Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дер кезінде ашылған дәріхана

Дер кезінде ашылған дәріхана

Қазіргідей қысылтаяң шақта Қазалы қаласы тұрғындары қуанышты жаңалық естіп алаң көңілдеріне сәл де болса медет ұялады. Бұған дейін екі дәріхана халыққа қызмет көрсетсе енді олардың қатары толықты. Әсіресе қаланың шеткі аймағында тұратын жандар дән риза. Жуырда ғана ашылған «Драцена» дәріханасына келушілердің қарасы қалың. Қырық жылға жуық еңбек өтілі бар фармацевт Күнжамал Бисалиева тұтынушыларға дәріні босатып қана қоймай, білгенімен бөлісе тұрғанды жөн санайды.
Дер кезінде ашылған дәріханаға біз де бас сұқтық. Мұнтаздай тап-таза бөлме, жинақы сөрелер, реттілікпен орналастырылған дәрі-дәрмектер бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Сәлемімізді күлімсірей қабыл алған Күнжамал апа келген мақсатымызды білген сәтте ағынан жарылды. Әңгіме ауанынан байқағанымыз апайдың немересі Айгерім Ақбай кәсіпкерлік саласына бет бұрып, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы білім алыпты. Жігерлі жас бизнес жоспарын дайындап, оны мамандар алдында қорғап шығады. Ойға алған ісі сәтін салып, қолдау тапқан соң мемлекеттік бағдарлама арқылы несиеге қол жеткізген. Нәтижесінде Қазалы қаласынан дәріхана ашып, кәсібін бастап кетті. Айгерім өзі де фармацевт мамандығын меңгеруде. Алайда әжесінен үйренері көп екенін жақсы біледі.
Қырық жылға жуық осы салада еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан Күнжамал Бисалиева Қызылорда қаласындағы медициналық училищеде білім алған. Әйтеке би кентіндегі «Мерей» дәріханасында еңбек еткен. Жолдасы Шәкизада Ақбаевтың қызмет бабымен Қазалы қаласына көшіп келген соң осындағы «Баян» дәріханасында жұмыс істеді. Отбасында бес бала тәрбиелеп, өсірген ата-ана халыққа адал қызмет ету адамдық парыз дегенді ұрпағының құлағына құйып келеді. Қыздарының төртеуі мұғалім болса, біреуі есепші.
– Шүкір, халық ризашылықтарын айтып, алғыс білдіруде. Әр келген жанға қажет еткен дәрісін тауып беруге тырысамыз. Жоқ болып қалған дәрі-дәрмектерді дереу жазып алып, тапсырыс береміз. Дәрілер келісімшарт арқылы еліміздің үлкен қалаларындағы «Зерде», «Ақниет», «Аманат» ЖШС-нен жеткізіледі, – дейді Күнжамал апа.
Бұл ретте оған қызы Гүлбану көмектеседі. Есепші мамандығын игерген ол бухгалтерлік жұмыстың қыр-сырын жақсы меңгерген.
– Анамызға дәріхана ашып беру біраз уақыттан бергі арманымыз еді. Оны қалай жүзеге асырсақ болады деп көп ойландық. Сөйтіп жүргенде қызым Айгерім кәсіпкерлікке бет бұрып, Қазалы қаласынан дәріхана ашсақ деген ойын жеткізді. Бәріміз бірден құптап, қолдадық. Арнайы білім алып, қалай бизнес бастауға болатынын жан-жақты меңгерген соң тәуекелге бел будық, – деген Гүлбану Шәкизадақызы жас кәсіпкердің алда талай жоспары барын тілге тиек етті.
Отбасылық кәсіп иелерінің ендігі мақсаты – дәрі-дәрмек түрін молайтып, жұмысты жандандыру. Халыққа қолдан келгенше қызмет етуге әзір. «Батаменен ел көгерер» деген тәмсілді ұстанған жандар адамнан алған алғыс кәсіптің берекесін артырарына бек сенімді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
16 шілде 2020 ж. 1 656 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031