Ауылдарға ғаламтор желісі жүргізіледі

Министрлік ҚазАқпарат жолдаған сауалға 2020 жылдың соңына қарай тұрғын саны 250 және одан асатын халқы бар елді мекенде 3G және 4G ұялы байланыс желілерін салу жобасын жариялады. Оның аясында 928 ауылдағы 600 мыңнан астам тұрғынды интернетке ұтқыр кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ететін болады. Бұл елдегі халық санының 3,3 процентін құрайды. Министрліктегілер аталған тізім ҚР-ның әкімшілік-аумақтық объектілерінің жіктеуші, облыс әкімдіктерінің халық саны бойынша деректері және байланыс операторларының Қазақстанның әрбір елді мекенінің байланыс қызметтерімен қамтылуы бойынша деректері негізінде қалыптастырылғанын жеткізді.
Өңір бойынша басты назар Арал ауданына түскен. Онда жиырмаға жуық елді мекен тұрғыны ағымдағы жылы интернетке қол жеткізеді. Сонымен бірге Жаңақорған, Қармақшы, Шиелі аудандарындағы ауыл адамдарының өтініші назарға алынған. Бұдан бөлек Қазалы ауданына қарасты төрт ауылдық округ келер жылдан бастап ғаламторды еркін пайдаланатын болады. Тізімге іліккен Аранды, Сарбұлақ, Лақалы, Шәкен елді мекендерінде жалпы саны 2 мыңға жуық адам тұратынын ескерсек, бұл ауылдағы ағайын үшін сүйінші жаңалықпен пара-пар. Тек құрылыс жұмысы жүрген кезде округ аумағындағы шағын қоныстар толығымен қамтылып, ғаламтор жылдамдығы талапқа сай келуі бақылауда болса мақұл.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ