Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды
Бейсенбі күнгі есеп беру кездесу Қазалы қаласында аяқталды. Есеп беру кездесуде тұрғындар әкімдердің есебін тыңдап қана қоймай, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Қаладағы мәдениет үйінде өткен басқосуда Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындар алдында 2019 жылы атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды.
– Бүгінгі күні ауданда тұрғын үйге мұқтаж 1000-нан астам азамат кезекте тұр. Олардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағында 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп қабатты тұрғын үй салынып, халыққа берілді.
Аудан көлеміндегі көне мекеме ғимараттарды бұзбай, баспанасыз жүрген тұрғындарға беру жағын қарастырдық. 2019 жылы кенттегі №204 мектептің көне ғимаратын жатақханаға бейімдедік. Оған тұрғын үйге мұқтаж 39 отбасын жатақхана ретінде орналастырдық. Бұған дейін аудандық аурухананың ғимаратын жөндеп, 42 отбасына берген едік. Алдағы уақытта жаңа тұрғын үйлер салу үшін жоба дайындап, қаржыландыруға ұсынып қойдық, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, Мұрат Нәлхожаұлы өткен жылы Сырдария өзенінің арғы бетінде тұратын тұрғындардың күнделікті өмірінде маңызы бар «Әлсейіт» көпірінің пайдалануға берілгенін де тілге тиек етті.
Амандық болса «Қарлаң» учаскесіне де темір бетон көпір салынатын күн де алыс емес. Қазіргі таңда көпір салу үшін техникалық-экономикалық негіздемелері есептеліп, сараптамадан өткізілді.
Қазалы қаласының тұрғындары көтеріп келе жатқан мәселенің бірі – қалаға газ тарту мәселесі болатын. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Құрылыс жұмыстарына қаржы бөлуге республикалық бюджетке ұсыным берілді.
Еркін форматта өткен кездесуде сұрақ қойған тұрғындардың қарасы қалың болды. Олар негізінен, қалаға газ әкелу, көшелерді жөндеу, электр желісін тарту сияқты көптеген мәселелерді көтерді. Аудан басшысы әрбір сұрақты мұқият тыңдап, тиісті сала мамандарына тапсырма берді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі