Баспанасы бардың бағы бар
Қазалы ауданының аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. Осыған орай түрлі құрылыс нысандары мен ғимараттар бой көтеріп, ел игіліне берілуде. Өткен 2019 жылы аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалыққа толы болды десек артық емес.
Мәселен, Арал мен Қазалы аудандарының 15 мыңға жуық халқына қызмет ететін «Әлсейіт» көпірі салынып, дарияның арғы бетіне қатынайтын жолаушыларға зор пайдасын тигізіп отыр. Сонымен қатар аудандардың ішінде тұңғыш болып, мекемелер үйінің ғимараты еңсесін тіктеді. Қазіргі таңда мұнда аудан әкімідігі, аудандық мәслихат және 9 бөлім орналасқан. Тұрғындардың талап-тілегіне қолайлы жағдай тудыру, сондай-ақ барлық мекемелердегі құжат мәселесі бір жерден шешім табу үшін «Open Space» жобасы жүзеге асқан.
«Баспасы бардың бағы бар». Ауданда баспана мәселесінің де бірте-бірте түйіні тарқатылуда. Өткен жылы кенттің 5 квартал аталатын бөлігінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 18 пәтерлік 6 жалдамалы тұрғын үйдің кілті иелеріне табысталды.
Осындай өрелі істер биыл да өз жалғасын табуда. Жуырда аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің кірпіші қаланды.
Аудан басшысының айтуынша, бұл тұрғын үйлердің барлығы дерлік газ, ауызсу, электр желілерімен қамтылады. Әр пәтер дербес жылу және ыстық сумен біріктіріліп, газ отынды қазандығымен жабдықталмақ. Жаңа баспанаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрған салымшылар қол жеткізе алады.
Жаңа үйлердің кірпішін қалау барысында аудан әкімі бас мердігердің жұмысына сәттілік тілеп, құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін тапсырды.
Айта кетерлігі құрылыс жүргізу құқына «Мұнай құрылыс» көп салалы құрылыс фирмасы» ЖШС ие болған. Құрылыс жұмыстарына аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 20-ға жуық аудан тұрғындары тартылған. Тұрғын үйлердің барлығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
С.АҚМЫРЗА