Шаттық құшағындағы шаңырақ

Аудан көлемінде егіздер көп дүниеге келетіндіктен Ү.Түктібаев атындағы ауылды жұрт осылай атап кеткен. Өткен айда ауыл тұрғындары Қуаныш Алтынбаев пен Әйгерім Махамбетжанова елді мекенде дәстүрге айналған үрдісті қайта жаңартып, дүниеге үшем алып келді. Оларға құтты болсын айта келген аудан басшысы берекесі келіскен отбасыға сый-сияпат көрсетуді де ұмытқан жоқ.
– Үшемнің дүниеге келуі – біз үшін үлкен қуаныш. Әр кішкентайдың өзінің ризығы, несібесі болады. Өмірге жаңа келген сәбилі шаңыраққа ерекше бір мейірімділіктің нұры түседі. Бейбіт елдің ақ көгершіні болып дүние есігін ашқан бөбектердің бауы берік болсын. Қартайғанда өздеріңізге мейірім көздерімен қарасатын қайырлы ұл-қыз, келешек ел тізгінін ұстайтын азаматтар болып өсе берсін!– деді М.Нәлхожаұлы.
Әйгерім жұбайы Қуанышпен бірге бұған дейін Тоғжан, Ақтілек, Ғани, Әлия және Жайна атты бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Жақында олардың қатары Айғаным, Айғант, Асылым атты үш нәрестемен толықты. Отағасы Қуаныштың анасы Кәмпит Алтынбай да өмірге 11 бала әкелгенін айта кеткен жөн. Ағасы да бұған дейін егіз балаға әке атанған. Соған қарап бұл қан арқылы берілетін қасиет, ерекшелік пе деп қаласың?!
Бұдан соң үшемдердің әкесі аудан басшысына ризашылығын жеткізді. Жұрт үшін жасап жатқан жұмысы арасында уақыт тауып, жылы лебізін білдіргені отбасы үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.
– Әрине бала – Құдайдың берген сыйы. Өйткені дүниеге сәби келгенде отбасымызға қуаныш қатар кірді. Амандық болса балаларым үлкен азамат болып, туған жері, Отаны үшін аянбай қызмет ететін, еліміздің одан әрі дамуына өз үлесін қосатын тұлға болып өсуіне барымызды саламыз. Сізге, арнайы келіп, қуанышымызбен бөліскеніңіз үшін көп рақмет. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген осындайдан кейін айтылса керек. Еңбегіңізге табыс, елімізге амандық тілеймін, – деп ағынан жарылды Қуаныш.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ