Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Допинг қолданғандар қаржы мен үйден қағылмақ

Допинг қолданғандар қаржы мен үйден қағылмақ

ҚР Парламенті Мәжілісінде «ҚР Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының екінші тыңдалымы өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған заң туралы мәжілістегілер мән-жайды жан-жақты қарап, ҚР Парламенті Сенатының қарауына жолады. Қолданыстағы дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру, допингке қарсы ережелерді қатаңдату, Ұлттық Допингке қарсы орталықтың мәртебесін көтеруді мақсат тұтқан заң күшіне енсе, допинг қолданған, оны қолдануға мәжбүрлеген тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілік күшеймек. Заңнамада оның көлемі 200 айлық есептік көрсеткішті құрайды делінген.

Сондай-ақ допингті қолданғаны үшін жарыстан шеттету, жарыстың жойылған нәтижесі үшін ақшалай ынталандыруды қайтарып алу, спортшылар мен бапкерлерге өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру төлемінен айыру, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшелеріне олардың халықаралық спорттық жарыстарда спорттық жарақаттар алуы және мертігуі кезінде өтемақы төлемдерінен, спорттық атағынан, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне арналған тұрғын үйден айыру, спортшыларды, бапкерлерді спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан шығарып тастау көзделген.

Бүгінгі таңда ҚР қолданыстағы «Дене шынықтыру және спорт туралы заңында» Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған спортшылардың меншігіне үш бөлмелі, күміс медаль алған спортшыға екі бөлмелі, қола медаль иегеріне бір бөлмелі пәтер беру қарастырылған.

Заң көрсеткен тағы бір қарар Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне баспананы 10 жыл мерзіміне дейін жалға беру ұсынылған. Осы мерзім ішінде оны құқық меншік иелегіне аударуға жол берілмейді. Бұл допинг-тестердің сақталу мерзімі 10 жыл уақытты негізге алады. Аталмыш уақыт аралығында сараптама құрамынан допинг табылмаса, баспана спортшы меншігіне өтеді. Егер чемпиондар өмірден өткен жағдайда, допинг нәтижесінің оң не терістігіне қарамастан, спортшы мұрагерлерінің атына баспана қайтарымсыз негізде беріледі делінген.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
18 қыркүйек 2019 ж. 1 523 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930