Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балықшылар тойы

Балықшылар тойы

Қашаннан балығы тайдай тулаған Арал теңізі – су маржанымен талай ұрпақты аман сақтап қалған қасиетті мекен. Теңіздің суы тартылып, жергілікті жұрт туған жерін тастауға мәжбүр болғанда мемлекет игі шараны қолға алып, ата кәсіптің іркіліссіз ілгерілеуіне өз үлесін қосты. Балықшылар да берекелі істің басынан табылып, егемен ел экономикасының дамуына, халық тұрмысының оңалуына, әл-ауқатының жақсаруына еңбек сіңірді. Қайтқан судың қайырын сезінген олар жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған аязы, табиғаттың түрлі құбылыстарына тосырқамай, қиындығы мол жұмысқа табандылықпен атсалысты.

Аймақта Арал өңірі балықшыларының слеті 2015 жылдан бастап өткізіліп келеді. Дәстүрлі биылғы жиын балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің ресми бекітілуіне орайлас­тырылды. Саланың республикалық және халықаралық ұйымдары өкілдері, сондай-ақ Ақтөбе мен Түркістан облыстарының делегациялары келген шараға 500-ге жуық адам қатысты.

12-13 шілде аралығында өткен слет “Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы” ЖШС Арал филиалы базасында болған “Тауарлық балық шаруашылықтарын дамытудың мүмкіндіктері” атты ғылыми-практикалық конференциядан бастау алды.

Конференцияда облыстың балық шар­уа­шылығы саласындағы жетістік­тер баяндалып, алдағы жоспарларға ден қойылды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов пен Қазақ КСР балық шаруашылығының экс-министрі, Мемлекет және қоғам қайраткері, Құдайберген Саржанов сөз сөйледі.

Балық шаруашылығының майталман мамандары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арал теңізіне көңіл бөлгені өздерін қанаттандаратынын жеткізіп, Арал қасіретіне әлемнің назарын аударатын мұндай жанды жұмыстардың аналогы жоқтығын айтты.
Екінші күні слетке қатысушылар балық өнімдері көрмесімен және аймақтың балық шаруашылығының даму тарихынан сыр шертетін жәдігермен танысып, саланың үздіктері мен ардагерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.

Балықшы қауымды ресми бекітілген Балық шаруашылығы қызметкерлері күні – кәсіби мерекесімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Намаев облыстағы балық шаруашылығының дамуы жайын мәлімдеді.

Кеңес заманында өңірдегі Арал, Қазалы аудандарынан шыққан Кеңес Ода­ғының батыры, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты көшін жалғаған дала даңғайырлары жетерлік. Теңіз дауылына желкенін жықпай, өмір соқпағына мойымай, ата кәсіпті жалғастырып жүрген балықшылар легі осының айғағы екенін атаған облыс әкімінің орынбасары бұл жолда нарықтық экономикаға ілесіп, балықшылардың басын біріктіріп, ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегіне тоқталды. Олардың қатарында әрқайсысы жүздеген жұмыс орнын ашып, өнімдерін алыс-жақын шетелдерге шығарып, облыс экономикасына қомақты үлесін қосып отырған Нұрбек Әйімбетов, Аманбай Ерхатов, Төребек Игіліков, Батырхан Пірекеев, Табын Аленов, Шүкірбай Абдуалиев, Ақылбек Байқошқаров, Сәрсенбай Қошқарбаев сияқты елге танымал кәсіпкерлер бар екенін айтты.

Шарада балық ісінің қарқынды дамуына аянбай атсалысқан сала мамандарына төсбелгі, сондай-ақ түрлі номинация бойынша бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Қазалы ауданынан арнайы шақы­рылған «Мақсатбаев» шаруа қожа­лығының төрағасы Темірхан Мақсатбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын, Төребек Игіліков Ауыл шаруашылығы саласының үздігі төсбелгісін, сала ардагері Жаңбырбай Қуатбаев ҚР Ауыл шаруашылығы саласының еңбек ардагері медаліне ие болды.

Жеке кәсіпкер Талғат Кеңесбай, «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балық маманы Бақберген Нұғыман облыс әкімінің, ЖК «Игіліков», «Бақыт» шаруа қожалығы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» Ал­ғы­сын алды. Төребек Жұмабекұлы «Балық шаруашылығы ғылыми-өнді­рістік орталығының» 90 жылдық төс­белгісін тағынды. Жеке кәсіпкер Талғат Кемал, балық өңдеуші Дина Әбдіразаққызы ҚР Ауыл шаруашылығы қыз­меткерлері салалық кәсіподағы қоғам­дық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Жеке кәсіпкер Серік Кенжалиев «Балық шаруашылықтарының қауым­дастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің марапатына ұсынылса, «СПК Қызылорда Балық» ЖШС бригадирі Бақытбек Ерхатов «Үздік балық аулайтын бригада» номинациясын иемденді.

Салтанатты шарада «Арал – тектіліктің тұраны, тұңғиық теңіз тұрағы» атты көл үстіндегі театрландырылған қойылым, аудан өнерпаздары әзірлеген бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

Айта кетерлігі, Қызылорда облысы республикада балық шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. 2019 жылдың 6 айында облыс бойынша 2397 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 53 миллион теңге қаржы түсірген. Бүгінде облыс бойынша жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Олардан балық өнімдерінің 13 түрі шығарылады.
Соңғы бес жылда балық өнімдері экспор­тының көлемі 9 есеге артқан.

2018 жылы облыстан 3804 тонна балық өнімдері экспортталса, осы жылдың 6 айында Ресей, Польша, Голландия, Украина, Əзірбайжан, Қытай елдеріне экспорталған өнім көлемі 2406,5 тоннаны құраған.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА


16 шілде 2019 ж. 1 355 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031