Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр балығына сырттан да сұраныс жоғары

Сыр балығына сырттан да сұраныс жоғары

Сыр елінің атын ақ күрішімен қатар су маржаны әйгілейді. Балығы тайдай тулап, толқыны жағаны ұрған Арал теңізі қайта оралғалы жергілікті жұрт ата кәсіппен қайта қауышты.
Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу (САРАТС) жобасының бірінші кезеңі жемісті болды. Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық нәтижесінде теңізді бөліп тұратын 14 шақырымдық Көкарал бөгеті тұрғызылып, Ақлақ су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, Қараөзек және Әйтек тоспалары қайта жаңғыртылды. Кіші Арал суы бұрынғы жағалауына жетіп, теңіз акваториясы бес есе ұлғайды. Арал ауданында балық шаруашылығы өркен жайды.
Сөзімізге соңғы бес жылдағы статистика дәлел. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы уақыт ішінде облыс аумағында балық аулау көлемі 80%-ке, оның ішінде Кіші Арал теңізінде 70%-ке өсті. 2013-2017 жылдары облыс бойынша барлығы 36 924 тонна (2013 жылы – 6226, 2014 жылы – 6725, 2015 жылы – 8394, 2016 жылы – 7883, 2017 жылы – 7696 тонна) балық ауланды.
Бүгінгі күні 10 шаруашылыққа тауарлы балық өсіру шаруашылығы статусы берілді. Негізінен кәсіпорындарда тұқы тектес және өсімдік қоректі балықтар өсірілуде. Аймақта балық шаруашылығы үшін маңызды 18 учаскеден тұратын Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен 203 су айдыны бар. Балық өңдеумен айналысатын 8 зауыттың жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асады. Аталған зауыттарда 450-500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық өнімдерін экспорттайтын 6 мекеме бар. Олар – жеке кәсіпкер «Игіліков», «Арал сервистік дайындау орталығы», «СПК Қызылорда», «Қуаныш», «Камбала балық» серіктестіктері мен «Жамбыл» өндірістік кооперативі. 4 зауыт европалық сапа стандартына сәйкестігін растайтын «Еврокод» белгісін алған.
– Соңғы 5 жылда балық өнімдері экспортының көлемі 8 есе өсті. 2013-2017 жылдары облыстан барлығы 9908 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. 5 жыл бұрын көрсеткіш 411 тонна болса, былтыр 3400 тоннадан асып түсті. Алыс-жақын шет мемлекеттерге көбіне көксерке балығының сүбесі, қатырылған және мұздатылған балық өнімдері жөнелтіліп жүр, – дейді басқарманың бөлім басшысы Жалғас Ахметов.
Экспорт өнімінің 70 пайызы немесе шамамен 2200 тоннасы – Ресей Федерациясына, 900 тоннадан көбі – Еуропа елдеріне, оның ішінде Дания, Нидерланд, Польша мемлекеттеріне шығарылса, 60 тоннадайы биыл бірінші рет Қытай мемлекетіне жөнелтілді. Арал теңізіндегі ең құнды су маржандарының бірі – көксерке Еуропада ерекше сұранысқа ие. Өйткені оның құрамында қажетті дәрумендер өте көп. Зауытта көксеркенің сүбе еті кесіп алынып, шет елге бөлек экспортталса, қалған бөлігі осында қалдықсыз өңделеді.
Соңғы жылдары балық шаруашылығы үшін маңызды су айдындарына мелиорациялық жұмыстар жүргізуге, яғни каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыс нысандарын жөндеуге, жаңадан салуға облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Мысалы, өткен жылы облыстық бюджеттен 470 млн 308 мың теңге бөлініп, Қазалы ауданындағы Мариям-Ақкөл, Қармақшы ауданындағы Қаракөл, Таскөл, Қоңыраулы көлдей көлдерін сумен қамтамасыз ету және олардың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында мелиорациялық жұмыстар жүргізілді.
– Аталған шаралар биыл да жалғасын табады. Атап айтқанда, Арал ауданындағы Тұщы және Қаракөл көлдерінде балық шаруашылығын дамыту мақсатында жүргізілетін мелиорациялық жұмыстарға 270 млн 157 мың теңге қаржы бөлінді, – дейді Ж.Ахметов.
2017 жылы 30 маусым-1 шілде күндері Арал ауданында Қамбаш көлінің жағасында дәстүрлі Арал өңірі балықшыларының халықаралық үшінші слеті өтті. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының өкілдері, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы, Ресей Федерациясының кәсіпкерлері, Дания мемлекеті мен республиканың Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан делегациялар, сонымен бірге, балық шаруашылығы саласының озаттары мен ардагерлері қатысты.
Ал 30-31 мамырда облыс әкімдігі Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы дирекциясымен бірлесіп Қызылорда қаласында бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумын ұйымдастырды. Форум жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Парламент депутаттары, Қазақстан мен Орта Азия елдерінің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының басшылары, еліміздегі дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, халықаралық ұйым өкілдіктерінің жетекшілері, ғалымдар, сарапшылар және тағы басқалары қатысты. Форумда өзара ынтымақтастық туралы бірқатар келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, шара қорытындысында форумның қарары қабылданып, 26 наурыз Арал теңізінің күні деп жарияланды.
Арал өңірі балықшыларының слетін соңғы үш жылдан бері жыл сайын өткізу дәстүрге айналды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы бұйрығымен шілде айының бірінші жексенбісі балықшылардың кәсіби мерекесі болып бекітілді. Осыған байланысты кезекті төртінші слетті биыл шілде айында өткізу жоспарланып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген САРАТС жобасының жүзеге асырылуы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығын дамытуға жаңа леп әкелгені рас. Енді аймақ халқы ғасырдың ғаламат жобасының жалғасына үлкен үміт артып отыр.
Назерке САНИЯЗОВА
06 ақпан 2018 ж. 2 603 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031