Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз тойы болғанда...

Наурыз тойы болғанда...

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Қазалы ауданының орталығында да бар сән-салтанатымен аталып өтілді. Қ.Пірімов көшесіндегі жағалай тігілген ақшаңқан үйлер ақ шағаладай әсемдігімен алыстан көз тартты.
Бұл күні Әйтеке би кентінің бас көшелерінің бірі саналатын көшеге тұрғындар әдеттегідей көп жиналды. Барлығының жүзінен шаттық, қуаныш, мерекелік көңіл-күй сезіледі. Бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген ақжарма тілектерін ақтарып жатты. Ұлттық киім киген тұрғындар мерекенің ажарын онан әрі айшықтай түсті.
Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған топ Наурыз мерекесіне тігілген қазақы киіз үйлерді аралап, олардың сән-салтанаттарына, дайындықтарына көңіл аударды, «Наурыз көжеден» дәм татты. Қазақтың киіз үйлері жанындағы әрбір ұжымның бесікке салу, беташар бойынша көрсеткен көріністерін тамашалады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Мерекелік шарамызға Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазалы ауданын басқарған аға буын өкілдері де арнайы қатысып отыр. Өз уақыттарында ауданның дамуы үшін аянбай еңбек еткен Жарылқасын Шәріпов бастаған бұл азаматтарға барша тұрғындардың атынан алғысымды білдіремін.
Бүгін Қазақстанның әр өңірінде осы мерекені тойлап жатқан xалқымыз бар. Бұл – бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап, бізге қалдырған аманаты, жақсылық пен келісімнің, жаңа күннің символы. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ- жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған біздің ауданымыз үшін де Наурыздың алар орны айрықша. Ел тәуелсіздігімен бірге қайта түлеп, ұлттық мерекеге айналған әз Наурызға қазалылықтар да шабытты көңіл-күймен, жарқын табыстармен жетіп отыр, – деп атап өтті аудан басшысы.
Аудан әкімі, сондай-ақ, өткен жылы өңірімізде жасалған істер мен биылғы жылы алға қойылып отырған мақсаттарға тоқталды.
– Жыл өткен сайын ауданымыз жаңару үстінде. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, әл-ауқаты артуда. Өткен жылдағы ең басты жаңалық – ауданда апатты мектептер мәселесі шешіліп, 5 мектеп пайдалануға берілді. 18 пәтерлік 6 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 150 орындық аурухананың игілігін көрудесіздер. Енді жаңа аурухана жанынан 250 орындық аудандық емхана салу жоспарымызда бар. Ал оң шешімін тапқан «Әлсейіт» өткеліндегі темірбетон көпірі биыл іске қосылады. Сонымен қатар, биыл аудан орталығынан 600 орындық мәдениет үйінің, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «Шағала» лагерінің құрылысын бастайтын боламыз, – деді ол.
Сөзінің соңында Мұрат Нәлхожаұлы қазалылықтар мен қонақтарды аудан басшылығы атынан Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов та Ұлыстың ұлы күнін тойлауға жиналған көпшіліктің қуанышымен бөлісіп, ақжарма тілегін айтты.
Мұнан соң да мерекелік іс-шаралар легі толассыз жалғасып жатты. Аудан өнерпаздарының орындауында шырқалған әндерді көпшілік үлкен ықыласпен тыңдады. Облыстық филармонияның әншілері мен бишілері де мерекеге өз өнерлерін тарту етті.
Наурыз күнгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қазалылықтар мен ауданымызға келген қонақтардың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Той үстіндегі ұйымдастырылған ұлттық ойындарды тамашалап, ұмытыла бастаған ойын түрлерін өз көздерімен көрді.
Әсіресе, «Жанқожа батыр», «Қожаназар ишан» және «Әли-Муса» мешіттерінің ұйымдастыруымен «Ләңгі тебу», «Қол күресі», «Батпан көтеру» жарыстарына қатысушылардың қарасы қалың болды. Жарыс жеңімпаздарына аудандық орталық мешіттің бас имамы Берік Сүлейменов «Дипломдар» мен ақшалай сыйлықтарын табыстады.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен спорттық ойындар да тартысты өтті. Қазақтың ұлттық ойыны батпан көтеруден Бейбарыс Сұлтанов барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші, үшінші орындарды Руслан Мәдиев пен Бексұлтан Рсалиев өзара бөлісті.
Қазалы спорт клубы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Пайзулла Нәбиевтың ұйымдастыруымен жастар арасындағы асық ойыны бәсекесі де тартысты өтті. Бұл бәсекеде Олжас Ахметов мергендігімен көзге түсіп, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, арқан тарту, қол күрестіру, шоқпарласу ойындары да жоғары деңгейде өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды.
***
Ұлыстың ұлы күні мерекесін Қазалы қаласының халқы «Жастар» алаңында қарсы алды. «Қош келдің, әз-Наурыз» деп аталған театрландырылған қойылым концертті тамашалауға жиналғандар қарасы қалың болды. Мерекеге сай безендірілген сахнаның жанына қараша үйлер тiгiлiп, қазан қайнатылды. Жастар алтыбақан теуіп, арқан тартудан бақ сынады. Асық ойнаған балалар тойдың көркін қыздырды.
Қазалы халқын Ұлыстың ұлы күнi «Наурыз» мерекесiмен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтады.
Сахналық қойылымда Күн-Ана көпшілікке тілегін арнап, Қорқыт баба батасын берді. Қонақтарға наурыз көже ұсынылып, «Наурыз думан» әні орындалды. Қала өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, биші қыздар мың бұрала би биледі.
Дәстүрлі жыр мектебін қалыптастырған сыр сүлейлерінің сарқыты, ұрпақтар жалғасының куәгері іспеттес Әбілқасым Романов, Едіге Айдаров, Әзілхан Мақсатбаевтар сахна төрінде жыр-термені төгілтті.
Бұл күні қазақтың тәрбиелік мәні зор салт- дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, мүше алу рәсімдері орындалды. Мерекелік шарада арқалы айтыс ақындары да ағайынға жыр арнады.
Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеу спорттық ойындарда жеңіске жеткендерге ди-плом мен сый-сыяпаттар табыстады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ,
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ.
27 наурыз 2018 ж. 2 160 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930