Мәдениет майталманы

Кемеңгер өнер жолындағы басты ұстанымының бірі ауыл балаларын өнерге баулып, додаларда топ жару еді. Солай жасады да. Аудандық, облыстық байқауларда жүлдемен оралып жүрді. Мәдениет Үйі жанындағы драма үйірмесін жандандырып, жұмыссыз жүрген жастарды ұйымдастырып, Жетіскен Мәкенәлиевтің «Асандар көтерілісі» атты қойылымын дайындады. 2002 жылы өткен облыстық «Бард» авторлық әншiлер байқауында үздік үштік қатарынан табылды. 2003-2005 жылдарға арналған аймақтық «Ауыл» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты өткізілген облыстық кәсіптік конкурста жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін көрсеткені үшін «Ауылдың үздік қызметкері» атанып, бас жүлдені жеңіп алғанын жұрт әлі күнге дейін айтады.
2006 жылы Жаңақорған ауданында өткен облыстық Бексұлтан Байкенжеев атындағы сазгерлер байқауында да Кемеңгерге тең келер ешкім табылмады. Араға төрт жыл салып, Сырдария ауданында композитор, «Шапағат» медалінің иегері Рамазан Тайманов атындағы «Туған жер әуендері» атты облыстық сазгерлер мен әншілер байқауында жүлделі болды. Бірнеше жылдан кейін өзі шығарған «Тәуелсіз қазақ елі» әнін өнерпаз Аяжан Асылбек Қырғызстанда, Ыстықкөл қаласында өткен І-Халықаралық «Ыстықкөл-2013» балалар фестивалінде орындап, үздіктер қатарынан табылды. Ән авторы Кәкеңе жоғары деңгейдегі шығармашылығы үшін Алғыс хат табысталды. Бұл бүгінгі мәдениет майталманының композиторлық қыры бар екенінің де дәлелі.
2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталғаннан кейін сол жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті академик Ө.Айтбайұлының «Құрмет Грамотасын» қатар иеленді. Ал 2018 жылы Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың Алғысына бөленді.
Осыдан бірер жыл бұрын аудандық мәдениет орталығы жанынан «Сейхун» этно-рок ансамблін ұйымдастырып, 2019 жылы өткізілген облыстық вокальды-инструменталды ансамбльдердің байқауында бірінші орынды қанджығаға басты. Бұл аз десеңіз, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет Грамотасының» санаулы иемденушісі атанды. Кемеңгер Байназарұлының алмаған белесі қалмаған шығар дерсіз, бірақ оның «Мәдениет саласының үздігі» екенін де біле жүріңіз.
Өткен жылы ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін алған азаматтың «Алтын белгілер ұстаханасы» атанған Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің «Лицей маршы» әнінің авторы екенін көпшілік біле бермейді. Осы тұста сазгердің «Туған жер», «Ару әйел», «Ерке қыз», «Гүл сыйлаңдар», «Қос ғашық», «Есімде», «Сыр қызы», «Тәуелсіз қазақ елі», «Арманым ардағым», «Ойламаппын», «Сағынып кеттім мен сені», «Қиялдағы қыз», «Қызғалдақ гүлім», «Анажан», «Тәуелсіздік таңы», «Сағыныш құмарым-ай», «Боздақтар», «Лицей маршы», «Ұстаз ана», «Мектеп вальсі», «Тәуелсіз қазақ елі», «Боздақтарым», «Сардар» сияқты туындыларды дүниеге әкеліп, халық ілтипатына бөленді. Бұл әндер Қазалыдағы қуанышты жиындарда, елдің басқа да аумақтарында жиі орындалып жүр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ