Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілшілер танымын арттырған семинар

Тілшілер танымын арттырған семинар

Бейсенбі күні Қазалы ауданында “Мультимедиялық лонгрид: жаңа медиадағы қызықтыру алгоритмі” атты аймақ журналистерінің басын қосқан көшпелі семинар өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары нарығының бәсекеге қабілеттілігін дамыту мәселесіне бағытталған басқосуға «Сыр медиа» ЖШС басшылық құрамы, серіктестікке қарасты облыстық, қалалық, аудандық газет редакторлары мен жауапты мамандары қатысты.

Қазалыда жиналған қаламгерлер қауымын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қабылдады. Аудан басшысы семинарда да құттықтау сөз сөйледі.
– Ақпарат айдынына өзіндік өрнегі, айтар ойы, мазмұнды мақалаларымен қосылған «Қазалы» газеті бүгінде жергілікті басылым ғана емес, аудан айнасына айналып отыр.

Осындай газеттің 10 жылдық мерейтойымен қатар келіп отырған семинарларыңыздың ісіне сәттілік тілеймін.

Сіздерге қай кезде де артылар жүк жоғары. Осы жолда еткен еңбектеріңіз еленіп, қаламдарыңыз мұқалмай, медиа саласындағы серпінді қадамдарыңызбен сыр жұртын сүйсіндіре беріңіздер!

– деген Мұрат Нәлхожаұлы газеттің бір топ қызметкерлері мен белсенді авторларын аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Семинар тізгіншісі, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев жоспарлы жиын журналистердің кәсіби тұрғыдан шыңдалуына, заманауи медианы тәжірибе жүзінде жетік меңгеруіне мүмкіндік беретінін жеткізіп, бұл бағытта жаңашылдыққа бой алдырып, уақыт талабына ілесудің ұтымды тұстары туралы мәлімдеді.

Аманжол Сақыпұлы бүгінгі таңда бір орталыққа топтасу арқылы жұмыс жүргізіп отырған іргелі ұжымның ілкімді істерін, бірігу барысында мүмкіндіктің молайғанын тәжірибе көрсетіп отырғанын айтты.

Алғашқы болып хабарлама жасаған «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев басылымның іс-тәжірбесіндегі артықшылық пен мәселелер жайын атап өтті. Ол өз сөзінде газет пен сайт жұмысын қатар алып жүрудегі тәжірибесін ортаға салып, ұйымдастыру жұмыстарындағы алдын-ала жоспарлау ісінің тиімділігін тілге тиек етті.

Мультимедияның ақпарат¬тық кеңістіктегі орны туралы тақырыпты қаузаған «Жаңа-қорған тынысы» газетінің бас редакторы Нұрлат Байгенже сала мамандарын мультимедиялық журналистика бағытына бейімдеудің маңыздылығын алға тартты. Сұранысқа сай журналистің өзі суретке түсіріп, қысқа әрі нұсқа ақпарат әзірлеп, сайтқа орналастырып, фоторепортаж жасап, слайд дайындап әмбебап маман болуы тиімді әрі үнемді екендігін мысалдармен жеткізді.

«Сыр медиа» академиясының үйлестірушісі Айжан Абдуллаева әзірлеген «Мультимедиалық лонгрид: жаңа заманғы қызықтыру алгоритмі» тақырыбындағы хабарлармасы көпші¬лікті қызықтырды.

Семинардың спикері бүгінде кең ауқымға айналып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан «лонгрид» форматының ұтымды тұстары мен нақтылығы туралы жан-жақты ой қозғады.

Цифрлы дәуірде тек қағаз түрінде басылып, белгілі бір аумаққа таралатын ақпараттық газет шығарумен бірге әлеуметтік желі қызметін қолданудың маңызы зор. Бұл мақсатта электронды газет жұмысын жүргізуді жолға қойған серіктестік тілшілерінің жұмысымен қазірде көптеген желі пайдаланушылары таныс. Материалдың таралу әдісі трансформацияланған түріндегі конвергент, контентті оқырманның әралуан тобына ұсынудың тиімді жолдары жайын «Kyzylorda-news.kz» интернет-газетінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаев айтты. Сайт ісіндегі SMM жұмысын дамыту туралы серіктестіктің бас директорының орынбасары Дәурен Омаров мәлім етті.

Тыңдаушылар теориялық дәріс алумен шектелмей, оны тәжірибеде пайдалану жолдарын ұғынып, біліктіліктерін арттырып, онлайн медиа, смартфондарды журналистикада тиімді пайдалану, аудио-бейне файлдарды, суреттерді өңдеу, PR жаңалықтары, стильдік ерекшелік бойынша тәжірибе алмасып, пікірлерін толыстырды.

Семинарға келушілер «Қазалы» газетінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға қатысып, аудан орталығындағы Жанқожа батыр кесенесіне зиярат етті. Сондай-ақ бұл күні орта ғасырлық Жанкент шаһарына жасалған рухани саяхат та көпшілік көңілінен шықты.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
05 қазан 2019 ж. 769 0