Жол-көлік оқиғасы неге жиілеп кетті?
Халық саны 80 мыңға жуықтаған Қазалы ауданында жолда жүру мәдениеті әлі қалыптаса қойған жоқ. Өйткені кент аумағындағы кез келген көшеден адамдар мен көліктердің қатар жүргенін оңай байқауға болады. Бұған тұрғындар кінәлі дерсіз. Темір тұлпарларға арналып салынған асфальтта жаяу жүргіншілердің жағаласа жүруі әсіресе, көлік жүргізушілердің шамына қаттырақ тиеді. Бірақ жаяу жүруге жол қарастырылмаған болса көлігі жоқтардың жазығы не? Әсіресе жауынды күндері иленген батпақтан қашып, көлік қатынасын амалсыз қиындататын жолсыздардың мұңы бөлек. Осы уақытқа дейін тротуар мәселесі әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде сан мәрте қозғалып жүрсе де жаяулар жолының санын көбейтуге құзырлылар неге құлықсыз?
Биыл аудан бойынша жол жөндеуге қыруар қаржы бөлінгенін білеміз. Кенттің өзінде 28 көше жөндеуден өтіп, 19 көше толықтай асфальтталатыны айтылды. Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы бұл шаруаның сапасы тікелей бақылауда болатынын жеткізген еді. Бақылау бар жерде тиянақтылық болатыны түсінікті. Дәл осы жылы салынған, әсіресе “Қазалы Жолшы” мекемесі қолға алған көшелердің құрылысына жұрт дән риза. Төселген асфальттің қалыңдығы, тегістігі мен төзімділігі көзге анық көрінеді. Бұлардың арасынан Ә.Тыныбаев, Р.Бағланова, Жалаңтөс баһадүр мен Жанқожа батыр есімі берілген көшедегі жолдың жөнделу барысын ерекше атап өту керек. Сондай-ақ қатарласа түнгі жарықшамдар орнату ісі баяу болса да, қолға алынған. Аталған көшелерде бұрын қадам сайын сүрініп жүретін көліктер қазір жүйткіп өтеді. Кент жұртшылығын алаңдатып отырған мәселе де осы.
Айта кетейік, биыл Әйтеке би кентін абаттандыру үшін бюджеттен 130 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның 12 миллионнан астамы аудан әкімдігі ғимаратының алдын, яғни Әйтеке би ескерткішінің аумағын көркейтуге бағытталған. Кент әкімдігіндегілер қомақты қаржының тағы бір негізгі мақсаты көше бойындағы жол белгілерін жаңарту, орнату және жаяу жүргіншілер жолын салуға бағытталғанын мәлім еткен. Алайда биыл көшенің басынан аяғына дейін көзді ашып-жұмғанша жетуге болатын Жанәділов көшесінен басқа көшелерге тротуар салу жоспарда жоқ екенін жеткізді. Мұны аудан атқамінерлерінің мемлекеттің басты байлығы – адам өміріне селқос қарауымен байланыстыруға әбден болады. Адам өмірі дегеннен шығады, өткен екі айдың ішінде ауданда жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қайтыс болды. Өкініштісі, екеуі де кәмелет жасына толмаған, ата-анасының алақанда аялап отырған балалары. Есік алдында XXI ғасыр тұрғанын, жалпылама инфрақұрылымның дамып келе жатқанын айқайлап айтып жүргенде екі бүлдіршіннің көлік астында қалғаны реттелмеген біраз былықтың бетін ашып тастағандай көрінді. Өйткені жол белгілерінің жеткіліксіздігі мен тротуардың жоқтығы да қайғылы оқиғаның орын алмауына себеп болғанына ешкім дауласа қоймас. Қапияда балалардың мезгілсіз көз жұмуына себепкер болғандар да жазасыз қалмайтыны анық. Бұл жайында аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Ғани Құрманәлиев айтып берді.
– Маусым айының алтысы күні Ә.Тыныбаев көшесінде жылдамдықты шамадан тыс асырған көлік 10 сынып оқитын Шымкент қаласының тумасын қағып кетіп, нәтижесінде адам өлімі тіркелді. Осыған ұқсас жайт шілде айының 25-і күні Т.Рысқұлов көшесінде тіркелді. Қайғылы оқиға үстінде мектеп жасындағы бүлдіршін қаза тапты. Аталған жағдай бойынша адам өліміне кінәлілер абақтыға жабылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр, – деді ол.
Адам өлімі тіркелген оқиға орын алған Ә.Тыныбаев көшесі кент орталығына жақын орналасқан. Ойланған жан ең құрығанда осы жолда цивилизация болуы керек деп есептейтіні анық. Ал аталған көше тұрғындары “осындай қайғылы оқиға орын алмай тұрып қауіпсіздік қамтамасыз етілсе бәрі басқаша болар ма еді?” деседі. Осы көшеде біраз жылдан бері тұратын қаржы саласының ардагері Кемал Көпжасар да сапалы жолда сақтық шаралары қарастырылмағанына наразылығын жасырмады.
– Жолдың жөнделгені жақсы. Оның сапасына айтар мініміз жоқ. Десек те балаларымызбен өзіміз үшін алаңдаймыз. Өйткені теп-тегіс көше бойымен көліктер жарыса жүреді. Жылдамдықты шамадан тыс асырады. Нәтижесінде кеше ғана пайдалануға берілген көшеде адам өлімі кезігіп, жұртшылық жанын жабырқатты. Мұндай жағдай орын алуы мүмкін екенін бәріміздің ішіміз сезетін. Олай дейтінім ешқандай көше белгілері орнатылмаған, жаяу жүргіншілер жолы белгіленбеген. Тіпті мүмкіндігіне қарай көше сайын жасанды кедергілер қойса да артық емес. Қалай десек те адам тағдырына жеңіл-желпі қарамаған дұрыс, – дейді ол.
Зейнеткер бұл жайында бұрынғы кент әкіміне арнайы барып, алаңдаушылығын жеткізгенін де алға тартты.
– Осы көшеде қыз баланы көлік қағып кеткен күні сол тұстағы кент әкімінің қабылдауына бардым. Бұндай жағдай тағы қайталануы мүмкін екенін, жол белгілерін қоюды жедел қолға алса деген тұрғындардың талап-тілегін жеткіздім. Бірақ ондағылар аталған көшенің кент әкімшілігі балансына алынбағанын айтты. Әлі күнге дейін бұл мәселе кенжелеп тұр, – деді К.Көпжасар.
Ауданда “Жол картасы” бағдарламасы аясында ауқымды жобалар іске асып жатқаны мәлім. Оның біршамасы қазірдің өзінде аяқталып, ел игілігіне берілген. Әттеген-айы сол, кейбір жобалар қолға алынғанда оған қосымша, маңызы жоғары істер кейінге қалып жатады. Жол салу жұмыстары аяқталып, тротуар мен жол белгілерінің кешірек назарға алынуы да соған ұқсас. Өкініштісі, енді жол белгілерін есепсіз орнатса да өлгендер қайтып келмейді. Ал құзырлылар кеткен қателіктердің келешек қайталанбауын мықтап ескереді деп сенеміз.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ