Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылының жаңалығы

Жаңа оқу жылының жаңалығы

Бас қала төрінде биыл да білім саласы қызметкерлерінің басын қосқан маңызды жиын – дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Мемлекет басшысы «Bіlіm jáne Ǵylym!» тақырыбындағы тамыз конференциясына қатысты. Шарада Қазақстанның барлық өңірінен келген мұғалімдер, оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері төбе көрсетті. Шәкірті дара келіп, топтан озған, ғылымға лайықты үлес қосқан бір топ ұстаз марапат биігінен көрінді. Мәслихаттың маңызы бұл ғана емес, жаңа оқу жылындағы орын алатын өзгерістер.

Қасым-Жомарт Тоқаев тақырыпқа орай ағарту саласы мамандарына өз сөзін бағыттады.
– Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет.
Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет, – деп жаңа буынды тәрбиелеудегі ұстаздар рөліне тоқталған ел басшысы халықтық педагогиканың адам өміріне маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
Президент ұсынған басты талап – жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуына тек білім арқылы иек артып, жетістікке жету жолында Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдықтан арылуға шақыру болды.
Мұғалімдердің біліктілігін бағалауды жүзеге асырудағы сыңаржақтылық пен олардың жұмыстан тыс іс-шараларға тартылуына сыни көзқарасын анық білдірді. Президент пікірінше, бұл жағдайлар білім сапасына кедергісін келітірер бірден-бір жайт. Бұл мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысы Үкіметке шұғыл, нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Бұл күні мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу жүйесінің сапасын арттыру жайы да назардан тыс қалған жоқ. «Жасында жиған ілімің тасқа жазған хатпен тең» деген халық нақылы өмірлік аксиома екенін көрсетсе, аталмыш жайға бейжай қарау, ертеңге деген салғыттық салдарына апарары сөзсіз. Мәслихатта осы және орта білім беруді одан әрі дамыту стратегиясын айқындау жөнінде шаралар қабылдау міндеттелді.
«Әлем елдерінің 60 процентінде мектепте білім беру 6 жастан басталады, яғни мұндай жүйе баланың зияткерлік және әлеуметтік жағынан ертерек дамуына оң ықпал етеді. Үкіметке Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы аясында 12-жылдық білім беру моделіне біртіндеп, жоспарлы негізде көшуді қамтамасыз етуді тапсырамын», – деп атап өтті.
Сонымен бірге «Жас маман» жобасының одан әрі қанат жаюы, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамыту жұмысын пысықтау, сондай-ақ үш ауысымды және шағын комплектілі мектептер мәселесін шешу қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Көпті дүдәмал еткен тағы бір жайдың түйінін Қасым-Жомарт Тоқаев тарқатты.
Білім және ғылым министрлігіне үштілді оқыту жүйесін енгізуді қайта қарауды ұсынды. «Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Сондықтан, ағылшын тілін оқытуды 2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын», – деді сөзінде.
Ынталандыру – ілгерілеуге ықпал етеді. Бұл бағытта Мемлекет басшысы мұғалімдер жалақысының мөлшерін арттырудың кезек күтпейтін жайт екендігімен бөлісті.
«Бұл саладағы еңбекақы ең төмен жалақылардың қатарында, яғни ел экономикасы бойынша орташа жалақының 65 процентін құрайды. Білім беру жүйесіне білікті кадрларды тарту мақсатында Үкіметке төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын 2 есе көбейтуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Барлық білім беру бағдарламалары мен стандарттарын бір деңгейде әзірлеп, қала және ауыл балаларының
білім деңгейіндегі алшақтықтарды жоюды және тұрғылықты жері мен ата-аналарының әлеуметтік жағдайына қарамастан балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беріледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұны қатаң тапсырды.
Жаңашылдық тек жаңалыққа бой ұрумен келеді. Бұл жолда «Жеті түрлі ілім білетін» жан-жақты ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті ғана емес, ел ертеңінің алғышарты. Бұл орайда Президент ғылымды одан әрі институционалды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін алға тартты.
Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі мұғалім мәртебесін арттырып қана қоймай, баянды болашаққа бағыт алған жастар үшін ұлағатты ұсыным болды. Себебі дамудың ең биік шыңы – білімде екенін бүгінгі толқын жақсы біледі.

Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ

20 тамыз 2019 ж. 706 0