Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңызды мәселелер талқыланды

Маңызды мәселелер талқыланды

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазалы аудандық мәслихаттың кезекті LXIV сессиясы өтті. Сессияға аудандық мәслихат депутаты Ж.Көләнова төрағалық етті.
Екі сағатқа созылған жиынның күн тәртібінде сегіз түрлі мәселе қаралды. Ең алдымен Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әліби Әбиев қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын орган мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ мерзімін өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі аудан әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші органның жыл сайынғы өз қызметінің нәтижелері туралы баяндап берді.
Ол өз сөзінде осы мәселеге қатысты бүгінге дейін консультациялық-кеңесші топ құрылып, биылғы жылы 3 отырыс өткізілгенін айтты. Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты Қазалы аудандық пробация қызметінің 2020 жылдың 9 айында қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаға сотталған 120 адам тіркеуден өтіп, 52-сі сотталған есептен шығарылып, нақты тізімде тұрғандар саны – 68 адам екенін жеткізді.
Одан бөлек 2020 жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің 73 бабымен түзету мекемесінен бас бостандығынан айыру жазасынан бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға алмастырылып келген тоғыз жан бар екенін және «Қоғамдық жұмысқа тарту» түріндегі жазаға тартылғандардың жұмыс күшін пайдаланатынын тілге тиек етті. Оларға ауылдық округ пен Әйтеке би кентінде қоғамдық жұмыс орын «Қазалы Көркем Сервис» ЖШС және «Қазалы су сервис» болып бекітілген.
Сонымен қатар алдағы уақытта аталған пробация қызметі есебіндегілерге әлеуметтік көмектер, жұмысқа орналастыру, кәсіптік оқу, несие алуды ұйымдастыру жұмыстары аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар мен азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басты назарында болады.
Екінші мәселе бойынша аудандағы жергілікті автомобиль жолдарының жайы және оны жақсарту шаралары туралы Қазалы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов өз мәселесін көпшілікке ұсынды.
Басшының айтуынша, Қазалы ауданының коммуналдық меншігінде 406,2 км аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 190,5 км асфальтты, 151,7 км қиыршық ­тасты және 54 км топырақты жолдар.
Жалпы 2020 жылы аудандық маңыздағы және ішкі көше жолдарын жөндеуге барлығы 2934 миллион теңге бөлінген. Жоба аясында барлығы 117 адам уақытша жұмыспен қамтылған. Соның нәтижесінде көптеген жұмыс атқарылып, бірнеше көшенің асфальтталғанын көз көрді.
Хабарламашы «Әйтеке би – Басықара аудандық маңыздағы автомобиль жолының 22,1 км орналасқан темір бетонды көпірді қайта жаңғыртуға байланысты жоба сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, 2021 жылға жобаны жүзеге асыру үшін 264,0 миллион теңге қаржы қажет ететінін айтты.
Басшыға ендігі жерде «Қазалы – Қожабақы – Бөзкөл – Кәукей» автомобиль жолдарының 45-76 шақырымын жөндеуге қажетті қаражаттың толық бөлініп, жұмыстың сапалы орындалуын қадағалау және «Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстарына республикалық, облыстық бюджеттерден бөлінген қаржының уақытылы игерілуін қамтамасыз ету және өзгеде тиісті жұмыстар тапсырылды.
Үшінші болып аудандық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Әділбек Сарабеков сөз алды. Ол аудандық мәслихаттың «Өндірістік салалары, ауылшаруашылығы, экология, табиғат ресурстарын пайдалану» жөніндегі тұрақты комиссия турасында баяндама жасады.
Мәлімдеуінше, 2020 жылдың 2 маусымында комиссия отырысында «Аудандық ветериналық станцияның атқарған жұмыстары туралы» және 18 қыркүйек күні «Аудан көлемінде әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға дайындығы туралы» қозғалған. Бүгінгі отырыста сөз етілген жұмыстар оң шешімін тауып, ары қарай жалғасатыны айтылды.
Төртінші түйткілге қатысты «Қазалы ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ахметулла Аманов «2020 – 2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Қазалы аудандық мәслихатының 2019 жылғы 24 желтоқсанындағы №341 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайын қозғады.
Оның айтуынша, республикалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен барлығы 594353,0 мың теңге нысаналы трансфеттер бөлініп, мемлекеттік сатып алулардан үнемделген 709991,8 мың теңге жоғары тұрған бюджеттерге қайтарылған.
Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әліби Берікұлы Қызылорда облыстық ономастикалық комиссиясының қарауына Ұлы Отан соғысының азаматы, Бірлік ауылдық округінен Аралбай Бохаевқа және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан Ғ.Мұратбаев ауылдық округінен Жұмаш Әбенге көше атауын беруге байланысты бірлескен шешім қабылдауды сұрады. Бұл сессиядағы бесінші және алтыншы мәселелер.
Жетінші болып хабарлама жасаған Қазалы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Бектұр Қали учаскелік сайлау комиссиясының кейбір мүшесін өз міндетін атқарудан босату және аудандық мәслихаттың төрағасын сайлау туралы айтты.
Мұнан соң аудандық мәслихаттың келесі сессиясы туралы сөз қозғалды. Түскен ұсыныстың нәтижесінде бірауыздан келісім жасап, №4 В.Счастнов сайлау округінен сайланған аудандық мәслихат депутаты Арғын Орымбаев сайланды.
Басқосу барысында аудандық мәслихат хатшысы К.Назымбеков, аудандық мәслихат депутаттары Қ.Әлімбай, Ә.Сарабеков, Ғ.Әліш хабарламашыларға сұрақты қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Отырыс соңында қаралған мәселелерге тиісті шешім шығарылды.
Айта кетейік, сессия алдында тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өткізілді.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
14 қазан 2020 ж. 332 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930