қазақша жазуға келгенде құлықсыз екенін көп байқап жүрміз. Кейбір мемлекеттік органдардың домендік атауы мемлекеттік тілде жазылмаған. Одан басқа, еліміздегі әртүрлі ірі халықаралық және жергілікті компаниялардың интернет сайттарынан да, әлеуметтік желілердегі парақшаларында да мемлекеттік тілге жеткілікті көңіл бөлінбегенін аңғаруға болады», деді А.Садырбай.
Ол қазіргідей электронды гаджеттер мен интернетке тәуелді заманда бұл мәселенің назардан тыс қалмауы керектігін алға тартты. «Бұл мәселені интернетте «Qazaqsha Jaz» жастар қозғалысының да көтеріп, белсенділік танытып жүргенін атағым келеді. Сондықтан интернеттегі тіл мәселесіне көңіл бөлініп, мемлекеттік тілге қатысты талап күшейтіліп, аталған сайттар мемлекеттік тілде де жұмыс істесе, тілдің қолдану аясы әлдеқайда кеңейіп, ана тіліміздің дамуына оң әсерін берер еді», деді ол.
Сонымен қатар несиесін өтей алмай жүргендер мәселесі де Кеңес отырысында талқыланды. Ләззат Қожахмет «Пандемия кезінде сот орындаушылары мен коллекторлар халыққа қысым көрсетіп, алдау мен арбау фактілері көбейіп жатыр. Барлық есепшоттары бұғатталған отбасылар бар. Әрине негізсіз несие алған тұрғындардың да кінәсі жоқ емес. Бірақ осыған байланысты проблемалық несиесі көп банктерді анықтауды сұраймыз. Себебі Қазақстанда кейбір банктер жұмыс істемейтін, зейнетақы жарнасы аударылмайтын, төлем қабілеті жоқ, басқа банктерде бірнеше несиесі бар адамдарға жоғары пайызбен несие таратқан. Яғни халықтың әлеуметтік жағдайының ушығуына себепкер болып отырған банктер мен қаржы ұйымдары бар», деді.
Осы орайда ол індетке байланысты жұмыссыз қалып отырған адамдардың несиеге байланысты проблемалары ушыққанын атап өтті. «Мұндай жағдайға әкеліп отырған банктердің де жұмысына сараптама жүргізіліп, олар да жауапқа тартылуы қажет деп есептейміз», деді Ләззат Қожахмет.
Айта кетерлігі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелерімен 24 (2019 жылы – 16, 2020 жылы – 8) кездесу өткізді. Сонымен қатар Ұлттық кеңес аясында жарияланған саяси реформалар топтамасы толығымен жүзеге асырылып, 7 заң қабылданды. Министрлермен онлайн-форматта 8 кездесу өткізілді.